Қанышер Кайгородцев. Қуғындалған абыралылықтар
Жігіттердің саусағына ине сұғып, башпайларын отпен қарып, әрқайсысына көр қаздырған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақ тарихындағы ақтаңдақтарға жіті үңіліп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Қазір арнайы мемлекеттік комиссия зерттеу бағытында ілкімді істерді жүзеге асырып жатыр. Архивтерде қатталған құпия құжаттар ашылып, есімі елге белгісіз талай тұлғаның өмір тарихы зерттеу нысанасына алынды. Дегенмен, әлі де тар заманның тақсіретін тартып, тасада қалғандар бар.
Мәселен, Семей қаласына қарасты Абыралы өңірі сталиндік репрессияның құрбаны болған талай жанның өсіп-өнген жері. Осы өңір тұлғалары жайлы шаң басып, архивте жатқан құпия құжаттарды тарихшы Болатбек Нәсенов Ресейден әкеліп, көптомдық еңбегінің бірін «Абыралы қанды жылдарда. 1905-1945» деп жарыққа шығарды. Қастерлі аймақтың перзенті, көрнекті жазушы Медеу Сәрсеке де қуғын-сүргін құрбандары жөнінде жиған-терген деректерін жазып қалдырған. Біз осы авторлардың жазбасына сүйене отырып, зұлматтың зардабын тартқан Абыралы арыстарының өміріне үңіліп көрдік.
Қызыл террордың ұлтымызға тигізген зардабын зерттеп-зерделеген Болатбек Нәсенов «Абыралы қанды жылдарда» еңбегінде бір ғана Абыралы аймағынан қыспақ көргендер туралы жазады. Оның мәліметінше, 1937-1943 жылдар арасында 42 адамның 58 баппен айыпталғаны, сондай-ақ КГБ архивінен табылған 50 азаматтың тізімі көрсетілген. Бес мың шамасында ғана халқы бар ауданнан «Жапонияның жасырын агенті»немесе «Социалистік құрылыс зиянкесі» деген жаламен 92 адам ату жазасына кесілген не ұзақ жылдарға сотталған» деген дерек бар.
Голошекиннің ұжымдастыру науқанына қарсы шығып, «Абыралы көтерілісі» деп танылған бас көтеру бұл аймақтың азғандай халқын одан сайын сиретіп тастады. Көп ұзамай 1937 жылықанды қасап қайта жалғасты. Бұрыннан келе жатқан бай мен кедей арасындағы теңсіздік, сырттан жіберілген жазалаушылар үшін «құланның қасуына мылтықтың басуы» болды. Өңірдегі оқыған азаматтарды құрықтап, «Халық жауы» деп жазалау ісінің басында Александр Кайгородцев тұр.
Абыралының бірнеше азаматын жазықсыз жазалаған Александр Кайгородцев
Тарихшы Б.Нәсеновтің мәліметіне сүйенсек, ол Абыралыда 1937 жылдың ақпан айынан 1939 жылдың 14 мамырына дейін аудандық милицияның бастығы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып істеген. Келе салысымен ол аймақтың «мен» деген азаматтарын, жалындаған жас жігіттерін «Халық жауы» атандырып, неше түрлі айуандықтар жасаған. Екі жыл ішінде 40 шақты адамға көрсетпеген құқайы жоқ дейді ол. Милиция бастығы ұсталған жігіттердің саусағына ине сұғып, башпайларын отпен қарып, ұзақ уақыт ұйықтатпай, әрқайсысына көр қаздырған деген адам шошырлық мәліметтер жеткен. Оны Болатбек Нәсенов пен Медеу Сәрсекеге азаптауды басынан кешірген Әрін