Дулат Бабатайұлының өлеңдері

Дулат Бабатайұлы – қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Ол 1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында (бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданында) дүниеге келген. Ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауат ашқан ол кейін шағатай, түрік тілдерін игереді. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан Дулат Бабатайұлы өзі өмір сүрген кезеңнің шындығын көркем бейнелеуде біраз табысқа жетті. Сол замандағы кері кеткен мәселелерді шеней отырып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақырады. Туған жер, адамның іс-әрекеті, мінез құлқы, тарих көші, кәсіп туралы әралуан тақырыпты арқау еткен оның қаламынан өткір сатира дәрежесіне дейін көтерілген туындылар туды. Мұхтар Әуезов: «Зар заман ақындарының» қатарына жатқызады.

Malim Админ

  • 11.09.2024

*  *  *

Жапанға біткен жантақты
Жәһән кезген нар жейді,
Тәтті менен дәмдіні
Қолында бұлы бар жейді.
Қорқақтықтың белгісі,
Арықты да жар дейді
Кертартпаның белгісі,
Кең дүниені тар дейді.
Қолыңда жоқтар тайлақты
Солқылдақ өркеш нар дейді.
Балам, маған кейіме,
Әкем айтпай кетті деп.
Сырын білмей бой салма,
Атасы оның текті деп.
Тұрлаусыздан сөз ұқпа,
Аузы оның епті деп.
Нашардан шыққан жақсының
Сөзін жерге тастама,
Атасы нашар өтті деп.
Орманшы ағаш кесе алмас,
Ақ балтаны қайрамай.
Жорыққа батыр аттанбас,
Жау - жарағын сайламай.
Егінші егін сала алмас,
Қос өгізді айдамай.
Көңілмен құрғақ бос жүрсең,
Алақандай жер жүзі
Аспан болар айнадай.
Істемей қолмен іс болмас,
Құры сөзде күш болмас,
Ауызға салып шайнамай.
Ер қолынан іс келмес,
Сұңқардайын түйілмей,
Буынып белін түйінбей
Зердесі жігер қайнамай.
Жабыққанды дерт білмес,
Басқан қайғы серпілмес,
Шамшырақтай жайнамай.
Ер деп атақ алмайсың,
Алмас семсер асынбай
Кезінген жауды қашырмай,
Асудан ары асырмай,
Болат найза қайрамай,
Бара алмассың байланып.
Көңілге алған жеріңе.
Шыға алмассың ұмтылып
Шығам деген өріңе.
Садақ сыртты, күшпек сан
Тобышақ атты жайламай.
Жол тауып саған беретін,
Көзіңнің жасын көретін,
Соңыңнан сенің еретін,
Қалмады елде адам да,
Балам, саған айтқаным,
Даңғыланбай шаруа жи,
Албырттықты әсерлі
Құрбыңа еріп көрме сый,
Қолда барың қанағат,
Қолда жоққа құмартып,
Әуреленбе нәпсің тый,
Әкеңнің айтқан аз сөзін,
Құтысына көңліңнің
Төгіп алма, дәлдеп құй.
Менің айтқан бұл сөзім
Өміріңе пайдалы
Басыңда болса егер ми.

                                                 

