Гималай асқан көштің соңғы  куәгері: «Түркияға жеткенше маңдайымыз жазылмады, қабағымыз ашылмады»         

«Жау келді» деп қатты айғай салдым

Олжас Қасым

  • 06.12.2022

XX  ғасырдағы қуғын-сүргін мен ашаршылық қазақ тарихындағы ең ауыр нәубет саналады. Миллиондаған адам мерт болып, мыңдаған қандасымыз  елден кетіп, жаһанның әр бұрышына тарыдай шашырады. Мәселен, әлемдегі ең ұзақ әрі қасіретті көш Шығыс түркістанды мекендеген қазақтардың Тибет, Үндістанды  асуы. Жақында осы көштің көзі тірі куәгері, әйгілі Зуқа батырдың немересі Абдуррахман Жәлелұлы Четиннің  «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты кітабы жарық көрген еді.   12 тараудан тұратын еңбекте автордың 1950 жылдары өзі көрген оқиғалары баяндалған. Бір қауым елдің Қытайдан Гималай асып, Үндістанға сәл тұрақтап, Түркияға орнығып, Германияға қоныстанғаны айтылады. Кейіпкерімізбен Азиядан Еуропаға шыққан көш кезіндегі арпалыс  пен басқа да жағдайлар  туралы  әңгіме өрбіткен едік. Гималай асқан көштің соңғы  куәгері: «Бір түнде отыз кісі қаза тапты»Төменде сол сұхбаттың жалғасын жариялап отырмыз. 

- Көш ары қарай қалай жалғасты?   Өлім-жітім  осымен тоқтаған шығар...

- Гималайдың арғы беті, жердің бетіне бір тал шөп шықпайды екен. Малдың ішетін суын мұз ерітіп берерміз-ау, жейтін шөбін қайдан табармыз? Сондықтан, ел бастаған дана басшылар мен батырларымыз бұл жайды да ойлап, бір амалын тапқандай болды. Енді біз өзіміз жеген қой етін осы елге көлік болуға жарап келе жатқан түйе-жылқыға да беруіміз керек. Әйтпесе көліксіз қайда барамыз, бір-ақ «қырылып өлеміз» десіп, қойды кәдімгідей сойып, саны мен қол етін балық сияқты кесіп, түйе-жылқының аузына қарай салбыратып салып жібергенде қаужыңдап шайнап, жұтып алады. Міне, осымен хайуанға да адам баласы секілді мал етін жегіздік. Бұл да бұрын-соңды айтылмаған жағдай. Одан әрі Гималай тауын асып, Үндістан шекарасына барғанша алты ай өтті. Осы алты ай ішінде күнде қырғын, өлім-жітім, айқай-шу болып жатты.

Отыз кісінің ішінде Шериаздан молда қатарлы көптеген кісі қайтыс болған. Осы өлген мәйіттің бетін топырақпен әрең көміп кеткенбіз. Қалған ауру-сырқауларды да тастамай, түйеге артып келе жатырмыз. Оларға қарайтын дәрігер де жоқ, дәрі де жоқ, жалғыз ғана балалардың несебі, о да дайын тұрған жоқ, барлық келе жатқан адамдардың бәрі аш, жеуге тамағы, ішуге суы жоқ, жан ұшырып келе жатқан. Осындай ауыр салмақты, жағдайсыз күндерді басынан өткізген ел есі кетіп, жан шығардай болғанда Гималай асып, Тибеттің шекарасына келіп жеттік. Тибет жерінің топырағы нәсіп болды.

- Тибеттіктер қысым көрсеткен жоқ па?  

