Гималай асқан көштің соңғы  куәгері: «Бір түнде отыз кісі қаза тапты»  

Алға қарай екі адым басса, сол мезетте жығылады

Олжас Қасым

  • 15.11.2022

XX  ғасырдағы қуғын-сүргін мен ашаршылық қазақ тарихындағы ең ауыр нәубет саналады. Миллиондаған адам мерт болып, мыңдаған қандасымыз елден кетіп, жаһанның әр бұрышына тарыдай шашырады. Мәселен, әлемдегі ең ұзақ әрі қасіретті көш Шығыс түркістанды мекендеген қазақтардың Тибет асуы. Бұл ғылыми зерттеуді қажет ететін ірі оқиға. Жақында осы көштің көзі тірі куәгері, әйгілі Зуқа батырдың немересі Абдуррахман Жәлелұлы Четиннің  «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты кітабы жарық көрген еді.   12 тараудан тұратын еңбекте автордың 1950 жылдары өзі көрген оқиғалары баяндалған. Бір қауым елдің Қытайдан Гималай асып, Үндістанға сәл тұрақтап, Түркияға орнығып, Германияға қоныстанғаны айтылады. Кейіпкерімізбен Азиядан Еуропаға шыққан көш кезіндегі жол азабы мен басқа да қиындықтар туралы  әңгіме өрбіттік.       

ҚЫТАЙЛАР АТАМНЫҢ БАСЫН КЕСІП АЛЫП, КӨПІРГЕ ІЛІП ҚОЙҒАН   

- Абдуррахман аға, Сіз әйгілі Зуқа батырдың немересі екенсіз. Елі  үшін аттан түспей, аяусыз күрескен қайсар батыр қандай жағдайда қаза тапты? Ата-бабаларыңыз Алтайға қашан қоныс аударған? 

- Мен Зуқа батырдың Жәлел деген ұлынан тараймын. Баһадүрдің одан өзге Сұлтаншәріп тәйжі, Шериаздан молда, Шадет, Шамардан зәңгі, Шәми қажы, Қалел, Қизат қажы, Садырағзам, Сауат қажы секілді балалары болған. Зуқа батыр шамамен 1866 жылы Семейдің Кендірлік деген жерінде дүниеге келіп, 1882–83 жылдары Алтайға  қоныс аударған екен.  Сол жақта тірлік кешіп,  Көктоғайда жерленген.Үлкен атамыз Нұрмұхаммет те, атамыз Сәбит Дамолла да Семейөңірінде туып-өсіпті. Кейін Самарқан мен Бұхарада, Қазан мен Уфашаһарларында діни білім алып, туған жерінде мешіт-медресе ашқан ғұлама кісілер болыпты. Нұрмұхаммет Сары абыз атанған. Екеуінің дезираты Зайсан өңірінде.

1929 жылы Гоминьдаң  үстемдік еткен кезде әйгілі қажы Зуқабатыр Сәбитұлы атамыздың ауылына қастандық жасалған. Гоминьдаң  әскері бір түнде бір ауылды басып алуға шабуылға аттанғандаКөктоғай ауданындағы Белқұдық деген жерде Зуқа батыр ауылындағы 53 кісімен бірге шейіт болған. Дұшпандар Зуқа батырдың басын алып Сарсүмбедегі көпірге ілген екен. Кейін  Сұлтаншәріп тәйжі Қытай үкіметімен келісімгекелу арқылы әкесініңбасын қайтарып алған. Өзі Алтайдан кетпей тұрып, Көктоғай мен Дүре арасындағы Белқұдық деген жердегі атамыздың шейіт болғанорнына өз қолымен 53 құлақ шығарып, үлкен дөңгелек қорған тұрғызған болатын. Атамызбен бірге 53 шейіт сол қорғанның ішінде жатыр, 53 құлақ сол шейіттерге арналған белгі болатын.

