Досай Кенжетай: "Репрессияға ұшыраған 1000-ға жуық дін қайраткері анықталды"  

Ату жазасына кесілгендер саны 10 000-ға жетуі мүмкін

Олжас Қасым

  • 18.03.2022

- Құрметті, Досай Тұрсынбайұлы! Мемлекеттік комиссия аясында әртүрлі категориялар бойынша 11 жұмыс тобы құрылғаны белгілі. Соның бірі – өзіңіз қатысатын  Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға арналған  зерттеу жұмыс тобы. Бұл топтың құрамы туралы білгіміз келеді.  Бүгінге дейін қандай жұмыстар жүзеге асты?
- Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 24- қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы негізінде 11 жұмыс тобы құрылып, іске кірісті. Оның бірі - Дәстүрлі дін өкілдері - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау бағытындағы жұмыс тобы. Оның құрамына еліміздің көрнекті ғалымдары, философтар мен тарихшылар және дінтанушы-теологтар енгізілген. Мен осы жұмыс тобына жетекшілік етемін. Менен бөлек бұл топта философия ғылымдарының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры Бақытжан Сатершинов, философия ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Юлия Шаповал, профессор, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров бар.  Олар діни тұлғаларды анықтау, зерттеу, ақтауға ұсыну бойынша еңбектеніп келеді. Бір айта кететін мәселе, өткен ХХ ғасырдың 20-50 жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған дін қайраткерлерінің ішінде мұсылмандармен қатар, христиан діні мен аз болса да, буддизм өкілдері де кездесті. Мұның себебі де түсінікті. Өйткені КСРО құрылған кезден бастап атеистік саясатты идеологиялық бағдар ретінде қолданып, кез келген діни сенімге қарсы іс-шараларын жүзеге асырды. КСРО-ның бүкіл аумағында «Құдайсыздар қоғамы», «Қосшы», «Қызыл отау» ұйымдары белсенді әрекетке көшті. «Ғылыми атеизм» жоғары оқу орындарында міндетті пәнге айналып, жер-жерде партияның тапсырмасымен осы бағытта үздіксіз дәрістер оқытылды. Біздің жұмыс тобымыз қазіргі кезде осы іс-шаралардың жазбаша құжаттарын, мәліметтерін архивтерден іздестіріп, тауып, қуғын-сүргінге ұшыраған, ауыр жазаға кесілген дін өкілдерін айқындап, бүгінгі күнге дейін ақталмай келген тұлғаларды ақтауға ұсынып, олардың өмір жолы мен қызметі жайлы ауызша және хатқа түскен деректерді жинастырып, ғылыми айналымға енгізу үшін қызмет етіп келеді. Осы жұмыстар нәтижесінде 1000-ға жуық дін қайраткерлерінің есімдері анықталды. Сонымен қатар жұмыс тобының атқарған қызметі мен жұмыс жүргізу әдіснамасын жетілдіру мақсатында өткен жылы бірнеше конференция, ғылыми семинар мен дөңгелек үстел  өткізілді. 

 

- Сыңаржақ саясаттың кесірінен қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамындасыз. Атап айтқанда, Дәстүрлі дін өкілдерін зерттейтін жұмыс тобының мүшесі ретінде білеміз. Жазықсыз жапа шеккен дін қайраткерлерін ақтаудың бүгінгі жас буын үшін мән-маңызы қандай? - Президент Қ.К. Тоқаев жоғарыда айтылған Жарлығында «Саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару» міндетін қойған еді. Демек, өткен ғасырдың 20-50 жылдары жазықсыз жазалауға ұшыраған құрбандарды ақтаудың бүгінгі күн тұрғысынан мәні өте зор. Өйткені, біз кез келген құбылысты өткенінен бөліп-жарып қарастыра алмаймыз. Сол сияқты Қазақстандағы дін феноменін зерттеу-зерделеу үшін, ең алдымен, оның тарихына үңілеміз. Бүгінгі жас ұрпақ Қазақстан тарихында небір «ақтаңдақтар» қалғанын, ата-бабаларының мыңжылдық құндылықты, мәйекті рухани мұраларды сақтау, қорғау, жеткізу жолында қандай азап тартқанын, машақат көргенін оқу керек, зердесіне тоқу керек. Бұл бағытта ауқымды іс-шаралар жүзеге асып, ескерусіз қалған тұлғалардың аты-жөндері түгел жарыққа шыққанда ғана тарихи тізбек пен сабақтастық қайтадан жалғанады. Бұл, бір жағынан, Исламның тамырлы мәдениет ретінде жерімізде өркендеп, жеміс бергенін, ұлттық санамыздың, дүниетанымымыз бен өмір салтымыздың діннен нәр алып келгенін дәлелдеу үшін де керек. Кеңес өкіметінің атеистік саясаты салдарынан зардап шеккен діни тұлғаларды ақтау арқылы біз олардың алдындағы парызымызды, міндетімізді де орындаған боламыз. 