- Тибеттің Ласса деген жеріне  таяп қалғанда Қобдабай, Рақимолда  деген  және бір ауыл қазақтарымен кезігіп қалдық. Олар Үндістанға барған Елісхан батырдың елінен айырылып, он үш жылдан бері Тибет жерінде қалып қойған екен. Тибеттегілер бұларға «біз сендерге тиіспейміз, сендер де бізге тиіспеңдер, өз еріктеріңмен жүре беріңдер» деп рұқсат берген екен. Алдыңғы көштен қалып қойып, соңғы көш – біз келгенше Тибет жерін мекендепті. Ақыры, көшке ілесіп, бізбен бірге жүретін болды.Осыдан кейін ел басшыларымыз Қобдабай, Рақимолданың ауылынан жақсы тибетше тіл білетін жігіттерден бірнеше кісіні тибеттердің алдыңғы қатардағы бастықтарымен кездестіріп, ел не себепті көшіп келе жатқанын түсіндіріп айтқызды. «Бүгін біз мынадай күйге душар болсақ, ертең сіздер қандай болатындарыңызды кім біледі. Енді бізге тосқауыл салмай жіберіңіздер, бір-бірімізге жау болмай кете берейік» деп келісім жасап барған адамдар қайтып келген болатын. Сонымен, келісім бойынша жол жүрген көш қай жерге қонам десе, сонда қонып, арқаны кеңге салып келе жатыр. Тибеттің көсемі Далай-лама барлық буддистердің рухани басшысы болатын. Лассаға келген жер бетіндегі буддистер де өзінше «қажы» боп қайтады деп бала кезімізде еститінбіз. Ақсақалдарымыз: «Анау тұрған үлкен там үй – буддистердің табынатын орны» дейтін. Лассаны алыстан болса да көзбен көрдік. Алдымызда не күтіп тұрғанын бір Алла біледі. Жаратқан иеміздің бізге өлшеп берген ғұмыры бар шығар. Уақыты жеткендер бірте-бірте жарық дүниеден кетіп жатыр емес пе? Уақыты келмегендер аш-жалаңаш, әке-шешесіз қалса да, өзіне бұйырған нәсібін теріп ғұмыр сүрмей ме? Міне, сондай жетімнің бірі – хижрет етіп келе жатқан біздер. Жетем деген жеріне келгенше қанша азап көріп, жапа шегіп жүрсе де, қаншама мемлекетті шарлап, өзі жете алмаса да, қалған ұрпағын жеткізгісі келген аталарымыз Тибетті асып, Үндістан шекарасына келді.

ҚАСЕН БАТЫР БІР  ӨЗІ ОН ШАҚТЫ ӘСКЕРДІҢ КҮЛ-ТАЛҚАНЫН ШЫҒАРДЫ

- Үндістан жеріне өтулеріңіз қақтығыссыз болмапты...  Дұшпанның бетін қайтару оңайға түспеген шығар...

- Үндістан шекарасынан өтіп,  Ладак жеріне  таяу келгенде, шекара әскерлері жалма-жан біздің көшімізді тоқтатып: «Сендер шекараны өтуге жақын келіп қалдыңдар. Бұларың болмайды, қайта шегініп, бес-он шақырым жерге барып тоқтайсыңдар. Қолдағы барлық қаруларыңды бізге бересіңдер, ешқайда кетпейсіңдер. Бір-екі күн ішінде біз қайтып келеміз», – деп кері шегіндіріп, тұратын жерлерімізді көрсетіп кетті. Екі күннен кейін әскерлер қайта келіп: «Сендерді қазір қабылдап, шекарадан өткізе алмаймыз. Осы жерде тұрасыңдар, қолдарыңдағы қару-жарақ, мылтықтарыңды бізге бересіңдер» дегенде ел шулап қоя берді. «Мына артымыздан қуып келе жатқан дұшпан әскерлері бар. Оларға кім төтеп береді? Сендер бізді қорғайсыңдар ма? Бізді қабылдап, шекарадан өткізетін болсаңдар ғана қаруды береміз, әйтпесе арттағы дұшпан бізді бірақ қырып тастайды»,- деді  біздікілер. «Олай болса, қару-жарақтарың қолдарыңда қалсын» деп бізді қабылдады.