Иманақышев, Зікірия Нұртазин, Дүйсебай Есенжоловтар өздері баяндап берген екен. Алайда сол кезеңдерде қазақтарды аяусыз қуғындап, қынадай қырған жазалаушыларға ешқандай шара қолданылмады. Шолақ белсенділерді шовинстер қолдап, отқа май құйып отырғаны анық. Жауыздықпен зиялы азаматтарды қан қақсатып, талайдың қанын мойнына жүктеген Кайгородцевтің Абыралыдан кетуіне себеп болған жанның бірі – Байсақ Әбдіханов. Байсақ Әбдіханұлы өз заманында қайраткер болған кісі. Кедей отбасында туған Байсақ Семейдің Затон ауданында жүк түсіруші болып жұмыс істеген. 1924 жылы саяси күреске белсене қатыса бастайды. 1937 жылдары ол Абыралы өңірінің дайындау кеңсесін басқаруға ауысып барады. Сол жылғы зұлмат Абыралы атырабында да қатты жүріп, аудандық ГПУ-дің бастығы Кайгородцев, оны қолдаушы аупарткомның хатшысы Нүкіш Ыспанұлы сынды жергілікті белсенділер өзара бірігіп, аймақтың бетке шығар азаматтарын «Халық жауына» айналдырып, шетінен қамап жатқанда Байсақ Әбдіханов үлкен ерлік жасаған. Аярларға іші қазандай қайнап жүрген азамат қаныпезер топтың өзара бір отырыста жанжалдасып қалып, дәрігер әйелдің ерін сабап тастағанын пайдаланып, жәбірленушіні бір үйге тығып қойып, радист орысқа қайраулы пышақты жалаңдатып қорқытып отырып, үкіметке жедел телеграмма жолдаған. Жеделхатта азаматтарды жазықсыз қуғындап жатқан Кайгородцевті тексеріп, жазаға тарту жөнінде айтылады. Медеу Сәрсеке Байсақ қариямен алпысыншы жылдары сұхбат құрып, болған оқиға жайын сұрастырған екен. Байсақ Әбдіханов орын алған жағдайды бүкпесіз баяндаған. «Келесі күні ертеңгілікте әуеден ұшақ гүрілі естілді. «Ә, құдай берді» деп үйде жатып алдым. Былғары көжеңкелі екі дөй келді дегенді естідім. Іле Райкомге мені шақыртты. Мүшелік билетімді тексерген соң «Куәң бар ма?» деп ақырды. «Соңымнан ер» деп біреуін қосып алдым да жеген таяқтан басын көтере алмай, әлі де есеңгіреп жатқан, бет-аузының қаны саулаған Т.Мақажановты алып бардым. Не керек, тексеру екі-үш сағат жүрді де, келген екеу белсенділер тобын тұтқындап, түрмеде жатқан азаматтарды дереу босатып, сол күні қайтадан ұшып кетті».
Белгілі ғалым Рымғали Нұрғалиұлының әкесі Нұрғали Файзуллин де Кайгородцевтің жауыздығынан жапа шегіп, 1937 жылғы репрессияға ұшыраған жанның бірі. Ол бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданын алғашқы ұйымдастырушылардың бірі, оның орталығын Қайнар атап, халықты осы маңға қоныстандыруға ықпал еткен тұлға. Нұрғали Файзуллаұлы Абыралы, Егіндібұлақ, Шұбартау, Шар аудандарында басшылық қызметтер атқарып, еселі еңбек еткен. Файзулиннің ақсирақ ашаршылық кезінде халықты нәубеттен сақтап, оларды шетке босудан аман алып қалғаны да бар. Бар жақсылықты еліне жасаудан аянбаған азаматтың бұл ісі өзгелерге ұнамады. Өлім алдында тұрған Нұрғалиды біз жоғарыда сөз еткен Байсақ Әбдіханов құтқарып қалған.
