Астана драма театрлары жаңа маусымда көрерменге не ұсынады?

Алғаш рет елімізде  драма мен опера сынды екі үлкен жанрды үндестіретін қойылым жұртшылыққа жол тартады

Олжас Қасым

  • 19.09.2023

Елордалық театрлар аздаған үзілістен соң көрерменге есігін  айқара ашып, шымылдығын түрді. Шаһардағы айтулы өнер ордасы - Қалибек Қуанышбаев атындағы   драма театр 15 қыркүйек күні  XXXIII жаңа маусымын бастады. Жылдағы дәстүр бойынша Қаллеки театры «Абай» трагедиясымен көпшілікті қарсы алып отыр. 

        Қаллеки театрының жаңалығы - «Қыз Жібек» драмалық операсы 

Режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедиясында қос Абайдың бейнесі халықпен қауышты. Аға Абай бейнесін   көрнекті актер Тілектес Мейрамов кейіптесе, жас Абай рөлін  Нұркен Өтеуіл сомдады.

                                "Абай" қойылымынан көрініс 

 Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы   Әуезов драматургиясымен өткен ғасырда бұқараға жол тартқанымен, бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Бүгін  «Абай» қойылымы Қарағанды қаласында сахналануда. Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қыркүйек айының 19-24 күндері аралығында Қарағанды қаласында Қалибек Қуанышабевтың 130 жылдығына арналған «Сын – шын болсын» республикалық театр фестивалі өтеді. Бүгін фестиваль шымылдығы Қаллеки театрының «Абай» қойылымының арнайы көрсетілімімен ашылды. «Өнер ұжымы есімін еншілеген театр өнерінің корифейі Қалибек Қуанышбаев сомдаған шоқтығы биік рөл – дәл осы Абай образы. Замандастары Қаллеки атап кеткен әйгілі әртістің осы рөлін туынды авторы, жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалаған. 1993 жылы Әшірбек Сығайдың ұсынысымен Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығы құрметіне орай елордалық театрға Қалибек Қуанышбаев  есімі берілді»,-дейді өнер ошағының көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстықбаев.  Ал 25-30 қыркүйек аралығында театр ұжымы Қырғыздың  Бішкек қаласына сапарлап бармақ.  КСРО халық артисі Бәкен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналған «ART-ORDO - 2023» IX Халықаралық театр фестивалінде Қаллеки өнерпаздары  Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған  «Баян Сұлу – Қозы Көрпешімен» қатысады.    Музыкалық драманы режиссер  Гүзназ Балпейісова қояды. 

Қуанышбаев театры жаңа маусымның алғашқы айларында көрермен назарына «Қыз Жібек», «Патша көңілім, не дейсің?!..» қойылымдарының премьераларын ұсынады. Биылғы айтулы жаңалық  - эпостық жырларды  жинақтаушы Жүсіпбек Шайхисламұлының нұсқасындағы «Қыз Жібек» драмалық операсының премьерасы. Ғабит Мүсірепов  жазып, Евгений Брусиловский музыкамен әрлеген спектаклді  халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты, жас режиссер  Әлібек Өмірбекұлы қоймақ. Алғаш рет елімізде  драма мен опера сынды екі үлкен жанрды үндестіретін қойылым жұртшылыққа жол тартады. Үш актілі шығарма кең масштабты, 5 сағатқа созылады.  Қазір екі айдан астам уақытқа созылған репетиция процесі жүріп жатыр. Ал жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!..» комедиясын режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналайды. Сонымен қатар, қаллекиліктер қазан айының 9-15 күндері Қызылжар қаласында өтетін Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалiне қатысуды көздеп отыр. 

                              TEATRALL театр фестивалінде 

                    Мәмбетов театры «Ақан сері» премьерасына шақырады

Елордадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры да жаңа маусымда көрерменге бірқатар тосын сый әзірлеп отыр.  Мәдени орын биылғы маусымды Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» спектаклімен ашты. Өнер ордасының баспасөз қызметі алдағы уақытта драматург Сәкен Жүнісовтің романының желісімен    «Ақан сері» қойылымының премьерасын ұсынады. «Спектакльді театрыдың бас режиссері Ұланмырза Қарыппаев сахналамақ. Қырғыз режиссері осыған дейін «Сараң», «Келіндер көтерілісі», «Боранды бекет» драмалық шығармаларын көпшілікке ұсынған.   Бір жарым жылдан бері туындыны сахнаға шығару бағытында  жұмыстар жалғасып жатыр»,-дейді театр қызметкері  Рухия Бақытбекова. 

               Жас көрермен театры «Қыз Жібек» мюзиклін сахналайды

Былтырдан бері драматург Дулат Исабековтің «Гауһартас» қойылымымен көрермен жүрегін жаулаған елордалық музыкалық жас көрермен театры қазан айында Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент қалаларына   гастрольдік сапармен баратынын  хабарлады. Театр директоры Асхат Маемировтың айтуынша, көрермен сұранысына орай, «Гауһартас» музыкалық драмасының 75-ші қойылымы ел назарына ұсынылды.      Маусымды «Абай-Тоғжан» драмасымен бастаған өнер ошағы қыркүйек айының 22-сі күні  көпшілікке «Қыз Жібек» мюзиклінің премьерасын тарту етпек. Сонымен қатар, «Шәмші», «Chanel No 5», «Ғашық-жүрек», «Үнсіздік» спектакльдері де астаналық көрерменге арналады.  

Байланысты жаналықтар

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

07.11.2024

Елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған театр студиялары ашылмақ

04.10.2024

Елордада Мұхтар Әуезов ескерткіші ашылды

29.09.2024

Қазақ ұлттық опера және балет театры 91 маусымын бастады

29.09.2024

Танымал театр актері өмірден өтті

10.09.2024

«Алтайдан ауған ел»: Қасірет пен ерлік шежіресі

11.07.2024
MalimBlocks
Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

Биыл көрнекті режиссердің туғанына 85 жыл

Елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған театр студиялары ашылмақ

Елордада Мұхтар Әуезов ескерткіші ашылды

Ескерткіш «Қаллеки» театрының алдына қойылды

Қазақ ұлттық опера және балет театры 91 маусымын бастады

Жаңа маусым «Абай» опералық спектаклімен ашылды

Танымал театр актері өмірден өтті

Ол М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қызмет еткен

«Алтайдан ауған ел»: Қасірет пен ерлік шежіресі

Бұл қойылым халықтың ауыр тағдырын, тарихи қасіретін суреттей отырып, көрерменге әсер етеді