Арада жеті-сегіз күн өткеннен кейін түнде ел ұйқыда жатқанда дұшпан әскерлерінің жақындап қалғанын қарауылға қойған күзетшілер көріп қойып, дереу елді оятпақшы болғанда, мен де жаудың келгенін түсімде көріп, «жау келді» деп қатты айғай салдым. Күзетшілер жедел мылтықтарынан оқ жаудырып, елді оятып, ауылдағы барлық жігіттер де дереу қақтығысқа араласып кетті.  Әйелдер де жалма-жан түйеге жүкті артып, көшті алып кете берді.

Таң ата дұшпанмен атысып жатқан жігіттер екінтіден кейін көшке келіп қосылды. Сонда Қасен батыр бір дөңнен тапжылмай отырып, кем дегенде жалғыз өзі он шақты әскердің күл-талқанын шығарды деген хабар келді. Артынан шекарадағы Үндістан шекарашыларын ертіп апарып, қырып тастаған әскерді көрсеткенде олар таңғалып, «чабаш, чабаш» – «жарайды, жарайды» деп, «енді сендер Қарғыл деген аймаққа  жақын шекарада бір жерге орналасасыңдар, дереу сол жерге бізбен бірге жүріңдер» деп алып барды. Сол жер шекара әскерлерінің жатқан жері екен, бізді әкелген жер де осыларға жақын болды. Ортада үлкен бір жыра бар, жыраның ар жағында әскерлер, бер жағында біздер қоныстап жатырмыз. Біз төрт-бес бала ауылдағы үлкендерге білдірмей, ойнаған боп барып, күнде әскерлерден тәтті тоқаш сұрап алып жейтінбіз. Тибеттер бізбен атысып өлген әскерлерінің өлігін қашарға артып, Қарғылға әкеліп, мына қазақтар өлтірді деп шағым беруге бара жатқанын әрі-бері өткенде біз, балалар, тамашалап, қастарына барғанда бізді жек көріп, күрең қабақ қарап, тіл қатпай өтіп кететін. Артынан үлкендер: «Қытай әскері бізді қалай тауып алды? Біздің қайда жүріп, қайда жатқанымызды қайдан біледі? Үндістанға, қала берді Тибеттің Лассасына жеткенше саудагер сарт  ағайындар көп жүреді екен» деп айтып отыратын. Олармен де жолда көп кездестік. Сұрасаң: «қашқарлық», «қотандық», «жаркенттікпіз» деп айтады. Дұшпан әскерлері осылардың бірін ұстап алып, бізді артымыздан қуып келді ме екен деген күмән де болғанын үлкендер айтып отыратын.  «Не болса да, қазақтар аман-есен осы жаудан құтылдық.

Біздер осындай жағдаймен шекарада тосып жатқанымызда «Дәлелхан Жаналтай Қарғыл арқылы Ладакқа барып, Үндістанға арыз бергелі кетті» деп Сұлтаншәріп ағамыз айтып отыратын. Үндістанның автономиясы Кашмирге берген арызымыз қабылданып келгенше, бір ай осы шекарада күтіп қалдық. Артынан сәті келіп Кашмир өкіметі бізді қабылдап алатын болды деген хабар келгенде қуанышымыз қойнымызға сыймай, төбеміз көкке жеткендей болып, үлкендеріміз де: «Я, Құдай, рас па» десіп көзге жас алып, қуанышын білдірді. Сөйтіп тұрғанда ауылымызға бір қора әскер келді. Ішінде бір мұсылман генерал мен бір офицері, Ғани деген ұйғырша білетін тілмаш әскер бар екен. «Ертеңнен бастап барлық тізімдеріңді аламыз, малмен бірге қолдарыңдағы қару-жарақтарыңның біреуін қалдырмай тізімге жаздырасыңдар, бәрін дайындап қойыңдар» деп айтып кетті. Содан кейін ақсақалдар мен ел бастаған басшылар бас қосып, жиын өткізді. Қолымыздағы мылтықтардың кем дегенде жартысын майлап, киізге орап, маңайдағы жартастың арасына жасырып, белгілеп қояйық деген шешімге келді. Жартастың астына жер қазып, мылтықтардың ең жақсыларын көміп тастадық. Келесі күні тізім алғандарға қолымыздағы бар жабдық осы деп, тізімдеттік. Жан саны мен мал санында тізімдеп өткіздік. Осы шаруалардың бас-аяғы біткенше алты-жеті күн өтті.