Абыралы өңірінде дәуірінде жаудан беті қайтпаған батырлар мен би-шешен, ақын-жазушылардың түлеген өлкесі. Киелі өңірде Айт атты батыр ғұмыр кешкені мәлім. Елі қадірлеп «Айт-бабаң» атандырған ол заманында жау түсіргіш, елін, жерін білек күшімен де, сөзі уәлі тіл ұшымен де қорғаған айтулы жан болыпты. Айт батырдан техника ғылымдарын жетік меңгерген профессор Жүнісбек Нұрмағанбетұлы туған. 1932 жылы ұжымдастыру науқанына қарсы шығып, ереуіл көтерген «Көкшетау қамбарларын» қудалау кезінде Жүнісбек ішкі Ресей жағына сіңіп, Мәскеудің түсті металл институтын тәмамдайды. Кен қазу саласында ілім қуып, ірі ұстаз атанады. Қарағанды қаласында 1960 жылдары политехника институты құрылған кезде Жүнісбек Нұрмағанбетұлы академик Қаныш Сәтбаевтың себепкер болуымен осы институтқа профессор әрі ректор болып қызметке келген. Алайда, ақылы саяздау бір ағайынының отызыншы жылдардағы бір оқиғаны қайта жаңғыртып, «домалақ» арыз ұйымдастыруынан Ж.Нұрмағамбетов елге еңбек етпек болған талабынан бас тартып, Мәскеуге қайтуға мәжбүр болады. Өмірін жат жерде өткізген ұлт зиялысы 1980 жылдары өмірден озды. Кіндігінен тараған жалғыз қызы елден алыста, туған топырағынан жырақ өсті.
Абыралы аймағында берісі Семей, арысы Алаштың ардақтылары атанған зиялылар аз шықпаған. Солардың қатарында «Төленнің төрт ұлы» да бар. Төртеудің үлкені Жақсылық Төленов халық ақыны, қоғамға еңбек сіңірген қайраткер болғаны мәлім. Жақсылық жас кезінде әйгілі Әсет Найманбайұлының жолдасы болып, қазақтың халық ауыз әдебиетін насихат еткен адам. Өнер саңлағының Абайдың алдын көріп, әнімен тамсандырғаны жайлы Мұхтар Әуезовке баяндап, ақын өміріне қатысты тың деректер берген де осы кісі екен. 1917 жылы ол Ертіс жағасына қайтып оралып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Осы жолда «Жұмсат» атты ұйым құрып, бұқараның мүддесін қорғауға ат салысқан. Жақсылық Төленұлы 1918 жылдың бұлғағында бірнеше рет абақтыға жабылып, жазықсыз жапа шегеді. Тегеурінді тұлға 1920 жылы Әлихан Бөкейханұлы тұтқындалғанда Семейдегі 800 мың қазақ атынан Орынборға жеделхат жіберіп, зиялы қауымды теперіштен босатып, жазалауды тоқтатуды сұрағандардың бірі. Жақсылықтың інісі Игілік 50 жасына дейін күрескен балуан болыпты. Қаламгер Марат Азбанбаевтың мәліметінше, ағасы Жақсылық Игілік күреске шыққанда «бауырымның бағы таймасын» деп күресуды тоқтатқан екен. Осы әулеттен жарқырай шығып, елге кең танылған жанның бірі Жармағанбет Төленұлы. Ғалым еліміздің алғашқы түрлі түсті металлургия инженерлерінің бірі. Медеу Сәрсеке өз еңбектерінде Жармағанбеттей Алаш арысы жөнінде бірқатар мағлұмат береді. «1934 жылы Мәскеуде өткен КСРО Ғылым академиясының «Үлкен Жезқазған» туралы арнаулы сессиясында үш бірдей қазақ инженері үлкен ғалымдар алдында қасқайып тұрып, ғылыми тақырыпта баяндама жасаған. Солардың алғашқысы – осы өлкенің жер асты байлығын түбегейлі зерттеген инженер-геолог Қаныш Сәтбаев, екіншісі Әлихан Бөкейхановтың жалғыз ұлы, Санкт-Петербургтің Кен институтында білім алған инженер-геолог Ақтай Бөкейханов, ал үшіншісі – инженер-металлург кен байытушы маман Жармағанбет Төленов болатын».