Осыдан кейін үлкен ұлы Сұлтаншәріп ағамыз бұл жер бізге қоныс болмайды екен деп елін бастап, Құмыл және Баркөл дейтін қиырдағы аймаққа қарай көшуге мәжбүр болған. Баркөлге барғаннан кейін Сөрлік жайлауына шығып жайлап жүрген. Қыста Сауысқанды  деген жерге барып, қарағайды кесіп, қыстық үй және тошала үйлер салған. Қыстаосы үйлерде, жазда сахараның кең жайлауында күн кешкен ел болатын. Сөйтіп, қорада қойы, өрісте жылқысы мен түйесі, желіде биесімен көгенде қойы сауылып, бір жағынан құрт-май, ірімшік алып жатса, екінші жағынан сары қымызымен сабаны пісіп, денеңе дәру болар, қан тамырларыңды кеңейтер, ішкендетыныс ашатын ғажап сусынды ел ішіп жататын. Ал қой мен  сиыр сүті құйылған сабаны да пісіп, майын алып, оны қойдың қарнына толтырып, қыс пен жазға азық болатындай етіп жасап алады.

Осы Сауысқанды қыстауында «Атаң үйі» деп аталатын Орысай атамыздың үйімен қатар отыратынбыз және Шериаздан молда ағамыз да бірге қоныстас болып отыратын. Сұлтаншәріп ағамыздың баласы Талғатбек, Орысай атамыздың баласыИсламбай, Шериаздан молда ағамыздың баласы Ибрахим, Жәлелдің баласы, мен Абдуррахман – бәріміз мұз боп қатқан өзен үстінен құйрығымызға тас қойып, сырғанап ойнайтынбыз.

Осындай еркін өмір сүрген сахара халқының басына күн туғаннан кейін қазақтың қамын ойлаған би мен төрелер бас қосып, келер ұрпақтың тағдырын талқыға салып, азат елге жеткізу жөніндепікірлерін айтып, кеңес өткізеді. Ақыры, бір мәмілеге келеді. Алдымен Шинхайдың Гансу өлкесіне бет алып, одан әрі Үндістанға барудыжобалайды. Елісхан батыр Алыпұлы бастаған көш 1936–38 жылдарыШыңшысай тұсындағы зұлмат басталғанда ел ауып Шинхайға бет алып көшкенде жарық дүниеге мен келген екенмін. Менің өмір жолым осынау көшпен бірге басталған сияқты.  

- Қойын құрттап, қымызын ұрттап отырған елдің бөтен аймаққа үдере көшуіне не себеп болды?  

- Сұлтаншәріп пен Оспан батыр Баркөлдегі көл жағасында отырғанда Америка консулы Маккирнан жолдастарымен Оспан батырғакелген еді. Оспан батыр Сұлтаншәріп тәйжіні қасына шақырып,Америка консулын Тибетке қайта шығарып салу жөнінде ақылдасқан. Соңында Оспан батыр мен Сұлтаншәріп тәйжі ортақ пікірге келеді. Сұлтаншәріп тәйжі Оспан батырға: «Сен екі жігіт, мен екі жігітшығарып, жолды жақсы білетін төрт жігітті жолдас қылып, консулға қосайық. Гәскөлдегі Құсайын тәйжі әрі қарай Тибетке шығарып салсын», – дейді. Сұлтаншәріп тәйжі Қариға қажы мен Зиратбайды,Оспан батыр қолындағы жас хатшысы Зәлабай мен Қиса батырды қосады.