- Кеңестік жүйенің дінге қарсы бағытталған репрессиялық әрекеттеріне кеңірек тоқталып өтсеңіз...  
- Кеңес өкіметінің дінге қарсы жүргізген репрессиялық шаралары негізінен үш бағытта жүзеге асты. Оның біріншісі, діни тұлғаларды, қайраткерлерді, дін ғұламаларын (молда, дамолла, ахун, ишан, муәзін, мүдәріс т.б.) т.б. қуғын-сүргінге ұшырату. Екіншісі, діни оқу орындары мен ғұрыптық кешендерді (мешіт, мектеп, медресе, кесене, мазар, қорым т.б.) қирату, шаруашылық мақсаттарды пайдалану. Үшіншісі, діни-рухани мәтіндерді, кітаптар мен қолжазбаларды тәркілеу, өртеу. Бұл үш бағытта жүргізілген жұмыстың негізгі мақсаты – халықты рухани-мәдени тамырынан айыру, дәстүрлі салт-сана мен дүниетанымды толықтай терістеп, «құдайсыздандыру» идеясын қоғам өмірінің әр саласына ендіру. Бұл мақсатта 1929 жылдан 1947 жылға дейін «Жауыққан атеизм қоғамы» белсенді қызмет етті. 1947 жылдан бастап 1950 жылдың аяғына дейін «Ғылыми атеизм қоғамы» бұқаралық ерікті ғылыми-ағарту әрекетін жүргізіп, атеизмді ғылыми форматта насихаттауға басымдық берді. Дінге қарсы саясаттың ең ауыр да зардабы мол кезеңі «Жауыққан атеистер қоғамы» қызмет еткен жылдармен сәйкес келеді. Осы кезеңде әртүрлі заңнамалар, қаулылар, бұйрықтар арқылы арнайы «ишандар ісі», «сопылар операциясы» деген науқандар ұйымдастырылды. Жазалаушы органдар таратқан мəліметтерге сенсек, 1923-24 жылдар арасында бұрынғы Кеңес одағыаясында 2469 діни қызметшілер тұтқынға алынса, 1931-32 жылдары қуғынға түскендер саны 19812 адамға жетіп жығылған. Қазақстан бойынша 1000-ға жуық дін өкілдері абақтыға жабылып, олардың ішінде 431 адам (44%) оққа ұшты. Қуғынға ұшырағандардың 86,4%-ы 1930-40 жылдары тұтқындалған. Кер заманның құқайын көргендердің 33%-ға жуығы  қазақ қожа-молдалары еді. Бірақ бұл ресми тіркелгендері, кейін анықталғандары ғана. 1928 жылы мамырда Б(б) КП ОК қарамағындағы Саяси басқарма мұсылман діни мектептерін жабу туралы шешім қабылдады. 1929 жылы араб жазуының латын жазуына және 1940 жылы кириллицаға алмастырылуы да мұсылмандық білім беру жүйесіне орасан зиянын тигізді. 
Орыс православтық шіркеуіне қатысты жазалау шаралары 1935 жылы басталып, 1936 жылы жалғасты. 1935-1936 жж. шамамен 10 000 храм жабылды. 1937 жылы ғана 59 епископ тұтқындалып, 60-ы атылды. Атылғандардың ішінде митр. Серафим (Чичагов), митр. Петр (Полянский),  митр. Константин (Дьяков), митр. Серафим (Мещеряков),  митр. Евгений (Зернов), архиеп. Серафим (Звездинский) және басқалары болды. Митр. Сергийден бөлініп кеткен архиерейлер – митр. Кирилл (Смирнов), митр. Иосиф (Петровых), архиеп. Феодор (Поздеевский), еп. Дамаскин (Цедрик) және басқалары зұлматтанауыр зардап шекті. Шіркеу тарихшысы В.В. Цыпиннің мәліметі бойынша 1937 жылдың өзінде 8000-нан астам шіркеу жабылған.

