Еститін мемлекетте Көлгінов неге естімейді?

  • 07.09.2020
  • Malim Админ

Үш ауысымда оқитын балаларға жаңа мектеп салдыра алмай жүрген астана тұрғындары бүгін кешке қала әкімі Алтай Көлгіновті «жекпе-жекке» шақыратындарын әлеуметтік желіде жариялады.

Тұрғындардың бұған дейінгі шақыруларына «еститін мемлекеттің» бас қаласының әкімі Алтай Сейдірұлы шықпай қойған болатын. Бүгін де келер келмесі белгісіз. Ал тұрғындарда әкімге қояр сұрақ бұрынғыдан көбеймесе азаймаған.

Бұл тартыс BI Group компаниясы Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы жерге 24 қабатты тұрғын үй кешенін салады деген сәттен басталған. Қабанбай-Сығанақ-Сауран-Алматы көшелеріндегі ауданда жалғыз мектеп - №59 лицей ғана бар. Бұл мектепте қазірдің өзінде бір сыныпта 40 оқушы қысылып отыр. Ал жаңадан салынатын кешенде 2 мың пәтер болмақ. Бастапқыда «мектептің ғана жайын айтамыз» деп құрылған белсенді топ бүгінде үкімет қаулысының аяққа тапталған заңсыздықтарын әшкерлеп жүр.

Мамыр айында құрылған осы белсенді топтың жұмысын қалалық және аймақтық жобалау магистрі, Батыс Лондон әкімдігі жобасында тәжірибе жинаған, Астана әкімдігінде, көлік министрлігінде, Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі ұйымдарында жұмыс істеген,  АҚШ, Ұлыбритания, Сауд-Арабиясы, Қазақстанда білім алған сарапшы Олжас БИЛЯЛОВ (суретте) пен белгілі журналист Анар БЕКБАСОВА  Instagram желісінде қорытындылаған екен, сол сұхбатты ықшамдап бергенді жөн көрдік.

  Қазақстанды «Презентациястан» дейді

Белсенді топ мамыр айында жұмысын бастаған сәтте қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов «апта сайын кездесейік, диалогқа дайынбыз» деді. Іс жүзінде ондай болған жоқ. Әдкімдік белсенді топпен зорға дегенде үш отырыс өткізді. Одан кейін есіктерін тарс жауып алды. Сұраған құжаттарды бермеді. Енді байқасақ, шенеуніктер бізге «неге шулайсыңдар? Дамыған елдерде құрылыс тығыздығы біздікінен ары. Советтік ойлаудан кетіңдер. Көздеріңді ашыңдар, өркениетке қараңдар!» дей бастапты. Сіз шетелде жұмыс істедіңіз, білім алдыңыз, тәжірибеңіз бар. Дамыған елдерде біздің шенеуніктер айтқандай ма, тұрғындары риза ма?

­– Жақсы сұрақ. Дамыған елдерде құрылыстың тығыздығы рас, біздікінен де ары. Бірақ, ол жерде қанша жерден қысылысып-сығылысып тұрса да адамға қажеттіліктің бәрін қарастырады, қамтамасыз етеді. Мәселен, күн жарығының түсуі, самал желдің болуы, жасыл-желек саябақтың өсуі, қолайлы көлік құрылымының дұрыстығы, таза экология, санитарлық талаптардың қатаң сақталуы, балаларға білім беретін мектеп пен орталықтардың жеткілікті болуы, тағысы тағы толықтай қамтамасыз етіледі. Ал бізде қала құрылысына келгенде осының бәрі ескерілмей, бір ғана зат – әдемі картина салып қоя салады. Оның өзінде осы әдемі картинаны көшіріп салуды біздегілер шетелден үйреніп алған. Осыны байқағандар кейде бізді  «Қазақстан деген - Презентациястан» дейді.

Расын айтқандай солай. Біз презентация жасауды ғана білеміз. Басқасын ескермейміз. Қала салуда бәрінің есебі болуы керек қой. Жер астынан тартылған жылу құбырынан бастап, жер үстіндегі күн жарығына дейін. Адамдарға ғимараттың әдемілігінен басқа тамақ ішу, бала ойнату, есік алдында қысылмай қыдыру, бала бақша, мектеп, білім үйірмелеріне қол жетімділік керек. Санитарлық, техникалық, көлік қауіпсіздігін айтпағанда. Шетелде мұның бәрін қарастырылған. Оларда қоршаған ортаға қала құрылысының ыңғайлы әсері мен тұрғындардың келісімі деген заң бар. Ол заңды біздің ел де көшіріп алған. Алайда, оның орындалуы екі елде екі басқа. Мысалы, батыс Лондонда, 2005 жылы мен жұмыс істеген кезде, трамвай желісін салуға тұрғындардың келісімін ала алмады. Трамвай желісі дегеніңіз BI Group компаниясы салатын құрылыс емес. Лондон үшін әлеуметтік, экономикалық маңызы зор қажетті жоба. Қала мэрі осы жобаны жүзеге асырғысы келеді. Бірақ, Батыс Лондон тұрғындары оған қарсы. Лондонда жергілікті билік тұрғындарды келісімінсіз ештеңе сала алмайды. Ал бізде де тұрғындар дабыл қағып, ауданда саябақ, оқушылар сарайы, сапалы білім алуға жағдай жоқ, көлік кептелісінен көз ашпаймыз деп жатқанда, бос тұрған алаңқайда көп қабатты кешен салынбауы керек.