Қазақ жігіттері Құсайын тәйжіге аман-есен жеткізгеннен кейін елге түгел ораласыңдар деп әмір етеді.Ағамыз Қариға қажының айтуынша, жалғыз Зәлабай ғана Құсайын тәйжінің хатшысы болам деп сонда қалады. Қариға қажы, Зиратбай, Қиса батыр үшеуі он бес күндей жүріп, қайтып келген болатын. Кейін Құсайын тәйжіге хатшы болып қалғанда АҚШ консулынүш жолдасымен бірге аман-есен Тибетке шығарып салғанын Зәлабай өзі айтады. Қариға қажы, Зиратбай, Қиса батыр қайтып келгенненкейін, Оспан батыр Сұлтаншәріп тәйжімен ақылдасып, «мен Гәскөлдегі Құсайын тәйжіге қарай барып, малды семіртіп алайын, сіз деөз шамаңызға қарай сонда келерсіз» деп 1948 жылғы күзде АтаөрікТүркелдегі өзіне қарасты елімен Баркөлден көшіп кеткен болатын. Сұлтаншәріп тәйжі, Алтынбек жоян, Жанәбіл, Мұқәділ, Кәбен тәйжі,   Қатай өз орындарында қалған. Арада көп уақыт өтпей-ақ осы айтып отырған бастықтардың бәрін жинап, әр күн сайын үгіт-насихат жүргізген еді. Әсіресе Сұлтаншәріп тәйжіні сұраққа тартып, төрт-бес күн бойы үкімет тамақ бермей, ұйықтатпай қояды. «Еліңмен бірге Гунсанданға түгел бағынғанша мазаңды аламыз. Қала берді, қашам десең жаныңды аламыз. Қашып құтыла алмайсың. Осының бәрін өз бойыңа сіңір» деп қамаудан босатқанымен, барып еліңді үгіттеп, бір жетіден кейін қайтып келесің деген міндет жүктеген. Бұйрыққа іштей мақұл демесе де, ішінен барып көрейін деп, Атаөрік Түркелге қарай кететін Баркөлдің шетіндегі ауылға Сұлтаншәріп күндізгі сағат тоғыз-он шамасында келген болатын. Келесала өзінің туыстары мен ел-жұртына мынадай хабар айтады: «Менімен бірге барам дегендерің артымнан еріңдер, қосылмасаңдар не жанымыз қалады, не малымыз қалады. Өздерің шешіңдер, менің айтарым – осы», – дейді.

Енді қайттік деп шуласқан жұрт  өрістегі малын айдап әкеліп, үйін жығып, биесін байлап, түйесін қомдап, жүгін артыпдайындалып жатыр. Ел ағайын-туысын қалай қиып кетерін біле алмай, улап-шулап жатады. Бір жағынан, өзінің еркін өскен атақонысын қимай,көз жасын көл қылып, бәрін артқа тастап бара жатқанына қиналды. Сөйтіп тұрғанда түс ауып, екінті уақыты болып қалған еді. Сұлтаншәріп ағамыз өзімен бірге кетуге, осында қалуға жиналған елдің алдына шығып: 

«Ал, ағайын-туысым, ел-жұртым! Біз өз еркімізбен кетіп бара жатқан жоқпыз. Жерден, діннен айырылып қалмай, өлсек шейіт, тірі қалсақ қазы болып жүрерміз. Болашақ ұрпағымызды біз сияқты қорлық пен зорлыққа душар қылмай, жер жүзіндегі басқа еркін елдердің қатарына қосу үшін бар күшімізді салып күресуге мәжбүрміз. Ал мұнда қалсақ, біздің еркіндігіміз болмайды... Осы жолда өлсек шейіт, өлмесек қазы болармыз. Түбінде Алла қаласа, аңсаған арманға біз жете алмасақ, кейінгі ұрпақ жетер. Қазір ғана Баркөл қалашығындағы Гунсанданның қабылдауынан келіп тұрмын. Артық сөзді қойып, жолымызға түсейік», –деді де, қалған жұртпен қоштасып болғаннан кейін, бетке алған азаттық жолына көшті бастап жүріп кетті.

- Көш кезінде қандай қиындықтарға кез болдыңыздар?

- Екінті уақыты еңкейіп кетіп бара жатқанда қазақтың өз ішінен шыққан қалың жау біздің ауылымыздың көшін бір белесте аңдып тұр екен. Көшіп бара жатқан қалың көшке оқ жаудыра бастағанда біз де қаша жөнелдік. Жаңбырша жауған оқтан, шаңнан алдымыз көрінбейді. Мен әкемнің артына мінгесіп келе жатқанмын. Сол арада ағамыз Шамардан Зәңгі оққа ұшты деген дауыс шықты. Бұрылып қарауға мұрша бермеген оқтан марқұм ағамыздың өлігін де ала алмай, амалсыздан жүріп кеттік. Жаңбырша оқ жаудырған опасыз жау кім десек, Баркөлде қалған Тасбикелер екен. Себеп – ел арасындағы жесір дауы. Ел көшерде Сұлтаншәріп тәйжінің айттырылған қызын ұзатуға уақыт болмай, қысылтаяң шаққа кез болғандықтан, артымызға қарамастан, күндіз-түні жүріп, Көшетіні асып, Құмыл алқабына  қарайбет алдық. Құмылға таяп қалғанда аймақ әкімі Жолбарысбек алдымыздан шығып, бізді қарсы алып, қала шетіндегі өзен жағасына қалың елді қондырды.