- Ал Кашмирге қалай бардыңыздар? 

- Бізді Кашмирге алып бару үшін мұсылман генерал бір топ әскерімен шықты, ішінде Ғани да бар. Ол ұйғыр тіліне аударып айтқанына қарағанда, енді біз өз көліктерімізбен жүреміз, егер көлігіміз бізді толық алып жүре алмаса, бізге жолда тибеттерден көлік ылаулап алып береді. Бізді Кашмирге аман-есен жеткізу міндетін әскер өз мойнына алатынын хабарлады. Азын-аулақ қойымызды айдап, Кашмирге келе жатырмыз. Кей кезде көліктеріміз арықтап, жүруге тақаты қалмағандай болғанда, бізді бастап алып келе жатқан генерал офицер тибетті шақырып, ылауға алатын жылқыларды сұрады. Тибеттер жылқысын бергісі келмеді, бірақ айдарынан ұстап, шыр айналдырып қоя бергенде, жерге жығылып, дереу айдап әкеп берді.

Екінші бір жерге жеткенде бұлардың жылқысын қайырып беріп, қайтарып жібереді де, келген жерден қайталап ылауға жылқы алады. Осылайша көшіп келе жатырмыз. Тағы бір жерге келгенде екі таудың арасына ұзын аспа көпір салынған екен, сол көпірден өтпекші болдық. Сонда жылқы-түйе өздігінен көпірден өтпейді екен. Олардың көзін байлап, әрең дегенде жетектеп өткіздік. Көпір бесіктей тербетіліп тұр. Расын айтсақ, біз, балалар, қатты қорқып, жылап, әрең жүріп өттік. Он күндей жүрген соң Кашмирге таяп қалдық. Бізді алып жүрген әскер бастық: «Алдағы баратын жерден жүк салатын мәшинелер келеді, соған отырып жүресіңдер» деді. «Жылқы-түйе көліктеріңе, айдап келе жатқан малдарыңа бірнеше кісі қалдырыңдар, олар артымыздан айдап, Кашмирге әкеледі, бұған шүбә келтірмеңдер» деген соң, жұрт мұны мақұлдады. Сонымен, мәшинеге отыратын жерге келдік. Осы жерде әскер бастық: «Енді сендерді түнде алып жүреміз, себебі үнді әскерлері көріп қойса жақсы болмайды, мәшиненің жарығын да өшіріп тастаймыз, оларға мүмкіндігінше сездірмей өтсек абзал болады»,- деп түсіндірді. Сонымен, қараңғы түнде қалың тоғайдың ішінен жол алып тізілген мәшине көлікпен келе жатырмыз. Әйтеуір бағымыз бар екен, жылаған бала жоқ, дәріпті ел боп, салған жүктің үстінде мәшинеде отырмыз. Ауа райы да ерекше жақсы, желпіндіріп, кең алқап аққан өзеннің сылдырап ағып жатқан дауысы мен бұлбұл құстардың қоса жарысып жатқан дауысы сарайыңды ашып, жүрегі жаралы қаймығып келе жатқан елдің еңсесін бір көтеріп тастағандай болды. Сонда мәшиненің үстінде қасымда отырған марқұм Шұғайып зәңгі ағамнан «мына судың ішіндегі жарқырап жатқан не нәрсе» деген сұрағаныма «су түбінде жатқан гауһартас» деп жауап берді. Мен балалық сезіммен сендім. Кейін ұғынсам, ол суға түсіп тұрған тоқтың сағымы екен.