Егер нақты мысалдарға келсек, біздің сәулетшілер астананың бас жоспарында тұрғындарға қолайлы жағдайды қарастырған. Қарапайым есеп: аудандағы жасыл желек аумағы бос жатқан алаңқайды қоса есептегенде 25 пайыз, егер құрылыс түссе, жасыл желек 7-8 пайыз ғана болып қалады. Бұл құрылыс тәртібі мен талабына (СНиП)  сай келмейді. Белсенді топ заң аясында қызмет істеп келеді. Заңды, СНиП-ті, бюджеттің зор ақшасы шығындатып жасаған Бас жоспарды орындалу үшін жазған шығар? Біз осы құжаттардың шеңберіне қатысты сұрақтарды әкімдік пен сәулетшілерге қойып жүрміз.

Мырза болса, мектепті өз жеріне салсын!

Белсенді топтың осы күнге дейін атқарған істерін атап өтсеңіз. Не байқадық? Әкімге не айтамыз?

– Үш заңсыздықты байқадық. Біріншісі, құрылыс жобасына келісім берген қалалық кеңес пен оны қолдаған әкімнің құжаты жоқ. Көпшілікке түсінікті болу үшін айта кетсем, қала құрылысы жобасында әкім жеке өзі жер бөліп таратып немесе 35 қабат үй салуға өзі дара шешім шығара алмайды. Ондай шешімді шығаратын астана үшін арнайы құрылған қалалық кеңес бар. Оның құрамына әкім және сәулетшілер кіреді. Бас аяғы 5-8 маман. Салынатын ғимараттың көрінісі, биіктігі қандай боларын осы қалалық кеңес шешеді. Енді қараңыз, сөз етіп отырған алаңқайда құрылыс салуға шыққан шешімнің құжаты, хаттамасы жоқ.

Алаңқайға салынатын тұрғын үй кешеніне қатысты құрылысты архитектуралық-техникалық кеңес пен қалалық кеңес қабылдағаны және оған әкімнің қол қойғаны жайында құжат жоқ.  Ал қалалық кеңесте жобаны құрылыс жүргізуші мен жобалаушы қорғауы керек.

Заң бойынша, қала әкімі қалалық кеңесте алаңқайдағы құрылысқа шешімін айту керек болған. Бірақ, бізге қала әкімінің орынбасары Нүркенов қол қойған хаттаманы қолымызға ұстатты. Қазбалап көрсек, шытырманы көп, 2016 жылдан бері бос алаңқайға қатысты түрлі жобалар жасалған және қалалық кеңес мүшелері бұл жобаларды мақұлдап, дауыс бермеген.  Біз қазір осы жиындарға қатысты хаттаманы таппай жүрміз. Негізі қалалық кеңес шешімі ашық дерек қорында бұрынғыдай тұруы қажет.
Жалпы, өз өзін құрметтейтін сәулетші 18 қабатты тұрғын үй кешенін жоспарлағанда мектеп және де басқаларды ескермеуі мүмкін емес. Қолымызға қала билігі ұстатқан бас жобаға қарасақ, алаңқайдың 70 пайызына 10-17 қабатты тұрғын үй кешені салынады деген жазуды көрдік. Олай болса, 24 қабатты үй салуға кім рұқсат берді? Қаланың бас жобасы үкімет қаулысымен бекітіледі және ол қаулы әкімнің кез келген шешімінен жоғары тұрады. Ал қалалық сәулет басқармасы бізге келгенде «бәрі генпланмен» дейді. Өздеріне 24 қабат үй қажет болғанда генпланды ысырып  қояды. Заңдылық жағын қарасақ, қаланың Бас жобасы қала құрылысының Ата заңы. Оны аяқ асты етуге болмайды. Ал мына жағдайда бас жобада көрсетілген 10-17 қабатты 24-ке өзгертіп тастаған. Кім өзгерткенін айтпайды.

