«Алтайдан ауған ел»: Қасірет пен ерлік шежіресі
Бұл қойылым халықтың ауыр тағдырын, тарихи қасіретін суреттей отырып, көрерменге әсер етеді
Қазақ халқының тарихы ауыр кезеңдерден, зұлмат жылдардан, тағдырдың сан қилы сындарынан өткен. Осынау ауыр кезеңдерді суреттейтін «Алтайдан ауған ел» спектаклі Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында көрермен назарына ұсынылып келе жатқанына үш жылдың жүзі болды. Тарихи драма өткен ғасырдың ең ауыр һәм ұзақ көшін, азаттыққа ұмтылған қазақтардың ерлігін суреттейді.
Бұл қойылым жазушы, түркітанушы Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» және тарихшы, публицист Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» кітаптарының негізінде жазылған. Пьесаның сахналық жүйесін Мирас Әбіл жасаған. Бұл шығармаларда қазақтардың Қытайдың Шығыс Түркістан аймағынан Түркияға дейінгі ұзақ, азапты көші суреттелген.
Қойылымның мазмұнына қарап, режиссерлік шеберлікті аңғармауға болмайды. Режиссер Фархад Молдағали және суретші Қанат Мақсұтов сахна кеңістігін ұтымды пайдалана білген. Спектакльдің постдрамалық негізі алғашқы сахнадан-ақ айқын байқалады. Мұнда басты кейіпкер жоқ, керісінше халықтың бүтін кескіні көрсетіледі. Көштің ауыртпалығын арқалап, қатал заманның қайғылы қамытын киген халықтың тағдыры көрерменнің жүрегіне жетеді.
Спектакльдің атмосферасын сезіндіруде музыкалық сүйемелдеудің маңызы айрықша. Талантты композитор Олжас Жақыпбектың музыкасы қойылымдағы көшке ілескен қаймана қазақтың ауыр азабы, табандылығы, сол жолдағы ерлік ісін терең түйсінуге ықпал етеді. Көрермендер Такламакан шөлінен өтіп, Гималай тауын асып, азапты жолды сезінеді. Музыка оқиғалар желісімен қабысып, сахналық әрекеттермен байланысып кеткен.
Спектакльдің сценографиялық шешімдері ерекше. Қанат Мақсұтовтың қиялындағы Алтай мен Гималай тауларының көркемдік сұлбасы сахнада айқын бейнеленген. Актерлердің тізбектей жалғасқан жүрісі ұзақ көштің ауыртпалығын суреттейді. Қойылымда балалардың ойындары арқылы азап пен қасіреттің көрінісі берілген.
Тарихи шерлі де шежірелі драмалық туындыны игеруде актерлік құрам лайықты деңгейде таңдалып алынған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев Қалибек Райымбекұлының бейнесін шебер сомдады. Ал «Құрмет» орденімен иегері талантты актер Ержан НұрымбетХалифа Алтай рөлінжоғары деңгейде нұсқалаған. Актерлік құрамның мықтылығы спектакльдің көркемдік деңгейін көтеріп, көрерменді сан түрлі эмоцияға бөлейтіні сөзсіз.
Қойылымның ерекшелігі неде? «Алтайдан ауған ел» - халықтың күрескерлік рухын, еркіндікке ұмтылысын, қайсарлығын көрсетеді. Бұл қойылым халықтың ауыр тағдырын, тарихи қасіретін суреттей отырып, көрермен жүрегіне әсер етеді. Спектакльдің басты кейіпкері – Көш. Бұл көш – еркіндікке ұмтылған халықтың көші.
Фархад Молдағали бастаған шығармашылық ұжымның еңбегі мен ізденісі жоғары бағаға ие болуға әбден лайық. Спектакль өткен уақыттың өкінішіне назар аудара отырып, тәуелсіздіктің, тыныштықтың қадірін білуге үндейді. Осынау тарихи тағылымы мен көркемдік құндылығы жоғары «Алтайдан ауған ел» қойылымы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп білеміз.
Сөзімізді түйіндей келе, «Алтайдан ауған ел» қойылымы – қазақ халқының ерлікке толы тарихын, ауыр да азапты кезеңдерін суреттейтін, көркемдік құндылығы жоғары спектакль. Бұл еңбектің көрермен жүрегіненмықтап орын алғанына сенімдіміз. Қаллеки театрының ұжымы қазақ тарихының ащы шындығын батылдықпен көрсетуі басқа театрларға да үлгі болары сөзсіз.
Сапархан Кесікбайұлы, мемлекет және қоғам қайраткері
Фото: Қ.Қуанышбаев драма театрының мұрағатынан