Францияда тағы бір музей тоналды

Францияда Дени Дидроның ағартушылық үйін белгісіз адамдар тонап кетті. Бұл оқиға Лувр музейіндегі ұрлықтан небәрі бірнеше сағат өткен соң болған, деп хабарлайды Malim.kz France Info-ға сілтеме жасап.
Оқиға Лангр қаласында болған. Белгісіз тұлғалар XVIII-XIX ғасырларға тиесілі алтын және күміс теңгелер жинағын ұрлап кеткен. Басқа экспонаттарға зиян келтірілмеген.
Осы жағдайдан кейін «Дени Дидроның ағартушылық үйі» ерекше бұйрыққа дейін жабылды. Лангр мэриясы музейді тәулік бойы күзететін жеке күзет қызметін тартқан, сондай-ақ қорғаныс жүйесін жаңартуды жоспарлап отыр.
Тергеушілердің айтуынша, ұрлық нақты жоспарланған және арнайы дайындалған. Бұл оқиға 20 қазан, дүйсенбіге қараған түні, Лувр музейіндегі ұрлықтан кейін туындаған қоғамдық резонанс аясында болған. Францияның Ішкі істер министрлігі музейлер мен мәдени мұра нысандарында қауіпсіздік шараларын күшейту туралы дереу мәлімдеді.
Еске салайық, Лувр музейі 19 қазан күні таңертең тоналған. Париж прокуратурасының дерегінше, ұрланған заттардың қатарында императрица Мария-Луизаның алқасы мен сырғасы (Наполеонның екінші әйелі), королева Мария-Амалия мен Голландия королевасы Гортензия де Богарнеге тиесілі үш әшекей, сондай-ақ императрица Евгенияның жинағынан бірнеше бұйым болды.
Фото: instagram.com/comete_dc