Бұрын тоқ көрмеген балалық дәуірім осыдан байқалады. Мәшине күні-түні жүріп, таң ата бере Сринагар, Кашмирдің Сарай-Сапакәделіне әкеліп түсірді. Сарай ортасы үлкен алаң  екен. Кашмирге бұрыннан келген ұйғыр ағайындар біздің келетінімізді естіп-біліп, шай-суын дайындап күтіп отыр екен. Шарасыздықтан елінен, жерінен айырылып кетсе де, ажалы жетпегендер түбінде бір арманына жетеді екен. Аталарымыз бен әкелеріміздің өздері өлсе де қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, Ақтабан Шұбырынды болсақ та, аштан өлтірмей, көштен қалдырмай, тұқым-жұрағат ұрпақтарының қалғаны міне, әу бастан бетке алған Үндістанның Кашмир аймағына келіп жеттік. Бізді қарсы алып тұрған ұйғыр ағайындардың өздерінің құрған қоғамдары да бар екен. Бастығы – Қасым Дамолла деген кісі болатын. Алыс жолдан арып-талып келген елге дайындап беріп жатқан шай-суға қанып болғанша түс болды. Түскі намаздан кейін демін алып болды-ау дегенде, жұртты қайта жинады. Қасым Дамолла «сіздердің қуанышыңызбен бірге жұбанышыңызға да ортақ болып тұрмыз» деп, сөз бастағанда көз жасын тоқтата алмай, қайран туғандар-ай деп күрсініп, қайта-қайта жұтынып барып, Кашмирге қош келдіңіздер дегеннен кейін барып, шешіле сөйледі. «Сіздерді мына азат елге келулеріңізге бірінші Алла жар болса, екіншіден мына сіздерді бастап алып жүрген ел бастаған бастықтарың мен батырларыңыз екендігі күмәнсіз. Сол үшін бұл бастықтар мен батырларға ерекше сәлем беріп, бас ием, және жалпылай сіздерге тағы бір рет қош келдіңіздер деймін. Иншалла, ертең осы келген сіздерге Кашмирдің падишасы Шейх Мұхаммад Абдулла өзі келіп, амандасып, қол ұшын беріп, сіздерді көреді» деген хабарды айтып, сөзін аяқтады.

- Ұлт тарихындағы қасіретті көш қаншама азап-арпалыстан соң Түркияға жеткені мәлім. Ол жаққа қай уақытта табан тіредіңіздер? 