Айналасы «Жармақ» атап кеткен ғалым тұрмыстың неше алуан тауқыметін көре жүріп, Змеиногордың алтын шахталарында, Кемер көмір кеніштерінде жұмыс істеп, денсаулығы еңбекке жарамсыз болып қалады. Соған қарамастан, білім алу үшін Мәскеуге барып, сондағы Кен академиясын тәмамдаған. Оқуды бітірген соң академик Қаныш Сәтбаевтың шақыруымен Жезқазғанның жер асты байлығын халық кәдесіне асыру ісіне қатысады. Алайда, 1937 жылғы «Халық жауларын» ұстау науқанында оған да саясаттың салқыны тиеді. Өндіріске зиянкестік жасады деген желеумен Сібірге айдалып, өмірінің он шақты жылын сол жақтың лагерьлерінде өткізген.
Абыралы өңірінен шыққан би, болыс, байлардың да соңындағы ұрпағы репрессияның тұзағынан құтылған жоқ. Ел арасында «Кіші би» атанған Сатыпалды Тұрсынбекұлының тұқым-зәузаты қанды террордың шырмауында қалғаны аян. Дана Абайдың маңайында жүріп, ел билігіне араласуы оның Кеңес дәуірінде өмір кешкен ұрпақтарына кесір болып тиді. Сатыпалдының үлкен ұлы Жұмағұл еліне сөзі жүрген, әділдікті ту еткен старшын болыпты. Маңайына ізгіліктің шуағын шашқан оған да «Жапония тыңшысы» деген нақақ жала жабылып, абақтыға қамалған. Ауыр азап көрген ол 1938 жылы Семейдің түрмесінде көз жұмыпты. Тұлғаның көзін көрген жандардың естелік әңгімелеріне сүйенсек, Жұмағұл әңгімешіл кісі болған деседі. «Мың бір түн» хикаятын жатқа айтады екен. Түрмеде қасында болғандар ол қайтыс болғанда қатты қамығып: «Біз екі мәрте өлетін болдық. Күні ертең бәріміз де атыламыз – бұл біреуі; ал ертегі айтып күнімізді ұзартқан Жұмағұлдан айрылып тағы өлдік-ау...» деп қатты қамығыпты. Оның інісі Жөкебай да еті тірі, пысық, ерекше алғыр, Қарқаралының бір мектебінде қазақша да, орысша да оқып сауат ашқан жан екен. Оны да «би баласы» деп түрмеге қамап, тергеушілер кінәлі қылып шығару үшін неше түрлі қысастық жасап баққан. Тырнағының астына ине жүгіртіп, дүреге жығып, қасын үйтіп, қанжоса еткенде де қайсар азамат мойындаудан бас тартқан. Бір күні тергеушілер оған «Ағаң Жапон агенті болғандығын мойындады, сені де соған тартыпты» дегенде Жөкебай: «Әй, жолың болмағыр, Жұмағұл, бір әке, бір шешеден тусақ та жөніңді айтпай, кешке қарай ала тайды мініп, тау асып бара жатушы едің. Сонда Жапонияға барып келеді екенсің ғой. Ең құрығанда менің шиеттей төрт ұлыма бір уыс құрт әкеп бермедің ғой... » деп жылайтын көрінеді. Тергеушінің сауаты содан -ақ байқалып тұрғандай. «Жапонияда құрт болмайды. Кәмпит деп айт. Сонда сөзің иланымды болады» деп тергеу қағазына «ағам Жапониямен байланыста болды. Біздің үйге кәмпит әкеп бермегеніне өкпелеп айттым» деп түсініктеме жаздырып, қол қойдырып алған. Осылайша бір үйден шыққан зиялы азаматтар бірінен соң бірі өлім құшқан.
Репрессия құрбандарын ақтау ісінде ірі қалалар ғана емес, аудан-ауылдар да толық қамтылса деген тілек бар. Себебі, қызыл террор қазақтың үлкен шаһарларынан бастап, кішігірім ауылдарына дейін тып-типыл еткені мәлім. Жазықсыз жандардың ғұмырын қиған жазалаушылар, шолақ белсенділер жөнінде ашық айтылып, ақтаңдақтар жойылуы тиіс. Кайгородцев сияқты мойнына арыстардың қанын жүктегендерді тарих алдында әшкерелеу қажет. Сонда ғана біз ұлт тарихындағы ақиқаттың жаңа парағын ашамыз!