"Ташимова қазақша білмегені үшін таяқ жемепті"

Malim Админ

  • 29.10.2020

Қоғам белсендісі Салтанат Ташимова "маған орыс тілінде қызмет көрсетпеді" деп айыптап, үстінен шағымданған автобус жүргізушісі Қытайдан көшіп келген, орыс тілін білмейтін қандасымыз болып шықты. Енді автобус жүргізушісін адвокаттар Ләззат Ахатова мен Мейірман Шекеев қорғамақ.

Қоғам белсендісі Салтанат Ташимова өткен аптада қазақша сөйлемегені үшін автобуста таяқ жегенін әлеуметтік желіде жазып, дау шығарған. Салтанат Ташимованың айтуына қарағанда, 207-автобус жүргізушісі өзінің орысша қойған сұрағына әдейі орысша жауап бермей, қазақ тілінде ғана жауап қайырған.

"Оқиға былай болған: жүргізушіге орыс тілінде сұрақ қойғаным үшін таяқ жедім", - деп жазды белсенді. Белсенді сондай-ақ автобустан тікелей эфир жүргізген.

Ташимованың айтуынша, оны автобустағы жолаушы әйелдердің бірі соққыға жыққан. "Жүргізуші маған жауап бермеген соң ашуланғанымда екі әйел мен қорлап, қорқыта бастады. Мен тікелей эфирге шығып, видео түсіре бергенде ер адамдар қорқыта бастады. Сөйтіп, "102"-ні шақырдым. Автобустан шыға бергенде әйел басымнан, бетімнен, қолымнан, аяғымнан жұдырықтап ұрды. Тепкіледі", - делінген постта.

"Орысша сөйлегенім үшін автобуста қорланып, таяқ жедім" деп жер тепкілеген Ташимова оқиға орнына жеткен полицейлерге өзін ұрған әйел бағынбағанын да жазған.

Facebook-те қызу талқыға түскен осы оқиғада Ташимованы жақтаушылар да, даттаушылар да көп болды. Бірақ бұл оқиға әлеуметтік желідегі пікірталаспен ғана аяқталмайтын сияқты. Өйткені енді С.Ташимова мінген автобустың жүргізушісін адвокаттар Ләззат Ахатова мен Мейірман Шекеев қорғамақ. Қорғаушы Л.Ахатованың айтуынша, С.Ташимова мінген 207-автобустың жүргізушісі Қастер Серік бір жыл бұрын Қытайдан көшіп келген, орыс тілін білмейді.

"Қастер оған "русский не понимаю" деген. Акцентінен-ақ оның сырттан келген қандас екені көрініп тұрады ғой. Жүргізушінің міндетіне әр жолаушы сұрағына жауап беру кірмейді. Жүргізуші тек қоғамдық көлікті жүргізуі керек, ол жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапты", - дейді адвокат.

С.Ташимова полицей шақыртқан соң, келіп жеткен полицей автобусты тоқтатып, жүргізуші Қастер Серікті бөлімшіге әкеткен. "Алматы облысы, Белбұлақ ауданының полиция бөлімшесінің полиция капитаны Қазангелдинов Думан Асуланұлы автобус жүргізушісін өз қызметін орындау барысында, көліктегі қаншама жолаушыларға қарамай, автобусты тоқтатып, “сенің үстіңнен арыз бар, қазір менімен бөлімшеге барасың”-деп, еркінен тыс алып кеткен.  Қастер Серік оған "жұмыстан кейін барайын" дегенге көнбеген. Ал кеше маған полицей  “жүргізушінің үстінен ешқандай арыз жоқ, тек екі әйелдің қоғамдық орындағы қақтығысы орын алғаны жөнінде материал бар” деді. Ішкі істер министрлігінен бұл жағдайға байланысты қызметтік тексеріс жүргізуді сұраймыз. Автобуста жолаушылар қалды, енді автопарк автобус айналымды аяқтамағаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр", - дейді Л.Ахатова.

Л.Ахатова автобуста Ташимова айтқандай, қазақ тілін білмегені үшін жанжал шықпаған. "Бір әйел жолаушы Ташимованың аяғын басып кеткен немесе Ташимова ол әйелдің аяғын басып кеткен. Бұл тұрмыстық кикілжің. Оған тілдің қатысы жоқ. Ал осы оқиғадан кейін қазаққа қатысты неше түрлі сөздер жазылған шовинистік постар шықты. Солардың бәрін скриндеп алдым. Енді  "Ташимова тіл білмегені үшін қорланып, соққыға жығылды" деп жалған ақпарат таратқандардың үстінен сотқа шағым түсіремін", - дейді адвокат.

Malim.kz  бұл мәселе бойынша 207-бағыттағы автобус қарайтын "Думан Транс" ЖШС-ге түске дейін де, түстен кейін бірнеше мәрте хабарласты. Алайда телефон тұтқасын көтерген автопарк қызметкері "басшылық орында жоқ, жиналысқа кетті, ол күні мен ауысымда болмадым, не болғанын білмеймін" деп түсініктеме беруден бас тартты.

 

Байланысты жаналықтар

Шетелде қазақ тілін оқыту әдістемесі жасалады

22.11.2023

Депутат Қазбек Иса халықаралық құжаттың орыс тілінде жасалатынына наразы

22.11.2023

Ресей консулына қазақтар сөйлейтін орыс тілі ұнамайды

24.08.2023

«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

10.02.2023

Қазақша мәзір сұрағандарды "фашист" деп айыптаған дәмхана басшылығы кешірім сұрады

07.02.2023

Енді 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады

10.11.2022
MalimBlocks
Шетелде қазақ тілін оқыту әдістемесі жасалады

Әрбір дамыған мемлекет әлемдік деңгейде өз тілін, әдебиетін, мәдениетін жер бетінде мүмкіндігінше көбірек адамдарға үйрету, насихаттау, таныстыру және сол арқылы тілдің әлеуетін арттырып отыр.

Депутат Қазбек Иса халықаралық құжаттың орыс тілінде жасалатынына наразы

Парламент мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Қазбек Иса халықаралық құжатта орыс тілі қолданылатынана наразы болды. Ол Қазақстан мен Франция арасындағы келісім шарт қазақ, француз тілінен бөлек, не себепті орыс тілінде жасалғанын түсінбей дал. Бұған ашуланған Қазбек Иса мәжілістің мінберінде баяндама жасаған Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиевке депутаттық сауал жолдады. 

Ресей консулына қазақтар сөйлейтін орыс тілі ұнамайды

Ресейдің бас консулы Евгений Бобров Қазақстанда орыс тілінің мәртебесі туралы пікірін білдіріпті.

«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

Қазақтың тілі үшін күрестің сонау Патша үкіметі кезінен басталғанын білесіз бе? Оның басында тағы да Алаш арыстары тұр.

Қазақша мәзір сұрағандарды "фашист" деп айыптаған дәмхана басшылығы кешірім сұрады

Қазақша мәзір сұраған қонақтарына қызмет көрсетпей, жеке күзет шақырған. Фашист, нацист деп балағаттаған.

Енді 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады

Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап 5-8 және 10 сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Оқу-ағарту министрлігі осындай хабар таратты.