- Кашмирге келіп көп азаптан, өлім-жітімнен құтылып, аман-сау аз да болса жақсылықтың шетін көріп, ел есін жиып, келешегін тағы ойлана бастады. Қазақтар Османлы империясынан бері қарай Түркияны жақсы біледі. Сол кезден бастап қазақ қажылары Ыстамбұл арқылы Сауд Арабияға қажылыққа барып, Мекке-Мединені тәуап етіп қайтатын. Соның бірі Сәбитұлы Зуқа батыр. 1904 жылы қасына ерткен көптеген қазақ қажыларымен бірге Ыстамбұл арқылы қажылыққа барып қайтқан болатын. Осылайша қазақ халқы ерте заманнан бастап Түркияны жақсы білетін. Түрік пен қазақтың түбі бір, діні бір екені мына сөзден де байқалмай ма: «Арғы атам Ер-Түрік, біз қазақ еліміз» деп босқа айтылмаған шығар. Осыны білген, осыны ойлаған ел бастаған басшы аталарымыз ендігі қалған ұрпақтарымызды түбі бір түрік еліне жеткізейік деп ойлап, Түркия Республикасына баруға арыз берген болатын.   Кашмирден көшті бастап, Құсайын тәйжі Түркияға 1952 жылғы көктемде бет түзеді. Біздің жақтан Сұлтаншәріп ағамыздың үлкен ұлы Әнуарбек, інілері Шәми ағамыз, Мапиан ағамыз, Тәтей ағамыз және басқа ел де бар, Құсайын тәйжімен бірге қосылып көшіп кетті. Қалғанымыз Сұлтаншәріп ағамызбен бірге қалдық. Алдымен Түркияға барған Құсайын тәйжілер Ыстамбұлға жеткеннен кейін, бір жылға таяу, Göçmen evi деген қоражайда уақытша тұрған. Бұларға сонда қандай кәсіппен шұғылданасыңдар, қандай жерге орналасуды қалайсыңдар деп, өздеріне жер-су таңдатқан. Сонда Құсайын тәйжі Қайсері аймағы, Яхиялы мен Девелі ауданын көріп, осы жер бізге ұнайды, бие байлайтын сазы мен жазық жайлауы бар екен деп, диқаншылықпен айналысып, мал бағып жан сақтаймыз деген. Түрік өкіметі де 1952 жылы осы жерге қоражай мен басына үй салып, бауырына қазан асып берген. Осының бәрін хат арқылы Кашмирде қалған біздерге білдіріп тұрған болатын. Құсайын тәйжімен бірге барған Әнуарбек бастаған ағаларымыз түгелдей Қайсеріге бармай, Сұлтаншәріп ағамыз бен біздерді қайтсе де артымыздан келеді деп, күтіп қалған. Енді бір жағынан Пәкістандағы ағайындарға түгел басқосып қалмайтын болып, кейбіреулері өз еркімен босқын болып та, болмай да Түркияға келген. Осымен аласапыран болып, бір жылдың ішінде көптеген қазақ Түркияға келіп болды. Мұның да тарихи бір шындық себебі бар. Пәкістаннан келген ағайындардың айтқанына қарағанда, «егер біз тездетіп Түркияға кетіп қалмасақ, елдің жартысын коммунист қытай мыналар біздің азаматымыз деп, алып кетуге мәжбүр ететіндей дайындық жасағанына көзіміз жетті. Ішімізден бірнеше үйді де көшіріп алып та кетті» дейді. Осыны көрген ел тәуекел деп, Түркияға қашып келгендей болдық деп айтады. Сонымен, бұлар да 1953 жылдың аяқ шенінде Түркияға келіп болған. Түркияға келмеген елдің артында Кашмирде Сұлтаншәріп пен Қалибек, Дәлелхандар қалған болатын. Енді осыларға да елдің көбі кетіп, қабырғаларына ақылдасатын уақыт жеткен шығар. Әсіресе Сұлтаншәріп ағамыз үлкен ұлы Әнуарбек пен інілері алдын-ала кеткен соң, бір жағынан соларды ойлап, енді бір жағынан қалған елін ойлап, бұлардың артынан екі жылдан кейін Сұлтаншәріп те Түркияға   көшпекші болды. Қалибек те, Дәлелхан да өзіңіз біліңіз деді, біздер әлі де осы жерде тұра тұрып, артынан келерміз деп қалатын болды. Ал Сұлтаншәріп тәйжі ағамыз қалған елімен 1954 жылғы 10 маусымда Сринагар, Кашмирден көшті алып шықты. Автобусқа мініп, бірнеше күннен кейін Үндістанның Патанкот деген қаласына келіп, осы жерден пойызға мініп, Бомбейге барамыз десті. Біз балалар да осыны естіп, пойызды бұрын көрмегендіктен, қандай екенін көріп, тамашаламақшымыз. Сондықтан кешке жақын келеді деген пойызды асыға күтіп жүрміз. Вокзалға барып, теміржолды көріп, пойыз мынау сызық құсаған темір жолдың үстінен қайтіп жүреді деп, таң-тамаша болып, екі көзіміз сонау ұзаққа қарап, пойыз қашан келеді десіп, сол маңда ойнап жүрдік.

