Әлем елдеріндегі блогерлер салықты қалай төлейді?

АҚШ-та серіктестерден, жарнамалық кірістер мен демеушілерден түскен кез келген қаражатқа салық салынады

Malim Админ

  • 21.02.2025

Қызықты контент жасап, атағыңды шығарып, сол арқылы табыс табу - бүгінде талайдың арман-мақсатына айналды. Бірақ сол блогерлер әлем елдерінде салық төлеуге міндетті екенін көбі біле бермейді. Салықтан жалтарған желі белсенділерін заң бойынша жаза да күтіп тұр. Бұл туралы kazinform.kz-ке сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды. 

АҚШ

АҚШ-та контент жасаушылар тапқан әр табысына салық төлеуі тиіс. Мейлі ол хоббиі немесе қосымша жұмысы болсын. Бұл АҚШ Салық басқармасының (IRS) талабы.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар сияқты, блогерлер де блог жүргізуден тапқан ақшасынан салық төлеуі керек. Демек, серіктестерден, жарнамалық кірістер мен демеушілерден түскен кез келген қаражатқа салық салынады.

АҚШ-тағы федералды салық мөлшерлемесі прогрессивті, яғни сіздің табысыңыз неғұрлым жоғары болса, салық мөлшерлемесі соғұрлым өседі. Салық басқармасының (IRS) мәліметіне сүйенсек, табыс салығының мөлшерлемесі 10%-дан 37%-ға дейінгі аралықта.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салық ставкасы 15,3% құрайды. Тариф екі бөліктен тұрады: Әлеуметтік қамсыздандыру үшін (қарттық, мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша сақтандыру) 12,4% және Medicare (ауруханадағы шығындар бойынша сақтандыру) үшін 2,9%.

Блогерлер өз табыс сомасынан бизнесті жүргізу үшін қажет деп санаған әртүрлі шығындарды шегеріп тастай алады. Мәселен, фрилансерлер қызметі (графикалық дизайн жасау, сайт әзірлеу немесе мәтін жазып беру), маркетинг, жарнама беру және кеңселік керек-жарақтар алу.

Салықтарды есептеу кезінде блогерге түскен жарнама мен цифрлық өнімдерді сату сияқты кіріс көздері ескеріледі. Сондай-ақ блогердің қандай да бір тауарға шолу жасаудан тапқан ақшасы да табыс болып есептеледі.

Егер блогер ақшаның орнына бір сыйлық алса (тегін тауар, сапарға шығу) онда ол табыс болып есептеледі. Оған да салық төлеуі қажет. Тек тауарға шолу жасағанда ақшаның орнына сол тауарды сыйлыққа берген жағдайда тауардың бағасы $100 аспайтын болса ғана оған салық салынбайды.

Айта кетейік, бұл елде жеке кәсіпкерлік, серіктестік (sole proprietorship) және жауапкершілігі шектеулі серіктестік (LLC) сынды бизнес жүргізу түрлері танымал.

Ұлыбритания

Ұлыбританияда желі белсенділері табыс салығын және Ұлттық сақтандыру қорына жарна төлеуі керек. £12 570-тен (салық салынбайтын шек) көп пайда көретін кез келген адам осы шектен жоғары сома бойынша табыс салығын төлеуге міндетті. Бұл минимум сауда шегерімі арқылы ұлғайтылуы мүмкін.

Табысқа келесідей ставкалар бойынша салық салынады:

20% - £12 571-ден £50 270 аралығында табыс тапқандарға

40% - £50 271-ден £125 140 аралығында табыс тапқандарға

45% - £125 141-ден көп табыс тапқандарға.

Салық ставкалары барлық кіріске емес, тек бірнеше санатқа жататын табысқа ғана қолданылады. Мысалы, егер сіз бір жылда £80 000 тапсаңыз, онда келесідей есептеледі: £37 700 (£50 270 - £12 570). Яғни, 40% салық салынады. Сонда бір жылдағы салықтың көлемі - £19 292.

Ұлттық сақтандыру жарналары (National Insurance) - бұл мемлекеттік төлемақыға бағытталған салық. Егер блогердің жылдық табысы £90 000 немесе одан да көп болса, олар салық төлеуші ретінде тіркелуі тиіс (табысы бұл шектен аз болғандар өз еркімен тіркеле алады). Тіркелгеннен кейін қызметтерінің құнына қосылған құн салығын (ҚҚС) қосып отырады. Мысалы, егер желі белсендісі жарнамалық пост үшін £200 алса, онда қызмет құнын £240 деп көрсетіп, соның £40-ын Ұлыбританияның Салық және кеден басқармасына (HMRC) аударады.