 

- ХХ  ғасырдың 20-50 жылдары кеңестік солақай саясат салдарынан жапа шеккен  жандарды ақтау ісі, ғылыми тұрғыда іздестіру қорытындысы қандай нәтиже берді?  
- Тоталитарлық режимнің қыспағын көрген дін қайраткерлерін ақтауға  Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызға ие үш қала - Нұрсұлтан, Алматы және Шымкент шаһарларынан  аймақтық комиссиялар жасақталды. Бұл комиссиялар барысында зерттеу, қорытынды және ұсыныстар әзірлеу бағытында жұмыс тобы іске кірісті.  Біздің тобымыздан белгілі ғалым Рахым Ағыбайұлының Ақтөбе облыстық өңірлік комиссиясымен етене жұмыс істеуінің нәтижесіне сәйкес,  ақталмаған тұлғалардың тізімі мәлім болды. Олардың саны 25. Түркістан аймағы бойынша 66 дін қызметкерінің аты-жөні айқындалып, ақтауға ұсынылды. Ғалым Юлия Шаповал  Солтүстік Қазақстан облысының өңірлік комиссиясымен қоян-қолтық жұмыс атқарды. Осының нәтижесінде мұсылман діні өкілдерімен бірге, христиан діні қызметкерлерінің де ақталмағаны анықталып отыр. Сондай-ақ зерттеу ісінде ресейлік «Открытый список», халықаралық деңгейдегі «Мемориал» іздестіру сайттары мол мүмкіндік берді.  Айталық, Ресей аймағында (мәселен, Таулы Алтайдың Қосағаш өңірінде, Орал аймағында) ағартушылықпен айналысып, кінәсіз қуғынға ұшыраған тұлғалардың есімдері табылып отыр.

 - «Кеңестік қуғын-сүргін және Қазақстандағы дін құбылысы» атты мақалаңызда 1920-1930 жылдары Қазақстандағы Кеңес өкіметіне қарсы діни сипаттағы көтерілістердің саны 380-ге маңайлағанын көрсеткен екенсіз. Осылардың ішіндегі ең негізгілері жөнінде баяндаңызшы...  
- Иә, Қазақстандағы Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясатына наразылық халық арасындағы көшбасшылардың бастамасымен бой көтерген көтерілістер арқылы көрініс тапты. Бұл негізінен құндылықтарын, дәстүрлі мәдениетін сақтап қалуға деген талпыныс түрінде өрбіді. 1920-1930 жылдар аралығында Қазақ жеріндегі Кеңестік кесір жүйеге қарсы діни сипаттағы көтерілістердің саны 380-ге жақындайды. Олардың ішіндегі бастылары 1929 жылы Түркістан облысына қараған Бостандық ауданындағы Исламбек Жұмабеков басқарған көтеріліс; Қостанай округі Батпаққара ауданында 1929 жылғы 1-9 қараша күндері болған Абайділдә Бекжанов, Сейтбек Қалиев, Ахмедия Смағұловтар бастаған көтеріліс; 1929 жылы Қызылорда аймағындағы Тақтакөпір ауданында болған көтерілісті атап өтуге болады. Бұл бас көтерулерді Барлықбай Нұрымов, Үббі Ибрагимов, Жәлел Мақсұт Исматуллаев бастаған. 1929-1930 жылдары Түркістан облысы Созақ ауданындағы Сапар қожа, Сұлтанбек хан Шолақов, Асадулла Ибрагимов бастаған «Созақ көтерілісі». Қарсылық әрекеттері Жамбыл облысының Мойынқұм және Сарысу аудандарын да қамтығаны мәлім. 1930 жылы Қызылорда облысының Қарақұм өңірінде Жұмағазы Байымбетовтің бастауымен болып өткен көтеріліс; 1930 жылы Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы аудандарын қамтыған, дін білгірі, ишан Ақмырза Дамолла Тасов бастаған көтеріліс; 1931 жылы наурыз айында Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында Мырзаш Қарамұрзиннің басшылығымен  өткен көтеріліс; 1930 жылы тамыз-қыркүйек айларында Қызылорда облысының Қазалы ауданында Иман Мақсат Орымбетов бастаған көтеріліс; 1930 жылы Ақтөбе округінің  Ырғыз ауданында, Қостанай облысының Жітіқара ауданында өткен, Мұхантай Саматов пен Айжарқын Қанаев бастаған көтерілістер болды.    
Шымкент облысына бағынысты Созақ ауданы, Жамбыл облысына қарайтын Мойынқұм, Сарысу аудандарын шарпыған 1929-1930 жылдардағы «Созақ көтерілісінің» саяси көсемі Сұлтанбек хан Шолақов болды. Ал Сұлтанбектің уәзірі Ибрагимов Асадулла және кеңесшісі Сапар қожа дін өкілдерінің санатынан еді. Созақ көтерілісіне қатысқандар соғысқа ақ кебін киіп шығып, маңдайшасына «Алла» деп жазып, жауға «Аллалап» ұмтылған екен. Бізге ауызша жеткен мәліметтер бойынша көтерілісшілер бұл әрекеттерін ғазауат санаған. Құдай жолында қайрат қылып жүргендерін үздіксіз насихаттаған. Созақтар көтерілісін осы үшін «Аллаһу» көтерілісі деп атайды. Сонымен қатар Қазалы өңірінде Ақмырза ишан Төсұлының басқаруымен болған көтерілісті де «Ақұдайлар көтерілісі» деп атау кездеседі.

