Ердоған жаңа Конституция әзірлей бастағанын айтты

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жаңа Конституция әзірлеу жұмыстары басталғанын айтты, - деп хабарлайды Malim.kz сайты TRT Global арнасына сілтеме жасап.
Түрік көшбасшысы кеше Анкарада Әділет және даму партиясының кеңейтілген провинциялық төрағалар кеңесінде сөйлеген. Ол өз сөзінде елдің негізгі заңын дайындау процесіне кеңінен тоқталған.
"Мен он заңгерге жобаны әзірлеуді тапсырдым. Біз Конституция бойынша жұмысты олардың қатысуымен бастаймыз", – деді ол.
Президенттің айтуынша, басты мақсат – әскери төңкерістер дәуірінің ізі қалмаған жаңартылған Конституцияны қабылдау.
"1982 жылғы Конституцияда әскери режимнің таңбасы бар. Жаңа, азаматтық Конституция осы сарқыншақтардан арылуға және өткеннің ауыр жүгін тастауға мүмкіндік береді", – деп атап өтті Ердоған.
Ол Түркия билігінің жаңа негізгі заңды "еркіндіктің толық әрі жан-жақты хартиясы" ретінде құқықтық жүйеге енгізуге ниетті екенін баса айтты. Сондай-ақ бұл процеске парламенттегі басқа партиялар да қатысады деген үмітін білдірді.
Мемлекет басшысы 1960 жылғы 27 мамырдағы төңкеріс оқиғасына да тоқталып, оны Түркия демократиясы тарихындағы ең қаралы кездің бірі деп атады. Сонымен қатар, терроризмнен азат Түркия құру жолындағы күресте жаңа кезең басталғанын мәлімдеді. Бұл жол үлкен жауапкершілікті талап етеді.
"Әр кезең сайын үмітіміз ғана емес, жауапкершілігіміз де арта түседі", – деді ол.
Еске салайық, 2017 жылы референдум нәтижесінде Түркия президенттік республикаға айналды. 2023 жылғы мамырда Ердоған екінші бесжылдық мерзімге қайта сайланды. Алайда оппозициялық партиялар бұл оның үшінші мерзімі екенін алға тартты. Себебі Ердоған 2014 пен 2018 жылдар аралығында да президент болған, бірақ ол кезде Түркия парламенттік республика еді.
Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, ел президенті қатарынан екі мерзімнен артық билікте бола алмайды. Сыншылардың пікірінше, жаңа негізгі заң Ердоғанға 2028 жылдан кейін де билікте қалуға жол ашуы мүмкін.
Фото: Leon Neal / Getty Images

Самое читаемое