Жолбарысбек екі күн бойы екі жүз әскерімен осында қалып, Сұлтаншәріппен ақыл-кеңес өткізді. Сұлтаншәріп: «Сен мына екі жүз әскерді өзіңмен ертіп жүрем десең, біраз уақыттан кейін азығы таусылып, біздің мініп жүрген атымызды, түйемізді, қала берді айдап жүрген малымызды жейді. Одан кейін өзімізге ауыз салады. Жолбарысбек, сен одан да жиырма әскер ертіп, менімен бірге тәуекел етіп жолға шық», – дейді.Сұлтаншәріпті тыңдап, Жолбарысбек те бізбен бірге көшеді. Жолбарысбек бізбен келе жатқанда Тәжінорға жетпей, артымыздан қуып келген Гунсандан әскері бір сайға түсіп, қалың ел демалып, енді шай ішкелі жатқанда басып келіп қалады. Ел жүгін артып болғанша Жолбарысбектің он орыс әскері үлкен сайдың аузынан пулемётпен атқылап, жауды алға қарай бастырмай қойған.

Сұлтаншәріп тәйжі мен Талғат Кочйигит

ТИБЕТТІКТЕР ТҮЙЕГЕ ТӘЖІМ ЕТТІ  

Жолбарысбек осы қақтығыстан кейін бізден бөлек, өз әскерімен кетті. Енді қалған ел, біз, Оспан батырға жету үшін екпіндетіп келе жатырмыз. Сұлтаншәріп ағамыздың соңынан келе жатқанын естіген Оспан батыр да артына қарайлап көшіп жүреді екен.Сөйтіп, Мақайға жетпей Оспан батырдың көші мен біздің көшіміз бір белден аса бергенде кездесіп қалды. Сонымен, Сұлтаншәріп пен Оспан батырдың жолдары қайта қосылды. Арамызда Елісхан батырмен Үндістанға бірге барып, елге қайта оралған Қасен батыр бар еді. Қасында   ағайындылары Тұрапбай, Қасымбай деген інілері бар еді. Қасен батыр – құралайды көзге атқан мерген.

Сөйтіп, көш керуенімен жайбарақат жылжып отырдық. Арада бірнеше күн өткен соң Тәжінордағы Құсайын тәйжі, Қалибек, Дәлелхан Жаналтай, Қамза (бала Қамза), Омар Үкірдай, Тәкіман батыр, Омарбай, Шүкен, Сабәділ, Ислам ақсақалдар, Қайнаш Төкеш, Мәдәлім Чалышкан, Ораз Күмандан, Ахмет,Нұрмұхаммед молдалар, Оштан ақсақал, Қахарман, Қарамолда, Зәлабай тәйжі, Мөрдіқан, Бағысиақсақалдарға келіп, Құсайын және Қалибекпен қосылғанда осы елдіңқадір тұтқан азаматтарымен таныстық. Үндістанға кетеміз деген ел топтасып, бұрын-соңды бірін-бірі көрмеген ағайындар аман-есен қауышып, бір жерде бас қосқанына қуанып жатыр. Ел мұнда көп тосылмаса да, жақсы демалып қалды. Осы жерде Құсайын тәйжі, Сұлтаншәріп тәйжі, Қалибек хакім, Дәлелхан Жаналтай, Нұрғожай батыр, Қасен батыр, Омар Үкірдай,Қамза Үкірдай және басқа да ақсақалдар жиналып, Үндістанға кету жөнінде ақылдасқан. Сұлтаншәріп, Құсайын, Дәлелхан, Нұрғожай батыр, Қасен батыр, Ахмет молда – бәрі жолдың ұзақтығын айтып, «Гималайды асып өту қиын, сондықтан мұнда көп бөгелмей дереу кету керек»,- деді. Қалғандары, Кәбен қара молдаға қарасты ел: «Біз осында қалып, күн жылынғанда соңдарыңыздан келеміз», – деді де, қалып қойды. Кететіндер тәуекел етіп, жолға түсіп келе жатыр. Көш бағыты – Үндістан болғанмен, жолымыз Тибетті басып өтуі керек. Сондықтан көшіміз Тибет жеріне келіп, сонда жүрміз. Тибет халқы өте момын екені байқалып тұр. Олар бұрын түйе көрмеген халық екен. Түйе көргенде тәжім етіп, жерге жатып, құлдық дегендей жалбарынады. Олар бізді, біз оларды түсінбей үрке қараймыз. Кей кезде азығымыз таусылғанда олардан талқан-ірімшік, шай сұрап алатынбыз. Кей кезде Үндістанға баратын жолдарды да сұрайтынбыз. Гималай тауының етегі, Тибетке қараған Сары жонға келіп жеттік. Сары жон малға да, адамға да өте ауыр, жайсыз жер екен. Сол жерден көшіп келе жатқан елге ыс деген ауру тие бастады. Сонда бірінші ыс тиіп, Қазыбек Қиса батырдың әйелі жан тапсырды.

