Salem Social Media Машкевичтерге не үшін қажет?

Malim Админ

  • 12.10.2020

Жақында блогер Тимур Балымбетов Salem Social Media-ның “Филиал” сериалы NBC-дың The Office сериалдының эпизодтарын айна-қатесіз қайталайтынын әшкерелеп, ұрлықы тірлік жайлы NBC-ге қарата видеомәлімдеме жариялады. Salem Social Media-ның бас директоры Александр Аксютиц Балымбетовке берген жауабында плагиатты мойындамай, ат-тонын ала қашқанымен, бірнеше күннен кейін “Филиал” сериалы Salem Social Media-ның бүкіл платформасынан жойылды. Ал А.Аксютиц аяқ астынан SSM плагиатқа қарсы екенін айтып, фильмді түсірген продакшн студияға айыппұл салатынын мәлімдеді.

Жеке продакшнге тапсырыс беріп, сериал түсіртсе де, ұрлықы тірлік ашылып, ұятқа қалған SSM-ның жақсы сценарист жалдап, мұндай сериалдың біреуін емес, жүзін топырлатын түсіріп тастауға ақшасы жетеді. Ашық деректерге қарағанда, компанияның жылдық табысы 2,5 миллиард теңге. Салықтарға қарағанда, компания табысы жылдан-жылға артып жатыр. SSM 2018 жылы 44,8 миллион, 2019 жылы 122,4 миллион, 2020 жылы әзірге 80,5 миллион теңге көлемінде салық төлеген. 

Ал енді көл-көсір ақша қайдан ағылып келіп жатыр? SSM-ге Машкевич бастаған олигахтарға тиесілі ERG иелік ететінін бірқатар ақпарат құралы бұған дейін жазған. Расында да, Salem Social Media-ның құрылтайшысы - Eurasian Digital Ventures I Limited Partnership. Ал оның негізгі акционері - ERG тобындағы “Қазхром” трансұлттық компаниясы. Сондай-ақ Eurasian Digital Ventures I Limited Partnership құрылтайшыларының қатарында ERG тобындағы “Алюминий Казахстана” АҚ, “Еуразиялық энергетикалық корпорация” АҚ, “Шұбаркөл көмір” АҚ, “Соколов-Сарыбай тау-кен өндіріс бірлестігі” мен “Қазақстан электролиз зауыты” АҚ бар. 

SSM мен еуразиялық үштіктің әмпей-жәмпейі бір екенін ERG-ге кіретін компаниялардың үлестес тұлғаларының тізімінен де байқауға болады. SSM-ның бас директоры Александр Аксютиц  Eurasian Digital Ventures I Limited Partnership-ке иелік ететін ERG топтарына кіретін бүкіл компанияның үлестес тұлғаларының тізімінде жүр. Мысалы, оның есімі “Алюминий Казахстана” АҚ, “Еуразиялық өндіріс компаниясы” АҚ, “Шұбаркөл көмір” АҚ,  мен “Қазақстан электролиз зауыты” АҚ-ның үлестес тұлғалар тізімінде Шодиев, Машкевич пен Ибрагимовтермен қатар жүр. Сонымен қатар тізімде оның туыстары - анасы Галина Аксютиц пен әйелі,  NS Радиосының жетекшісі Әсел Балгаеваның да аттары аталады. 

А.Аксютиц кезінде президент пулына кірген, “Хабар” арнасының директоры, кейін “Нұр Отан” партиясының баспасөз қызметін атқарған журналист. SSM-ге келген А.Аксютиц қазақтілді аудиторияға арналған контент жасауға кірісті. Бірақ бұл жастардың рухын, саяси сауатын көтеретін сапалы контент емес. Бұл саясаттың иісі де шықпайтын, балағат, әдепсіз сөздерге толы арзан контент.

Сонда “биліктің әмияндары” аталып кеткен олигархтар SSM-ге не үшін қаржы құяды, SSM-нің негізгі миссиясы не? SSM жастар арасында аса танымал, қалың оқырманы бар блогер, вайнерлерге ұсынатын ақшадан әлгілердің басы айналып, жіпсіз байланатыны басқа жерлерде жазылған. SSM осындай блогер, резиденттер мен вайнерлерді пайдаланып, жеңіл желпі, тәрбиелік мәні жоқ, арзан күлкі шақыратын контентті ұсынып, жастардың назарын саясаттан басқа жаққа бұрады делінеді. Мысалы, балағат, бейәдеп, боқтық сөздерді көп қолданатын жастарға арналған “Қарапайым Қайрат” сериалына  1 миллионнан астам адам жазылып, алғашқы маусымдағы әр сериясын 3-5 миллион қаралым жинағанына қарағанда, SSM қазақтілді жастарды надан ету, деградациялау міндетін жақсы атқарып жатқандай.

Қазақстанның жер қойнауы арқасында байыған миллиардерлер - Машкевич, Шодиев пен Ибрагимовке SSM-ның түкке қажеті жоқ, бұлар еліміздің ақпараттық алаңы, идеологиясына араласатын ойыншылар емес. Бұл жерде еуразиялық үштік қазақ жерін теспей соруға мүмкіндік берген биліктің идеологиялық тапсырмасын орындаушы ғана екені түсінікті. 

ERG-дың 40 пайызы Қазақстан үкіметіне, олай болса, қазақстандықтарға тиесілі. Міне, SSM сол ақшаның есебінен мән-мағынасы мен жастарға берері жоқ контент өндіріп, одан қалса басқа жақтан контент ұрлайтын продакшндарды жалдап, масқара болып жүр. 

Telegram-канал Ras Aitamyn

Байланысты жаналықтар

Salem Social Media салық төлеуден жалтарған ба?

20.10.2021

Олигарх Алиджан Ибрагимов қайтыс болды

03.02.2021

Ректор да билік пен жүйеге ашына бастапты

12.07.2020
MalimBlocks
Salem Social Media салық төлеуден жалтарған ба?

Олигарх Алиджан Ибрагимов қайтыс болды

Ректор да билік пен жүйеге ашына бастапты