Жұлдыз Молдағалиева. "Қарай салшы! Жапырақ сарғайды ма?"

Malim Админ

  • 02.10.2020

Сол жағыңды келе ме дір еткізгің?!

“Сүй ғұмырды”. Бұл – жақсы тілек күзгі.

Күлсалғышта қаншама ой қоғам жайлы...

Мұңсалғышқа ұқсайды жүрек біздің...

***

Әзер атқан, өкпешіл таңды-ай мына...

(Қарай салшы! Жапырақ сарғайды ма?)

Мен, мысалы, дұғамнан жаңылыстым...

Сен, мысалы, жасадың қандай күнә?!

***

Көңіл – жетім, жұбатар жоқ тірегі...

(Жазбаған жыр түсіме көп кіреді.)

Анау жүрген үй-күйсіз қаңғыбас шал...

...Өмір жайлы ол бізден көп біледі...

***

Мәртебеңді ұнайды, ә, биіктеткен?!

Қылмыс-нала көкірекке үйіп-төккен...

Сен несіне тағдырға налисың көп?!

Мен өмірді мұңымен сүйіп кеткем.

***

Сағыныштар жаныңды өртесін кеп,

Жылдар салған жара да, дерт есіңде...

Тірлігің де үміт сыйлап... көп алдайды,

“Шала” ақынның ең сәтті тіркесіндей...

***

Отыратын шығар-ау жиі егіле...

Тамшы жасы түсті ыршып иегінен...

Қаңғыбас шал күте ме күзді мендей,

Және мендей өмірді сүйеді ме...

 

***

Сабылысыңды жасырып қалған сәт қанша?!
Не болар екен көңіл-сандықты ақтарса?!

Мен жүрген мынау тағдырдың жолы тайғанақ,

Басыма сосын қона бермейді бақ та онша...

 

Ғаламның мынау мейіріміне көп шөлдеп,

Армандайсың кеп «адал» боп қана өтсем деп,

Жауапсыз қалған дұғаң жайлы да ойлайсың,

(Қос алақанын құдайға жайған тек сен бе?!)

 

Жүрегім менің мұңның өзімен егіз бе?

«Тірлік кешуді» аласыңдағы негізге,

Құдай барына күмәнмен сосын қарайсың,

Сүңгігің келмей «ой» дейтін терең теңізге.

 

Кешесің тірлік аяқталмаған жыр құсап,

Түн құсап, сосын ашылмай қалған сыр құсап...

Қабырғалар да еңсеңді әбден басады,

Қашады бәрі, ашады саған кім құшақ?!

 

Досымдай менің келген Көктем де, Ай, Теңіз,

Теңселген терек, біздің бастағы жайт егіз...

Көңілімізді кірлетіп алсақ қайтеміз?!

Жүрегімізді ауыртып алсақ қайтеміз?..

 

Өлеңді ойлап, өзімді ойлап...былайғы...

Ғұмырды ойлап...тұғырды ойлап...(ұнайды...)

Ойлап жатам да, қалғып кетемін төсекте,

Жүрегімдегі (көкте ме еді?) құдайды...

 

***

Қажытты ма мендік сезім тәніңді бар,

Жарың да бар... (жан емес жаныңды ұғар...)

Мен өзімді кінәлап... бөлек кеттік,

Сен өзіңді жатқызып сабырлыға...

***

Бола бермес әр сәттің тәтті аяғы,

Қайда сезім, қайда сәт, бақ баяғы?!

...Сағындым деп хат жазып жіберіпсің...

(Құшаққа алған жарыңды қатты аядым...)

***

Аяпты ма адамды тағдыр бірақ,

Саған жазған өлеңді жаңбыр құрап...

Жанарына жарыңның қарап тұрып,

Тек мен жайлы ойлайсың...(сәл мұңдырақ)

***

Адам деген сын келсе төзбейді ме?

Жүрегің жүрегімді іздейді де...

Жұбатқың кеп жарыңа гүл сыйлайсың,

Мұң сыйлап тұрғаныңды ол сезбейді де...

***

Көкірегіңде тұрады толып қайғы,

Бақ құсы қайта айналып жолықпайды...

Жұбанғың кеп тағы оны құшақтайсың,

Мені сағынғаныңды ол ұқпайды...

***

Сүйген жан сүйіктісін көреді ерек,

Өлеңім түнді нұрға бөлеп әлек...