 

- Архивте сақталған құжаттарда, айталық тергеу сұрақтары мен қолтаңбалар бірыңғай типтік мәнге ие екендігін жаздыңыз.  Қаншама тәсілмен бүркемелегенімен, тергеушілер діни құндылықтары туралы неліктен құпия қалдыра алмады?  
- Архив құжаттарында, мысалы тергеу ісі сауалдары, қолтаңбалар бірыңғай типтік мәнде. Яғни қойылған сұрақтар да, жазулар  да ұқсас үлгіде. Бірқатар әдіс-тәсілмен жасырып, жапса да, тергеу жүргізушілер наразылық білдірушілердің аксиологиялық қаруларын, яғни діни құндылықтары туралы жасырып қала алмаған. Өйткені діни құндылық – ол ең адамның ең басты идентификациялық қасиеті. Оны құпия қалдыру мүмкін емес. Тергеушілер оладың жеке бас діни сипаттарын көрсетуде Кеңес өкіметінде кезінде қабылданған дінге қарсы заңнамалар шеңберінде жазалау үшін, яғни нақты бір баппен соттау үшін көрсеткен болуы тиіс деп ойлаймын. Сосын арнайы дайындалған мақсат жолында толтырылған құжаттар сияқты көрінеді. 

- Қазақстан жеріндегі наразылық шараларының төңірегінде атылғандардың саны туралы арнайы тізім әзірленді ме?  Бүгінгі архивтердегі құпия құжаттар негізінде тікелей және жанама қатысы бар деп ату жазасына кесілгендердің саны қанша болуы мүмкін?   
- Иә, бұл тізім толық болмаса да әзірлену үстінде. Біздіңше, құпия құжаттар мен одан тыс ауызша мәліметтер бойынша толық тізімін дайындайтын болсақ, ату жазасына кесілгендер саны 10 000-ға жетуі мүмкін деп жорамал жасауға болады. 

Сұхбаттасқан: Олжас Әбілұлы 


 

Байланысты жаналықтар

Азия чемпионатының ақтық сынында 9 боксшы алтынға таласады

11.12.2024

Жыл қорытындысы: 6 млн ішкі туристен 224 млрд теңге кіріс келген

09.12.2024

Конькимен жүгіруден әлем кубогінде жасөспірімдер құрамасы қол жүлде иеленді

08.12.2024

Бокстан Азия чемпионаты: Өзбекстанның 11, Қазақстанның 10 боксшысы жартылай финалда

07.12.2024

Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады

02.12.2024

Астанада Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі өтті

28.11.2024
MalimBlocks
Азия чемпионатының ақтық сынында 9 боксшы алтынға таласады

Қазақстандық 7 боксшы Өзбекстан өкілімен жұдырықтасады

Жыл қорытындысы: 6 млн ішкі туристен 224 млрд теңге кіріс келген

Конькимен жүгіруден әлем кубогінде жасөспірімдер құрамасы қол жүлде иеленді

Кубок жарысы Польшада өтті

Бокстан Азия чемпионаты: Өзбекстанның 11, Қазақстанның 10 боксшысы жартылай финалда

Жартылай финалға соның ішінде 10 боксшы өтті

Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады

Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың ықпалдастығы қарқынды әрі сан қырлы сипат алғанын айтты

Астанада Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі өтті