Екінші заңсыздық – әкімдік пен құрылыс компаниясы салып беруге бізге ұсынып жатқан мектептің жері. Бұл жер негізінен біздің жасыл-желекті аймағымыз. «Генпланда» алаңқайдың 70 пайызы тұрғын үй, 30 пайызы саябақ дедік қой. Енді қала әкімдігі мен құрылыс компаниясы тұрғындардың қалауын қабылдаған боп,  мектеп салып бермек. Ал мектепті саябақтың орнына салмақ. Яғни, аудан тұрғындарына арналған саябақтың орнына жаңадан салынатын тұрғын үй кешені үшін мектеп салып тастамақ. Сонда үкімет бекіткен басжоба қайда қалады?

Яғни, жасыл-желек дегеніңіз біздің таза ауамыз, көшедегі шаңды ұстайтын қорғанымыз, желден қорғайтын қамалымыз, балалар ойнайтын саябағымыз ғой.

– Әлбетте. Жасыл аймаққа қатысты әлемдік талаптарды заңымызға көшіріп алғанымызды айттым ғой, сол заңға сәйкес біздің ауданның 20 пайызы саябақ болуы керек. Бұл қаланың бас жоспарында да көрсетілген. Бас жоспарға сәйкес жасыл алаңға құрылыс салуға болмайды. Ал әкімдік біз үшін осы жасыл алаңға мектеп салып бермек.  Егер әкімдік шын мәнінде мырза болса, неге өз жерінде мектеп салмайды? Жасыл алаң бүкіл аудан, қалаға керек. Міне, осы екі шетін мәселе заңға қайшы. Әлбетте, әкімдік бұл кемшіліктерін көрді, белсенді топтың сұрақтарына жауап бере алмады, содан, есіктерін тарс жауып алды. Өйткені бізге көбірек ақпарат берсе, көп былықтың қалқып шығатынын біліп отыр.

Қолға тиген құжаттарды қарай бастағанда 24 емес, 26 қабат болып шықты емес пе?

– Иә, белсенді топ жобалаушылар мен кескіндеушілердің құжатынан 24 қабаттың емес, 26 қабатты үйді санап шықты. 25 қабаттан асатын үй құрылысы өте қауіпті нысан боп есептелінеді. Ад 24 қабатты үйді жобалаушы компанияның категориясы екінші деңгейлі, жұмысын бастағанына 6 ай ғана болыпты. Лицензияны сатып алатын мұндай шағын компаниялар көп. Ал ертең бір жағдай болса ше? Жоба қауіптілігі өте жоғары. Мұндай техникалық жағдайларды көпшілік ескере бермейді, бірақ, тұрғындар қала заңнамасында өздерінің құқығы, таңдауы бар екенін түсінуі керек.  Ал біздің құқығымыз бен таңдауымызды аяққа таптап жатыр. Сауатты сәулетші жаба сызғанда демалатын жерді, демографиялық өсімді, таза ауамен қаматамасыз ететін саябақты тағысын тағы ескереді және мұндай талаптары қарастырылмаған жобаны қалалық кеңесте өткізбейді. Міне, осыдан кеп қалалық кеңесте шешім шыққан хаттама мен қойылған қолдар жоқ. Ал бізге көрсеткен хаттамада әкім орынбасары Нүркенов пен сәулет басқармасының жетекшісі қол қойған, қалалық кеңес мүшелерінің қолы мен визасы жоқ.

Қазір қалалық әкімдік тұрғындардың талаптарын орындап мектеп салуға келістік деп жатыр. Әкімдік неге бізбен келісе қалды? Өйткені шикіліктері көп. Тұрғындардың наразылығын басу керек. Сосын, 2 мың пәтер салатын BI Group-ке де мектеп керек қой. Ал бұл мектеп жалпыға бірдей бола ма деген сұраққа да әкімдік жауап айтпай отыр. Одан бөлек, жоғарыда айтқандай, Бас жоспарға сәйкес жасыл алаңға мектеп салуға болмайды. Әкімдік осы мәселені қалай түсіндіреді?  Міне, әкімге заң аясындағы осындай сұрақтар қойғымыз келеді.

Бас беттегі фото интернеттен алынды.

Байланысты жаналықтар

«Отшашумен халықтың көңіл күйін көтермек болдық»

07.07.2020

Балғынбек Имаш праймеризге неге қатыспайтынын айтты

26.09.2020

«Амал жоқ! Түрмеде барлық қабілетің ашылады»

26.04.2021

Швециядағы қазақ: Халықтың 80 пайызы коронавирус жұқтыруы мүмкін

16.04.2020

Министр мырза, малымды табуға көмектесіңіз

05.11.2020

Адвокат: Қастер мен Мұрагерге азаматтық берілуі тиіс

19.10.2020