Жаңалық ауылында жерленген репрессия құрбандары зерттелуде
Елді мекеннен арнайы мұражай ұйымдастырылып, нәубет құрбандарына еңселі ескерткіш қойылған
Алматы қаласының төңірегіндегі Жаңалық ауылы ғалымдардың назарын аударып отыр. Бұл 1937-38 жылдардағы Сталиндік репрессиядан көз жұмған талай арыстың сүйегі көмілген жер. Елді мекеннен арнайы мұражай ұйымдастырылып, нәубет құрбандарына еңселі ескерткіш қойылған. Қазіргі уақытта «Есік» мемлекеттік музей-қорығы қуғын-сүргіннен мерт болған құрбандарды зерттеу ісін тұрақты түрде жүргізуде.
Айта кетуіміз керек, бұл Қазақстандағы репрессия тарихын ашуда тұңғыш рет қолға алынып отырған ірі археологиялық қазба жұмыстары. 2026 жылға дейін жоспарланған зерттеу жобасын «Есік» мемлекеттік музейі, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Генетика жәнe физиология музейлерінің қызметкерлері бірлесе жүргізіп жатыр. Білгір тарихшы Досбол Байғонақов жетекшілік ететін топ қуғын-сүргінде оққа байланған арыстар жерленген аймақта 2 айға тарта уақыт бойы археологиялық қазба жұмыстарын жүзеге асыруда. Қазіргі кезде елу адамның мәйіті анықталып, қазылып алынған. Құрбандардың денесімен қатар, түрлі киімнің қалдықтары, монеталар, соғыс уақытындағы газет қиындысы, басқа да заттар шыққан. Сүйектер ДНҚ сараптамасын жүргізіп, нақты бір шешім шығару үшін лабороторияға жіберілді. Бұл кешенді жұмыстар қанды қасап қуғын кезеңінде атылған арыстардың есімін айқындауға жол ашуы мүмкін.
Жаңалықтағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің қызметкері Ғарифолла Әнестің айтуынша, сараптама жұмыстарынан кейін сүйектердің археологиялық портреті жасалмақ. Қазып алынған қаңқа сүйектерді қарай келе ғалымдар оқ олардың шүйдесіне тигенін анықтаған. Репрессия құрбандары әуелі НКВД ғимаратында оққа ұшқан, кейін барлығын Жаңалыққа әкеліп көмген. Бұл өңірдің құпиясы әлі толық ашылмай отыр. Мәселен, ғалымдар дәл осы боздақтар көмілген ауылдың нақты құжатының табылмай отырғанын айтады. Егер құжат қолға түскен жағдайда Бейімбет Майлин, Сәкен Cейфуллин, Ахмет Байтұрсынұлы секілді талай Алаш асылдарының қай топырақта жерленгені мәлім болар еді. Зерттеушілер Жаңалық сияқты ауылдардың бірнешеуі бар деген болжам жасайды. Өйткені, мұндай орындар еліміздің әр аймағында болуы ықтимал. Мысалы, Семей қаласындағы Түйемойнақ аралының да репрессияда қаза құшқан адамдардың көмілген жеріне айналғаны талайдан бері айтылып жүр.
Қуғын-сүргін зерттеу бағытында жасақталған комиссия-топ осы жылдың 31-мамырында оқырман назарына 16 толымды кітап ұсынды. Ғалым Ғарифолла Әнес солардың ішіндегі ерекше деген үш кітапқа тоқталған. Біріншісі, Моңғолия жеріндегі қуғынға ұшыраған қазақтар жайында. Кеңестік империяның қолдан ұйымдастырған нәубеті ол жақтағы қандастарымызға да жетіп, ату жазасына кесілген. Аталмыш еңбекті құрастырып, баспаға дайындаған ақын, журналист Сұраған Рахметұлы. Сонымен қатар, Қырғыз елінде мерт болған қазақтар мен қарақалпақ өкілдерінің есім-сойы жинақталып берілді. Үшіншісі, Қырғызстан мемлекетінде Халық кoмиccapиятында қызмет еткен үш көрнекті тұлғаның өмірдерегі қамтылған жинақ. Жалпы, Жаңалық өңіріндегі қызыл террор құрбандарын түбегейлі зерттеп, тарихи ақтаңдақтарды ашу жұмысы жалғаса бермек. Бұл алдағы уақытта жүзеге асырылатын кешенді іс болмақ.