*  *  *

О, Барақ жас, Барақ жас,
Жегенге тоқ, ішсең мас.
Жақсы болса ұлығы,
Өз елін жаудай таламас.
Қасқыр тартып қан шықса,
Жаман ит жұлып жей берер,
Алды-артына қарамас.
Жақсы иттің белгісі,
Жұлмақ түгіл, жоламас,
Азғын елдің бектері
Қан шықса, елін жұлмалар
Қасқырменен аралас.
Қазіргі қазақ ұлығы,
Жаман иттен несі кем.
Жемтік көрсе, қан көрсе,
Айрылар мүлде есінен.
Сендер атқа мінген соң,
Тандыр болып суалды
Шалқар көлдей несібем.
Әбілпейіз арғы атаң
Алтын тұғыр сұңқар - ды,
Еріктіріп батырын
Қунатып еді тұлпарды.
Тұсыңда сенің, хан Барақ,
Азулы бейне аң Барақ,
Содырлы, сойқан төлеңгүт
Елге қарап анталап,
Ашынғанда таптады,
Ел етегіне қымтарды.
Алтын еді бір күнде,
Ағаш болды тұғырың.
Тиюсыз тентек төлеңгүт
Шығарды елдің ұрлықпен
Дығыры мен ығырын.
Алалға қарсы хан болдың,
Тентекті сүйеп неғұрлым,
Азған сені көргенде,
Қайнайды менің зығырым.
Өгізді бөлдің жегілген,
Арамдыққа егілген
Айдайтұғын шығырын.
Құрық бердің ұрыға,
Момынды алдың қырыңа,
Малсыздарды таптадың,
Малдыларды жақтадың.
Тентекті жақсап қақпадың,
Өсекшіні мақтадың,
Арамдық болды баққаның.
Қашан сенің ашылар,
Момындарға құрылған
Қанды қара қақпаның?
Қараңғысыз ел мен жұрт,
Төрелік түскен дағыңа,
Ие болмай айрылдың
Атаңның алтын тағынан.
Қара толқын жау толды
Шығыс, батыс жағыңа.
Тұлпардан туған тұқым ең,
Ере алмадың жабыға.
Етегін ашып кім күлмес
Азғындаған шағыңа?
Алдыңа келсе жүгініс,
Қарамай қара, ағына,
Алалды сатып параға,
Болыстың арам жағына.
Рухына нәлет келтірдің,
Қабың менен сабаңа.
Бұзықты құрап ел етіп,
Қондырдың оң жағыңа.
Ұрыңа елді торытып,
Өтірік дауды қорытып,
Бүлдіре бер тағы да...

 

*  *  *

Ата қоныс Арқадан
Басында қазақ ауғанда,
Күзді күнгі нөсердей
Көзінің жасы жауғанда,
Ақтабан боп шұбырып,
Асып асқар таудан да,
Алқакөлді айналып,
Ақ қайыңды сауғанда,
Арысын белден омырып,
Қалмақ тартып барды алды;
Ұйқысы түссіз қанбаған,
Ел қалап, ер тандаған,
Берген серттен танбаған
Аққұба ару жарды алды;
Тең арқаны қиылып,
Артқан жүгі үйіліп,
Өрде шөгіп нар қалды;
Күз тоқсан, қыстың маусымы
Үдере тартсаң азбайтын,
Айсыз түнде адассаң,
Ауылыңнан жазбайтын
Аударып алды тарланды;
Аш күзендей бүгілтті
Алтын қарғы арланды;
Аталықтай ақсақал
Алласына сыйынып,
Тілегі мүлде қиылып,
Сәждеде жатып зарланды.
Аналықтай бәйбіше
Көкірегін кернеген,
Күндіз күлкі көрмеген,
Түнде ұйқы бермеген
Көзінен төкті арманды.
Ел үшін кешіп жанынан,
Ереуілге шыққан ер,
Өлексесін құшақтап,
Қала берді туған жер.
Айрылды қанат-құйрықтан
Қанды көз, қайқы қаракер.
Қара бұлттай қабындап,
Халықты басты қайғы-шер.
Сол бетімен шұбырып,
Торғайдай тозып Сыр түсті.
Туған жерді көксетер
Халықта сөнбес сыр күшті:
Есін жинап алған соң,
Бозбала үйде жатпады,
Тобышақ атты баптады,
Болат сүңгі саптады.
Ата кегін алмаққа,
Ат терлігін кептірмей,
Жиі аттанды қалмаққа.
Дау аяғы айналды
Жазылмас ауру толғаққа.
Кемеліне келген соң,
Арқаны қазақ көкседі,
Арасынан қалмақпен
Бәленің оты өшпеді,
Өшпек түгіл үстеді.
Саулықты қысыр қалдырып,
Қошқардың түспей күйегі,
Айғырдан бөліп биені,
Бурадан бөліп түйені,
Қайта Арқаға көшкені.
Арқаны оңай бермеді
Ірге тепкен көп қалмақ.
Ел шайқалып, ел қандап,
Мал шабылып, жер шаңдап,
Қымбат болды қазаққа
Қалмақтан қайта жер алмақ.
Атақоныс Арқадан
Қалмақтың таймай іргесі,
Сөлі кетіп қазақтың,
Қалған кезде сіргесі
Әбілмансұр хан болды:
Хан болмады қазаққа,
Ағарып атқан таң болды.
Қосылып басы қазақтың,
Алатаудан асырды
Арқадан айдап қалмақты.
Бозбалаға мінгізді
Сәйгүлік пен саңлақты.
Шабаны тұлпар жүйрік боп,
Сайынға шауып шаңдатты.
Шалағайы берік боп,
Шала мерген жамбы атты.
Сарыарқа мүлде бейіш боп,
Елі еркін, кейіс жоқ,
Мыңнан бірді тандатты.
Төрт түлікке толтырды
Толағай тұлдыр қыратты.
Тандыр болған жылғадан
Сарқырап тұнып су ақты.
Өзен қып өрге ағызды
Жылжыған жылым бұлақты.
Қураған шынар көгеріп,
Қу тұқыл алды қуатты.
Ай маңдайлы арудың
Жұпармен шашын сылатты.
Оңы – күн, солы – ай болды,
Қара суы – май болды.
Бесіктен белі шықпаған
Жасы өсіп, бас болды,
Еңкейген кәрі жас болды.
Жетім өсіп, теңелді,
Жетісіп жесір, кенелді.
Шалшық суы көл болды,
Құрамалар ел болды.
Мұхитты кезген кемедей
Біраз күн қазақ сайрандап,
Ханталауда, қамалда
Қалды кеме қайраңдап.
Абылай туы жығылды,
Қабырғаң, қазақ, сығылды.
Үріккен қойдай біріңе
Бірің келіп тығылдың...