Сондай-ақ блогерлер кірістерінен бизнес шығындарын есепке алу және шегеру арқылы салық жүктемесін азайта алады. Десе де HMRC талаптары қатал - шығындар бизнесті жүргізу мақсатында ғана жұмсалуы тиіс. Оның ішіне видео түсіруге керекті жабдықтар және басқа да техникалар, іссапарлар, заңгерлік және бухгалтерлік қызметтер кіреді.

Қытай

Ханчжоудағы қытайлық блогер Пан Юрун шамамен 100 млн юань (13 млн доллар) салық төледі, деп хабарлайды South China Morning Post.

2024 жылдың 14 наурызында Пан төлеген салық сомасын өз видеосында ашық көрсетті. 95 млн юань төлегеніне скриншот дәлел болды.

Салық төлеу әркімнің міндеті. Мен әрдайым салықты толықтай төлеймін және салықтан жалтаратын әрекеттерге бармаймын, - деді ол.

Пан Юрун Douyin желісінде жеке парақшасын жүргізеді. Сол арқылы қыздар қауымына тері күтімі және макияж бойынша кеңестерімен бөліседі.

- Егер оның табысына ең жоғары ставка - 45% мөлшерінде табыс салығы салынған деп есептесек, оның 2023 жылы жылдық табысы 200 млн юаньнан (28 млн доллар) асуы мүмкін, - деп жазады SCMP.

Қытайдағы табыс салығы табыс мөлшеріне байланысты есептеледі: 3%-дан 45% аралығында.

2021 жылдың желтоқсанында Қытайдағы ең ірі стримерлердің бірі Хуан Вэйге (Viya деген атпен танымал) салық төлеуден жалтарғаны үшін 1,34 млрд юань (210 млн доллар) көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ желі жұлдызының барлық аккаунттары бұғатталған.

Ресей

Көрші елде блогерлер төлейтін салықтар бизнесті тіркеу нысанына (өзін-өзі жұмыспен қамту, жеке кәсіпкер немесе ЖШС) байланысты.

Табысы 2,4 млн рубльге дейін жететін блогер өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркеле алады. Ал егер қызметкерлері болса және кірісі 2,4 млн рубльден асса, онда жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жағдайда заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерден (ИП ретінде тіркелгендерден) алынатын табыс салығы 6%, ал жеке тұлғалардан алынатын салық 4% құрайды.

Жеке кәсіпкерлерге салынатын салықтар салық жүйесіне және аймаққа байланысты: оңайлатылған салық жүйесі бойынша — 1-15%, жалпы салық жүйесі бойынша — 13-15%, ҚҚС — 20%-ға дейін.

Қазір Ресейде блогер Елена Блиновскаяға қатысты сот ісі жүріп жатыр. Бұл процесс өткен жылдың тамыз айының соңында басталды.

Тергеушілердің айтуынша, Блиновскаяға 2019-2021 жылдары бизнесті бөлшектеу схемаларын пайдалана отырып, 900 млн рубльден астам салық төлеуден жалтару айыбы тағылған. Ол 2023 жылдың сәуірінде ұсталды, - деп жазды ТАСС.

Фото:  freepik

 

Байланысты жаналықтар

Үш адамды атып өлтірген қылмыскер өмір бойына сотталды

22.02.2025

ХАМАС Израильге 4 адамның табытын қайтарды

20.02.2025

Ердоған Зеленскийге Украина жерінің тұтастығы даусыз екенін мәлімдеді

18.02.2025

АҚШ-РЕСЕЙ КЕЗДЕСУІ: САУДИЯДА НЕ АЙТЫЛДЫ?

18.02.2025

Эр-Риядта АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер өтті

18.02.2025

Сауд Арабиясындағы келіссөздерге қатыспаймыз және мойындамаймыз - Зеленский

17.02.2025
MalimBlocks
Үш адамды атып өлтірген қылмыскер өмір бойына сотталды

Мен кінәлі екенімді білемін, бірақ жауапкершілікті сезінбеймін, — деді ол

ХАМАС Израильге 4 адамның табытын қайтарды

Ердоған Зеленскийге Украина жерінің тұтастығы даусыз екенін мәлімдеді

АҚШ-РЕСЕЙ КЕЗДЕСУІ: САУДИЯДА НЕ АЙТЫЛДЫ?

Эр-Риядта АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер өтті

Сауд Арабиясындағы келіссөздерге қатыспаймыз және мойындамаймыз - Зеленский