Хатыңа жауап жазғым келгені рас,

Бірақ ол кімге және неге керек...

***

Тартпасын жарың жанның көп азабын!

(Мен сені сағынғам жоқ, жоға, жаным.)

Хал сұрап жазғаныңа не деп айтам,

Сағыныш хаттарыңа не жазамын...

***

Ол өмір сүргісі кеп...
Қала жақта қиялы мың құбылып,
Қарсы алғысы келеді күнді күліп.
Түнерердей мойынында жүгі ауыр ма,
Жіберердей қайғысы жынды қылып...

***
Көңілі алаң анаған, мынаған да.
(Ал бізге ше? осы өмір ұнаған ба?)
Іште қалып айтарың... «жақсы» дейсің,
Танысың мен досың хал сұрағанда...
***
Адам жаны қысылса, өлең іздер...
Тағдыр басқа салғанға көнеміз де.
Неге біздер адамды тыңдамаймыз,
Түсінуге тырыспаймыз неге біздер?
***
(Ұсынған кім жұмақтан төрді бізге?)
Тіршіліктің заңына көндіңіз де...
Көрдіңіз бе біреуді тыңдай алып,
Сіз біреуді түсініп көрдіңіз бе?!
***
Жанымды ақтай... алмаймын ғаламды ақтай...
Келер күнге көңілді алаңдатпай,
Түсінуге тырыспақ былай тұрсын,
Тіпті тыңдай алатын адам таппай...

ол келе жатады....

***

Сүйенбей-ақ ережеге, мақалға.

(Ал, сіздіңше, тағдыр біздің қатал ма?)

Келер күнім жайлы ұзааааақ ойлаймын,

Жалға алған пәтерімде жатам да.

***

Ескермей-ақ бунақты да, көлемді,

Жазғым келген іштегі өлең. Ол өлді.

Жұрт көңілін қалдырмаймыз дегенде,

Жұрттан қалған көңіл бізге не берді?

***

Аралап-ақ көшені де қаланы,

Ауылды һәм шексіз-шетсіз даланы,

Өнеге алар кісі іздеп келесің,

Ал өнеге беретінің шамалы...

***

Өмір жайлы әдемі өлең жаздым деп,

Жүрген ақын... сосын бізде азғын көп...

Мен өзімді таппадым деп налисың,

Ал мен өлең жазғаныма мәзбін бе?!

***

Қалғың келсе келер күнге мұра боп,

(Әттең, бізде жасап қойған күнә көп...)

Өстіп жүріп өлуге де қорқасың,

Құдайына қалай барад(ы) мына бет...

***

Жапыраққа бар сырыңды аштың ба?!

Кейде өзім ұқсап кетіп қашқынға...

Тастай жүрек болатынын адамда...

Жүрегі бар болатынын тастың да...

***

Сен бәріне, бәрі үшін күйесің.

Сен әлемді жүрегіңмен сүйесің...

Құдайыңдай сосын тағы сыйлайсың,

Жалға алған пәтеріңнің иесін...

***

Жүрегімді қасқыр сынды ұлытып,

Жоқ адамдай түк қайғысы, мұңы түк...

Жым ойламай ұйықтап кеткің келеді...

(ЖАН СЫЙЛАҒАН ҚҰДАЙЫҢДЫ ҰМЫТЫП...)

 

Байланысты жаналықтар

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Алтайдың мөлдір тамшысы

14.10.2023

Украина ақындары: «Балаларымыздың шырылы – құмарларың ба қанбаған?»

03.03.2022

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Арон Атабек ауруханаға түсті

05.10.2021

Әріби-Бек Өр Алтай. Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті

23.09.2021
MalimBlocks
Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Алтайдың мөлдір тамшысы

Бақытжанның өлеңдерін оқысаңыз, жаныңыздың сәулесі өзіңізден шығып, айналаны да жылыта алады

Украина ақындары: «Балаларымыздың шырылы – құмарларың ба қанбаған?»

Көрнекті ақын  Александр Кабанов «Менің Украинамды жалғыз қалдырыңдар!» деп жалынды поэзиясымен жаһанға үн қатты.  Екі мағынасында да жүрегіңді осып түсетін тіркес!

Мұқағали минуттары

Арон Атабек ауруханаға түсті

Әріби-Бек Өр Алтай. Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті