Айға бағытталған "Артемида-2" миссиясы аясында зымыран сәтті ұшқаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, ғарышкерлер күтпеген қиындыққа тап болды. Ұзақ ұшу барысында олардың дәретханасы істен шыққан, деп хабарлайды Malim.kz.
Space.com басылымының мәліметінше, ақау ең қарапайым көрінгенімен аса маңызды жүйелердің бірі – ғарыштық дәретханада орын алған. 10 күндік ұшуға есептелген құрылғы зымыран әуеге көтерілгеннен көп ұзамай жартылай істен шыққан.
NASA өкілдерінің хабарлауынша, мәселе зәр жинау жүйесіне байланысты болған. Дегенмен дәретхана толық істен шықпаған. Ғарышкерлер оны қатты қалдықтар үшін пайдалана алған, ал басқа қажеттіліктер үшін балама тәсілдерді қолданған.
Бірнеше сағат бойы экипаж жермен байланыс арқылы құрылғыны жөндеумен айналысқан. Нәтижесінде, ақау жойылып, жүйе қайта қалыпты жұмыс істей бастаған.
NASA мәліметінше, қазіргі уақытта экипаж төрт сағаттық демалысқа кеткен. Оянғаннан кейін ғарышкерлер орбитаның ең төменгі биіктігін арттыруға арналған келесі маневрге дайындықты жалғастырады.
Айта кетейік, "Артемида-2" миссиясы 1 сәуір күні Флорида штатындағы Канаверал мүйісінен ұшқан. Төрт ғарышкерден тұратын экипаж Айды айналып өтетін 10 күндік сапарға аттанды. Бұл – 1972 жылдан бері алғаш рет жүзеге асырылып отырған осындай ауқымды миссия.
Төрт астронавт ғарышта шамамен он тәулік болады. Осы уақыт ішінде Orion кемесі Айды айналып өтіп, қайта оралу траекториясы бойынша жерге қайтып келеді. Экипаж құрамында – командир Рид Уайзман, пилот Виктор Гловер, инженер Кристина Кох және канадалық астронавт Джереми Хансен бар.