- Сіз ол уақытта неше жаста едіңіз?  Тибетке жету кезінде  тар жол тайғақ кешкен шығарсыздар... Ұзақ көш барысында  ауру-сырқау, адам шығыны көп болыпты деседі...    

Сонда мен тоғыз-он жастағы бала едім. Тибеттің Сары жонына 1951 жылдың ішінде келдік. Күн қатты суытып,  жол көрінбей, жер-көкті қар басып қалыпты. Осында Қалибек Қамзаның ауылына соңдарынан келіп қосылдық. Осы арада ел тағы екіге  бөлінді. Құсайын тәйжі мен Сұлтаншәріп бөлек кетті. Дәлелхан Жаналтай және Қалибек Қамзалар бөлек кететін болды. Қасен батыр мен  Ахмет молда бұрын осы жолдармен тау асып, Үндістанға барып қайтқан болатын. Біз жолды осы кісілерден сұрап, солардың жөн көрсетуімен жүріп келеміз. Құсайын тәйжінің елі Шинхайға қарасты Гәскөлде  көптен бері тұрып, малы мен жанын аман сақтап қалған ел екен. Үйір үйір жылқы-түйесі мен қора-қора қойы бар. Бұлардың жалғыз жанын  сауғалағаннан өзге уайымы жоқ. Біз болсақ, бір жарым жылдан бері  дұшпанымызбен атысып-шабысып, өлгеніміз өліп, қалғанымыз қалып, жаралыларымыз да көштен қалмай, әупірімдеп келе жатырмыз. Біздің арық та болса, мініп келе жатқан көлігіміз бен азын-аулақ жейтін малымыз ғана бар. Көк мұз, асқар белді басып, тауларды асып, көштен қалмай, Үндістанға бара  жатырмыз.

НАУҚАСТАР  БАЛАНЫҢ НЕСЕБІН ІШІП АМАН ҚАЛДЫ   

Осы арада ыс тиіп  ауырғандар көбейіп, біразын түйеге артып алдық. Қалғандары да кең тыныс алып жүре алмайды, алға қарай екі адым басса, сол мезетте қатты жығылады. Мұны көрген ел шошынып, не істеу керек десіп, үлкен ақсақалдар, молдалар, бақсылар біздің үйде ақылдасып, мынадай тұжырымға келеді.  «Уды у қайтарады, сондықтан жас баланың несебін ішуге болады». Молдалар да «жаны аман қалатын болса, зәр ішуге болады» деп пәтуа беріп, сонымен ел ұл баланың несебін ішетін болды. Сол кезде әркім өз ауылының көшіндегі, ес білген жас балалардың несебін сұрап ішетін еді. Кейбір жеңгелеріміз бізге: «Ей, қарақұрт, мына тостағанға біраз сиіп берші» деп жалынады. Несеп беруге қаншама бала дайын тұр. Сонда біреуі кеп: «Жеп келе жатқан тамағың бар ма, ішіп келе жатқан шай-суың бар ма?» деп сұрамайды. Жеп-ішкен бірдеңе бойыңда болмаса, несеп қайдан болады? Кейбірі дереу несеп шығармадың деп ұрсып та, ұрып та жіберетін. Қайтсін ол да, жаным қалса екен деп жүр ғой. Ыстан бұрын да елдің көбі аштықтан және суықтан қол-аяғы үсіп, көшке өздігінен ілесіп жүре алмай, он-жиырма күндей түйеге артып жүрсек те, соңында шыдай алмай, қайтыс болғандар да болды. Жерлеу үшін жер қазуға күрегің батпайды. Жер дегеннің өзі – қатып қалған бетон сияқты көк мұз. Кейде жердің үстіне қайта-қайта от жағып, оны ысытқан болып, мәйіттің бетін жауып кеткен күндеріміз болды. Кей кезде соңымыздан қуып келе жатқан дұшпандардың қарасын көріп, не болмаса келе жатқан хабарын естіп, көп өлікті жартастың арасына апарып қойып, шарасыздықтан бетін таспен жауып кеткен күндеріміз де болды.

