"Орыстар маған орысша сөйле деген емес"

Елнұр Бақытқызы

  • 29.10.2020

Қоғам белсендісі Салтанат Ташимова "орысша сұрағыма орыс тілінде жауап бермеді" деп айыптаған №207 бағыттағы автобус жүргізушісі Қастер Серік Қазақстанға былтыр Қытайдан көшіп келген. Орыс тілін білмейді. "Миллиард қытайдың арасында жүріп қазақтар қазақша сөйлесеміз, ал Қазақстанда менен орысша сөйлеуді талап еткенін мен түсінбеймін" дейді қандасымыз. Malim.kz Салтанат Ташимова айыптаған автобус жүргізушісіне хабарласып, сол күнгі оқиғаның мән-жайын сұрады.

– Қастер мырза, сол күнгі оқиға жайлы көпшілік белсенді Салтанат Ташимованың жазбасынан оқып білді. Енді не болғанын сіз айтып берсеңіз?

– №207 бағыттағы автобус Саяхаттан Талғарға жүреді. Оқиға 24 қазан күні автобусқа көп адам мінетін кешкі уақытта болды. Салонда 35-40 адам болған. Бесағаш маңына келгенде маған бір кісі орысша сұрақ қойды. Орыс тілінде қойған сұрағын түсінбедім.  Орысшалап "руский не понимаю, тәте, қазақша айтыңызшы" дедім. Автобусты жүргізіп келе жатсам, ұялы телефонын шығарып, видеоға түсіріп, орысша бірдеңе айтып жатты. Оған қарағаным жоқ, жолыма қарап автобус жүргізе бердім. Facebook-та тікелей эфирге шыққан сияқты. Жүргізуші маған орысша жауап бермеді дегендей нәрселерді айтқан тәрізді. Бір тәте оны естіп қалып, "ол саған неге орысша жауап беруі керек? Сен қайда тұрып жатырсың?" деді. Сөйтіп, салон іші айқай-шу болып кетті. Алдыға қарай жүріп келе жатқанда (Ташимованы айтып отыр  - ред.) бір тәтенің аяғын басып кетіп, мені төбемнен видеоға түсіріпті. Содан ана тәте "ары тұр" десе тұрмай, "бері тұр" десе тұрмай, екеуі қатты ұрсысты.

Талдыбұлаққа жеткенде ол кісі түсіп қалды. Бір кезде учаскелік полицей артымнан қуып келіп, мені тоқтатып, алып кетті. Басында орысша жауап бермеді деп үстімнен арыз берді деді. Кеше учаскелік полицей "сенің үстіңнен арыз түсірмеді, ұрсысқан тәтенің үстінен арызданды" деді.  Бірақ маған екі тілде сөйлеуің керек деді. Мен орысша білмесем, немді сөйлеймін. Қазақша білемін, қазақша сөйлеймін деп жауап бердім.

– Атажұртқа қай уақытта келген едіңіз?

– Былтыр тамызда келдім. Қазір ҚР азаматымын.

– Полиция сізді не үшін алып кеткенін түсіндірді ме?

– Түсініктеме беру үшін алып кетті. Әлі жұмыс аяқталмаған, үш сағаттық жұмысым бар еді.

– Автопарк бұған не дейді?

– Әзірге үндеген жоқ, маған айыппұл сала ма, белгісіз. (Malim.kz №207 бағыттағы автобус қарайтын "Думан Транс" ЖШС-ге бірнеше рет хабарласқанымен, тұтқаны көтерген қызметкер жауап беретін басшылықтың жұмыста жоқ екенін айтты - ред.)

– Жалпы, орыс тілін білмегеніңіз үшін осыған ұқсас  оқиғалар болып тұра ма?

– Мұндай оқиғалар болып тұрады. Орыс ұлтының өкілдері орысша сұрақ қояды, бірақ бірден "орысша білмеймін, қазақша айтайын" деймін. Орыс ұлтының өкілдерімен еш уақытта Ташимовамен тәрізді мәселе туындамаған.

Қазақстанда, қазақ елінде, жерінде тұрып бір-бірімен басқа тілде тілдесуді түсінбеймін. Қалың миллиард қытайдың арасында жүрсе де, Қытайдағы қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлеседі. Ал Атажұртқа келіп қазақша сөйлеймін десем, біреулердің менен орысша сөйлеуді талап еткен әрекетін түсінбеймін.

Редакциядан. 24 қазан күні 207-автобустағы жанжалдан кейін оқиға орнына жеткен Алматы облысы, Белбұлақ ауылындағы полиция бөлімшесінің полиция капитаны Думан Қазангелдинов Malim.kz-ке берген сұхбатында автобус жүргізушісі Қастер Серік, жанжалға қатысушы Атымтаева және Ташимова ханымдарды бөлімшеге алып кеткенін айтты. "Салтанат Ташимова "102" нөміріне хабарласқан.  "102"-ге шақыру түскен соң, сонда бардық. Біз баруға міндеттіміз.  Онда жанжал шығарған кісілер болды. Сыртта да қоймай біздің көзімізше жанжалдасты. Біз тек автобус жүргізушісін ғана емес, бәрін әкеттік. Өйткені біз кімнің кімге арыз жазатынын білмейміз ғой. Жүргізушіден куәгер ретінде жауап алынды, жалжалға қатысушы Ташимова мен Атымтаева бір-бірінің үстінен арыз жазды. Бұл оқиға бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бір-біріне дене жарақатын келтіруге байланысты сот сараптамасының нәтижесін күтіп отырмыз", - деді Думан Қазангелдинов.

Ал №207 бағыт автоколоннасының басшысы Жеңіс Тәуекел жүргізушілердің еңбек келісімшартында "орыс және қазақ тілін білуі керек" деген талап жоқ екенін айтты. "Қазақ тілін білу бізде міндетті. Мемлекеттік тіл  қазақ тілі ғой. Орыс тілін білмейді деп жұмысқа алмауымыз мүмкін емес. Мемлекеттік органдарда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында екі тілде жауап беруі керек шығар. Ал бізде ондай шектеу жоқ", - дейді Ж.Тәуекел.

Мақаланы көшіріп басуға болмайды.

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында баспаналы болған аналардың өкініші

20.06.2020

Біртанов Бекшиннің мәлімдемесіне қатысты түсінік берді

10.03.2020

30 жыл биліктен кетпеген президент қайтыс болды

25.02.2020

Коронавирусты қайталап жұқтыру мүмкін бе?

29.04.2020

Карантиндегі Ақтөбеде 200 адам cенбілікке шықты

07.04.2020

Алтын сырнай (адыгей ертегісі)

25.03.2020
MalimBlocks
Алматы облысында баспаналы болған аналардың өкініші

Біртанов Бекшиннің мәлімдемесіне қатысты түсінік берді

30 жыл биліктен кетпеген президент қайтыс болды

Коронавирусты қайталап жұқтыру мүмкін бе?

Карантиндегі Ақтөбеде 200 адам cенбілікке шықты

Алтын сырнай (адыгей ертегісі)