Актер Әбілмансұр Серіковтің бұрынғы жұбайы Фариза Бекібай балаларға төленетін алимент пен олардың әкесімен қарым-қатынасы туралы айтты, деп Malim.kz тілшісі Qirtosek парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фаризаның айтуынша, алимент тұрақты түспейді: кейде төлемді төрт айға дейін күтуге тура келеді. Ал балалардың ем-домы, дәрі-дәрмегі, киімі, оқуы мен тамағына кететін шығынды өзі өтеп жүргенін жеткізді.
Ол балаларының әкесінен ақша сұрауға ұялатын болғанын да айтты. Сөзінше, "Әке, мың теңге берші" деген өтініштің өзіне ақша жоқ деген жауап естиді. Фариза үлкен ұлын әкесі жаз бойы бір рет қана алып кеткенін мәлімдеді.
Фариза Бекібай бұрынғы жұбайын балаларға көбірек көңіл бөліп, оларды қажет заттармен қамтамасыз етуге шақырды. Әбілмансұр Серіковтің бұл мәлімдемеге қатысты жауабы әзірге белгісіз.
Әбілмансұр Серіков кім?
Әбілмансұр Серіков – қазақстандық театр және кино актері. 1991 жылы 7 желтоқсанда Алматыда дүниеге келген. Әкесі Әбунасыр Серіков пен анасы Лиза Серикова да актерлік өнерде еңбек етеді. Әбілмансұр Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр факультетінде оқыған.
Ол 2013–2015 жылдары Ғ. Мүсірепов атындағы театрда ойнап, кейін Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы театрға ауысқан. Көрерменге "5:32" сериалындағы Шалқар, "Дос-Мұқасан" фильміндегі Досым Сүлеев рөлдерімен танылды. Сондай-ақ "Игрок" жобасына түскен. Әбілмансұр Серіков – "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.