Абыралы аудан мәртебесін қашан алады?
Халық саны жылдан-жылға азайып, мектептердің жабылып жатқаны жергілікті жұртты алаңдатып отыр
Маусым айында Абай облысына қарайтын Мақаншы және Абыралы өңірлерін қайта аудан етіп құру жөнінде облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев айтқан еді. Көп уақыт өтпей Мақаншының дербес аудан болып еңсе тіктейтіні мәлім болды. Ал қырық жыл ядролық жарылыс жасалған, соның зардабын әлі де тартып келе жатқан Абыралы өңірі жетімнің күйін кешіп қала берді. Қазіргі уақытта шежірелі өлке назардан тыс қалып, өңірдегі халық саны жылдан-жылға азайып, мектептердің жабылып жатқаны жергілікті жұртты алаңдатып отыр. Шекаралық Марқакөл, Қатонқарағай аудандары мемлекет қамқорлығына алынып, жаңғыра бастады. Бұл ретте Абыралы өңіріне де басымдық беріліп, аймақ халқына тиісті жағдайлар жасалуға тиіс. Ядролық сынақ зардабын тартқан, ат төбеліндей аз қалған жұрттың бар тілегі – осы.
Бұрын аудан болып, тіршіліктің қазанын бұрқ-сарқ қайнатқан Абыралыда түйіні тарқамаған мәселе тым көп. 1928 жылы Абыралы ауданы алғаш рет құрылғанда халықтың саны 40 мыңның үстінде болса, 1990 жылы екінші рет жаңғырғанда 12 мыңға әрең жуықтаған екен. Ал қазіргі санын айтудың өзі қиын. Бұрынғы аудан орталығы Қайнар, Алғабас, Абыралы, Ақбұлақ ауылдарын қоса алғанда бар болғаны 5 мыңға тарта халық қалып отыр.
Мектептерді ұстап тұру - өзекті мәселе
Абыралы атырабының ең өзекті, өткір мәселелерінің бірі –халықты ұстап тұратын, жұмыспен қамтитын мектептердің жабылып, жабылмағанында оқушылар қатарының сиреп бара жатқандығы. Тоғыз жылдық мектепті қалт-құлт етіп әзер сақтап отырған Абыралы, Ақбұлақ секілді ауылдардың ахуалы мәз емес. Ал Төлеужан Ысмайылов, Тұрсын Жұртбай, сынды ақын-жазушылар туған Таңат (бұрынғы Соц. Қазақстан) ауылы жабылып, тұрғындары Семей мен түу алыстағы Риддер қаласына көшірілді. Кезінде мыңға тарта халқы болған Абыралы ауылында бүгінде түтін тіпті сиреген. Бұрын Абыралы аудан боп тұрған шақта ауылдағы 3 қабатты мектепте 400-ден астам оқушы білім алыпты. Қазір кең сарайдай білім ордасында ат төбеліндей оқушы оқып жатыр. Тұрақты жұмыс болмағаннан кейін ауыл азаматтары шұбырып қалаға кеткен. Мал өсіріп, тіршілігін жасап жатқан бірен-саран жастар бар. Бірақ оларға көрсетілетін қолдау аз.
Семей полигоны туралы заң қайта қаралуға тиіс
Алпыс үйлі Абыралы ауылын ғана емес, Қайнар, Алғабас, Ақбұлақ, Айнабұлақ секілді елді мекендердің тұрғындары ядролық сынақ қасіретін шеккен Абыралы атырабы мемлекет назарына алынып, халқын зейнеткерлікке ерте шығарса, өзге де жеңілдіктер қарастырылса деген пікірде. 1992 жылғы «Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау» туралы Заңға сәйкес Абыралы өңірі жоғары радиациялық қауіпті аймақ танылып, өңір тұрғындарына заңдық тұрғыдан әртүрлі жеңілдіктер жасалған болатын. Жеңілдіктер жасалғанымен, түсініксіз тұстары да жоқ емес. Ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында қабылданған бұл заңға қатысты Семей өңірі жұртшылығы арасында түрлі пікір айтылып жүр. Дені аталған заң полигоннан зардап шеккен тұрғындарды өз деңгейінде қорғай алмай отыр, сондықтан құжатқа заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізетін кез жетті дегенге саяды. «Біріншіден, ең жоғары радиациялық қауіпті аймақ мәртебесін иеленген Абыралы өңіріне төтенше радиациялық қауіпті аймақ мәртебесін беру қажет. Өйткені бұрынғы Абыралы ауданының құрамындағы Қайнар, Абыралы, Алғабас (Доғалаң), Айнабұлақ, Ақбұлақ, Таңат (бұрынғы Соц. Қазақстан) ауылдары полигон ошағының дәл түбінде орналасқан. Екіншіден, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен, төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақта тұратын азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендету керек. Үшіншіден, «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы заңның 9-бабы 2-тармағындағы «кемiнде 10 жыл» деген сөздерді алып тастаса жөн болар еді. Яғни, осы заңда 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында он жыл тұрған азаматтар ерлер 50 жастан, әйелдер 45 жастан зейнеткерлік төлем алуға құқылы деген бап бар. Осы баптың негізінде қазір 1949-1953 жылдардың 5 шілдесіне дейінгі бес жыл ішінде туған азаматтар зейнеткерлік төлем алып отыр және көбі қайтыс болып кетті. Ал 1953 жылдың 6 шілдесінен бастап полигон жабылғанға дейін осында туып, осында тұрған азаматтар неліктен экологиялық зиянсыз аймақтардың зейнеткерлік жас мөлшерімен теңестіріліп, ерлер – 63, әйелдер 58 жаста зейнеткерлікке шығуы тиіс? Төртіншіден, төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқан және зейнетке шыққан азаматтардың үстемеақы алу құқығын шектемей, оны толық көлемде жүзеге асыру үшін, яғни «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1992 жылғы 18 желтоқсандағы заңның 13-бабындағы «1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн» деген сөздерді де алып тастау қажет деп санаймыз. Осы заңға қосымша етіп, зардап шеккен аймақ тұрғындарына экологиялық жәрдемақы төлеу мәселелерін қарастырған жөн. Бесіншіден, полигон аумағында мал шаруашылығымен айналысып жатқан меншік иелеріне салық жеңілдіктерін қарастыру қажет. Алтыншыдан, Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға болатын жерлер жергілікті шаруа қожалықтарына малдарын өсіріп, кәсібін өрістету үшін заңды түрде берілсе дейміз. Сонымен қатар Ресей Федерациясының 2002 жылы қабылдаған «Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік кепілдік туралы» заңында көрсетілген жеңілдіктер біздің заңға да енгізілсе дейміз. Өйткені осы заң аясында 1949-1963 жылдары Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шегіп, Ресей Федерациясы аумағында тұрып жатқан азаматтарға түрлі көлемде, соның ішінде он жыл ерте зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік берілген» дейді қоғам белсендісі Марат Құрманбай. Расында, көрші елдің жоғарыда аталған заңында Ресейге Қазақстаннан көшіп барған азаматтарға дәріханалар мен емдік-профилактикалық мекемелерде кезексіз қызмет көрсету, өндірістік тауарларды сатып алу үшін ай сайын 394 рубль 83 тиын көлемінде ақшалай өтемақы төлеу, жеке тұрғын үй құрылысына қажет жер телімімен қамтамасыз ету секілді көптеген жеңілдіктер қарастырылған.
Қайнарлықтар жалғыз аурухананың жабылмауын тілейді
Бұрын аудан орталығы болған Қайнар ауылында да жыл санап халықтың саны азайып бара жатқаны байқалады. Қазір Қайнарда 1800-ге жуық адам тұрады. Осы өңірдің тумасы, жазушы Сапарғали Бегалин атындағы мектеп ауыл халқын ұстап тұрған мекеменің бірі. Төрт министр, 14 академик, 12 ғылым докторы мен профессор, 25 ғылым кандидаты және 24 ақын-жазушы түлеп ұшқан білім ордасында бір кездері 600-700 оқушыға дейін оқыпты. Соңғы жылдары мұндағы оқушылар саны азая түскен.
«Мектеп түлектері мен осында бұрын қызмет істеген ардагер ұстаздардың ұрпақтары бізге көмектесіп тұрады. Қайнар ауылының тумасы, академик Асқарбек Құсайынов жыл сайын мектепті үздік бітірген бір түлекке 100 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындап отырады»,- дейді қайнарлық ұстаздар. Халықты жұмыспен қамтып отырған мекемелердің бірі – Абыралы ауруханасы. Медицина мекемесінің полигоннан зәбір көрген халыққа көрсетіп отырған көмегі зор. Өйткені бұл аурухана Алғабас, Абыралы, Ақбұлақ ауылдарына, яғни ұзын саны 5 мыңға жуық халыққа қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта облыс әкімшілігі Абыралы ауруханасын кеңейту жағын ойластырса құба-құп.
Жалпы, Қайнар ауылы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Елді мекеннен 17 шақырым жерден «Аягөз-Қарқаралы» трассасы өтеді. Қарауыл, Қарқаралы мен Баршатас ауылы 180, Курчатов 200, Баянауыл 250 шақырым жер екен Қайнарға. Ауыл іргесінде алтын шығаратын Мейізек кен орны тұр. Қазба байлықтары да аз емес бұл өңірде.
Абыралы өңірінің тұрғындары қара басының қамын емес, өздері туып-өскен киелі мекеннің болашағына көбірек алаңдайды. Осы өңірдегі Қайнар, Алғабас, Абыралы, Ақбұлақ, Айнабұлақ секілді үлкенді-кішілі ауылдар 300 шақырым шалғайда жатса да тікелей Семейге қарайды. Облыс орталығы Семейде 400 мыңға жуық тұрғын бар екенін, қаланың жыл сайын жырға айналатын жылу, су секілді мәселелері көптігін ескерсек, Абыралы халқының «Семей бізге қарайласпайды» деген уәжін де, өз қотырымызды өзіміз қаситын, өз алдымызға жеке аудан болсақ деген өтініш-тілегін де түсінуге болатын секілді.
40 жылда 470 жарылыс жасалған Абыралы қолдауға зәру. Сондықтан өңір ядролық сынақ зардабын тартқан аймақ ретінде тез арада мемлекет қамқорлығына алынып, проблемалары жан-жақты сараланып, арнайы кешенді бағдарлама қабылдануы керек. Абыралы халқының әлдеқайда азайып қалғанын айттық. Сондықтан, Семейге қарасты бүкіл елді мекендерді қосып, бұрынғы Жаңасемей ауданы сияқты бір аудан ашылса... Олай болған жағдайда бос жатқан жерлерді игеріп, жаңа ауылдар ашып, Таңат секілді жабылып қалған елді мекендерді қайта жаңғыртуға болады. Абыралы өңірінде игерілмей жатқан қазба байлықтары да мол. Ауыл шаруашылығымен де шұғылдануға мүмкіндік бар. Мұның бәрі Абыралы атырабының ел болып, етек жиюына, ауданды көтеруге, халықтың тұрақтануына әсер етеді.