Бір уақыттан кейін айтқандай, кешке жақын басынан бұрқырап қап-қара түтін шығып, анда-санда жерді жара ысқырып, күркіреген пойыз көрінді. Оның дауысын ести сала жүгіріп кеп, жұртқа пойыз келе жатыр деп шуластық. Біз айтқаннан кейін олар да пойызды тамашалап қарап тұр. Осымен елдің көбі бұрын көрмеген пойызды көріп, енді соған мінетін болды. Бәрібір салт басты, сабау қамшы дегендей, мініп жүрген атымыз, айдап жүрген малымыз жоқ, Алла жеткізіп, темір көліктерге мінетін болдық. Бұған да тәубе, халықаралық адам құқықтары ұйымының көмегімен бізді алып жүргендер бекетте тұрған пойызға әкеп орналастырып, артынан: «Енді осы пойызбен бірнеше күн жүріп, Бомбейге барасыңдар. Бомбейге барғаннан кейін сол жерден үлкен кемеге түсіп, Пәкістанның Карачи қаласы арқылы Бағдат-Басрадан бір-ақ шығасыңдар» деп қайта-қайта айтып түсіндірді. Біз де мақұл болады дестік. Сонымен, қара пойыз қаланы қақ жарып, ысқырып, будақ-будақ түтіні көкке жайылып кетіп барамыз. Күні-түні тыным алмай жүріп, бір тәуліктен кейін таңға жақын бір бекетке барып тоқтағанда қарасақ қалың маймыл қаптап, пойыздың төбесіне шығып алыпты. Қалғаны жан-жақтағы жергілікті адамдармен бірге араласып жүр. Біз де бұған таңғалып, тамашаладық. Расында біз бұрын мұндайды көргеніміз жоқ, халық қызық көріп маймылға тамақ және банан беріп жатыр. Бермесе де ала қашып, жұла қашып жүр. Бұл да көптен бері маңдайымыз жазылмай, қабағымыз ашылмай күлкіні ұмытып кеткен біздерге қайтадан көңіл жұбатарлықтай болып, біздер де халықпен бірге еріксіз күліп, бір жырғап қалдық.  Елімізден, жұртымыздан, ата-әжеден, әке-шешеден айырылып  босқын болып, сонша ауыр салмақты күндерді басымыздан өткізіп, суық қыс күнінде мұз жастанып, қар жамылып, қан құсып жүрген кезімізде қай жерімізден күлкі келіп бізді мазалайды дейсің. Сол үшін қуаныш-шаттық  өмір бойына, иншалла бізге бұдан былай жолдас болар деген үміттемін.

Сұхбатыңызға рахмет!

 

Байланысты жаналықтар

Енді Қытаймен арадағы шекараны жаяу кесіп өтуге болады

08.12.2024

Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады

02.12.2024

Анталия әуежайында ұшақ өртенді

25.11.2024

Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Гран-приде екінші орын алды

23.11.2024

Бүгін - теңге күні. Ұлттық валюта қалай жасалды?

15.11.2024

Есірткі сақтады делінген қазақстандық Түркиядан экстрадицияланды

14.11.2024
MalimBlocks
Енді Қытаймен арадағы шекараны жаяу кесіп өтуге болады

Абай облысындағы «Бақты» шекара заставасы жаяу жүргіншілер үшін ашық. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады

Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың ықпалдастығы қарқынды әрі сан қырлы сипат алғанын айтты

Анталия әуежайында ұшақ өртенді

Әуежайдың ұшу-қону жолағы уақытша жабылды

Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Гран-приде екінші орын алды

Ол енді еркін бағдарлама сынына қатысады

Бүгін - теңге күні. Ұлттық валюта қалай жасалды?

1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді

Есірткі сақтады делінген қазақстандық Түркиядан экстрадицияланды

Бұрын одан 17 қапшықша аса ірі көлемде меткатинон тәркіленген еді