Түнде аман-есен ұйқыға жатқандардан таңертең қарасаң отыз кісіге дейін өлік шығып тұрды. Кейбір отбасынан кем дегенде төрт-бес кісі қаза тауып, кейбір отбасының түгел кеткен кезі де болатын. Бір түнде Сұлтаншәріп ағамыздың өзінен кейінгі інісі Шериаздан молда екі бәйбішесімен, Шериаздан молдадан кейінгі інісі Шәдет бәйбішесімен және менің Гүлзара шешем, Ырысқан қарындасым, Әйнелқан жеңгем – отыз кісі бір түнде ыс тиіп, жер бесікке бөленді.

Содан кейінгі күйіміз адамды өз жанынан бездірердей еді. Көзі жылтырап қарағанымен, бойда дәрмен жоқ, дені сау адамның өзі де не сілтеп қолын көтере алмайды, не адымдап аяғын баса алмайды. Құласа, қайта тұра алмай жан береді. Дәм-тұзы таусылғандар көбеймесе, азаймады. Тірі қалғандарын да түйеге артып алып жүрдік. Ыс тигендердің кейбірі алты ай толғанда қайтыс болды. Ұзақ уақыт бойы ауырған адамдардың денесі тесіліп, сары су ағып, не жата алмай, не отыра алмай, түйенің үстінде әупірімдеп келе жатады. Ал дәретке бала секілді тосып отырғызасың. Осындай ауыр жағдайда күй-жайың да жараспайды. Бәрі ауру, кімге не істеріңді біле алмай, есің шығады. Дені сау деген адамның өзінің тынысы тарығып, әрең адымдайды. Анау-мынау жұмысқа шамасы да келмейді. Сонда да мұзды ерітіп, жуындырып, кебіндеп, жаназа намазын оқып, жерді қазып, өлгендерді топырақпен бетін көмген болып кетіп барамыз.

Жалғасы бар.

Фотолар автордың жеке мұрағатынан  

 

Байланысты жаналықтар

Жаңалық ауылында жерленген репрессия құрбандары зерттелуде

17.07.2023

Мемлекеттік комиссия репрессия құрбандарын ақтау жұмыстарын пысықтады

26.05.2023

Гималай асқан көштің соңғы  куәгері: «Түркияға жеткенше маңдайымыз жазылмады, қабағымыз ашылмады»         

06.12.2022

Досай Кенжетай: "Репрессияға ұшыраған 1000-ға жуық дін қайраткері анықталды"  

18.03.2022
MalimBlocks
Жаңалық ауылында жерленген репрессия құрбандары зерттелуде

Елді мекеннен арнайы мұражай ұйымдастырылып, нәубет  құрбандарына еңселі ескерткіш қойылған

Мемлекеттік комиссия репрессия құрбандарын ақтау жұмыстарын пысықтады

Гималай асқан көштің соңғы  куәгері: «Түркияға жеткенше маңдайымыз жазылмады, қабағымыз ашылмады»         

«Жау келді» деп қатты айғай салдым

Досай Кенжетай: "Репрессияға ұшыраған 1000-ға жуық дін қайраткері анықталды"  

Ату жазасына кесілгендер саны 10 000-ға жетуі мүмкін