 

САУЫР ЖЕРДЕН АЙЫРЫЛЫП

Тауды екіге жарасың,
Тастың қашап арасын.
Кесіп өтіп кезеңді,
Аягөз, қайда барасың?!
Жағаңдағы сұлу тал,
Саясының шөбі бал,
Ерекше семіз ішкен мал.
Сумаң қағып сүйріктей,
Шалқып шапқан жүйріктей
Екіге бөліп ерке су
Қас пенен көздің арасын!
Тарбағатай тауынан
Тоқсан сала қосылып,
Тоғыз өзен түйісіп,
Ақтың төмен жосылып.
Ағының тасты ағызып,
Арнаң қалды осылып.
Күркіреген үніңнен
Аңдар қашты шошынып.
Қырға суың тарады,
Ойға суың барады
Тоғанменен тосылып.
Аягөз, сенің бойыңда
Несібе, ырыс тегіс қой,
Сай-салаң толған жеміс қой.
Қырың – малдың кіндігі,
Ойың – өнім егіс қой.
Айтуға ауыз келе ме,
Аягөз кімнің жері еді?
«Жер сауырын – жайлауды
Ел сауыры» дер еді.
«Жер кімдікі?» – дегенде,
Аға сұлтан, қазылар
Не деп жауап береді?
Сауыр жерден айрылып,
Қазақ елі жұқарды,
Сауыр емес, шап болды.
Заманға сай адамы –
Қу заманға сұм басшы
Сорымызға тап болды.
Жағаңа дуан түскен соң,
Суыңды орыс ішкен соң,
Аягөз суы қағынды.
Би, старшын мойнына
Жезден қарғы тағынды.
Аға сұлтан, қазылар
Майырға болды жағымды.
Шайқады қулар тағымды,
Тайғызды бастан бағымды,
Сындырды, елім, сағыңды.
Қара ісіне дем беріп,
Қарайтты әдей ағыңды.
Ұзын өріс қысқарып,
Кең қонысың тарылды.
Сөзіңнен кетіп пәтуа,
Құт-берекең арылды.
Ағайын араз болған соң,
Ел екіге жарылды,
Қарайласпай жоғыңа,
Көре алмай, күндеп барыңды.
Жауға шабар ерің жоқ
Сақадай болып сайланып.
Төсекжанды мырзалар
Ала баспақ байланып,
Үйкүшіктей үреді
Отының басын айналып.
Жеріңнің алды шұрайын,
Дуан салып жайланып.
Датыңды айтсаң майырға,
Сібірге кеттің айдалып.
Бейнең қандай болды екен,
Қарасаңшы бір мезгіл
Қолдарыңа айна алып.
Жерге қарай мал бітіп,
Малға қарай құт болмақ.
Қонысынан мал тайса,
Құты кетіп, жұт болмақ.
Айтып-айтпай, немене,
Күн өтіп, уақыт біткендей –
Сары аурудай сарылып,
Өлімді аңсап күткендей.

 

*  *  *

Тегімді менің сұрасаң,
Қалың Найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тыманың тынық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.
Сорғалаған нөсердей
Жырын тыңда, Дулаттың.
Тасқын судай ағызып,
Шәрбәт балдай тамызып,
Торқалы топыр тойында,
Топ бас қосқан ойында,
Қасқа - жәйсаң алдында
Топ жиынды дулаттым.
Айдасаң алыс жерімді,
Алсаң ащы терімді,
Өзіне - өзі сенімді,
Тоят төс, салпы ерінді,
Топтан торай бермейтін
Тұлпар аттай қунақпын.
Қайырсыз сараң малыңды,
Еріншек есер жарыңды,
Халыққа емес сыйымды -
Парақор баспақ биіңді,
Ел бүлдіргіш бегіңді
Әперіп сөзбен кегіңді -
Улы тілмен улаттым.
Сана құйып ойыңа ,
Қуат беріп бойыңа,
Аққан жасы сел болған,
Етегі толып көл болған,
Беріш боп шері байланған,
Ұйқы беріп қайғы алған,
Қайғылыны уаттым.
Жырымды менің тыңдаған
Сөз ұғатын соңғы адам,
Тыңдаудан әсте тынбаған,
Кауһардай дүрі бұлдаған,
Сарқырап аққан жылғадан
Жыр арнасы суатпын.
Шашудай болып шашылар
Меруерттей асыл сөз деген,
Жаршылардың шәйірі
Асыл сөзді езбеген.
Нысананы дәл басып,
Қалаған жерден көздеген.
Қамқа бірдей бола ма
Қаламы мата бөзбенен?
Қосылып алтын қорылмас
Мырышпенен, мыс, жезбенен.
Меруерттей сөзбен шашайын
Бойыма біткен асылын
Ақындық әсер қуаттың.
Сусағанды сулатып,
Шаршағанды қунатып,
Күзегенді туратып,
Жырыммен елді жетелеп,
Мүйіс жерден төтелеп,
Ағылайын ақпадай!
Азған елдің адамы
Апшыған сұмдар қадамы,
Жүйрікпін деп шабаны,
Момынға жапса жаланы,
Қулық - сұмдық табады;
Арқасы елдің жауыр боп,
Жеңіл жүгі ауыр боп,
Төрт таяқтап ақсады...
Аға сұлтан, қазының
Ел сілкінді ісінен.
Ауылдың атқа мінері
Жемтікке қонған күшіген.
Өзі тойса мәз болды,
Ел іргесін сақтамай.
Ер деп елді бұзғышты,
Сұқсыр деп сұмырай қызғышты,
Кез құйрықты лашын деп,
Кенеусізді ісім деп,
Құладынды сұңқар деп,
Жабыны шабан тұлпар деп,
Құтқармайтын құмай деп,
Төбетке қарғы таққаны.
Майырдың алса бұйрығын,
Борбайға қысып құйрығын,
Ел пысығы жортады.
Өзі елді қорқытып,
Онан өзі қорқады.
Алдыңа түсіп томпаңдар
Жарлылардың торпағы,
Бір торпақтан он болып
Пысықтардың ортағы.
Қара шығын алымы
Бай, кедейге бірдей боп,
Шаңыраққа салығы.
Ел ұйытқысы шайқалып,
Дәулет судай аққаны
Сортаң жерге қақ тұрып
Суы ішуге келмейтін,
Сараң байға бақ тұрып
Қолынан қайыр бермейтін,
Қортиғандар бек болды
Елді теріс сермейтін...

Байланысты жаналықтар

Шортанбай Қанайұлының өлеңдері

12.09.2024

«МЕН ДЕ ОНЫ ТЫРНАҒЫНАН ТАНЫДЫМ...»

06.02.2020
MalimBlocks
Шортанбай Қанайұлының өлеңдері

Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) – 19 ғасырда өз дәуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген бірден-бір ақын, өз дәуіріндегі қоғамдық, әлеуметтік өмірдің әр саласын кеңінен қамтып, көркем бейнелеген ірі суреткер. Шортанбай өмірі мен шығармашылығы жөнінде қолда бар деректер тым шағын. Бұларға қарағанда ақын 1818 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан ауданының Қаратау бойында туып, Арқадағы Қарқаралы өңірінде 1881 жылы қайтыс болған. Ол «Зар заман ақындарының» ірі тұлғаларының бірі.

«МЕН ДЕ ОНЫ ТЫРНАҒЫНАН ТАНЫДЫМ...»