FT: Еуропаның ең ірі порты Ресеймен соғыс бола қалған жағдайда дайындыққа кірісті

Еуропаның ең ірі порты — Нидерландтағы Роттердам — Ресеймен ықтимал соғыс бола қалған жағдайда өз инфрақұрылымын дайындап жатыр. NATO-ның әскери жабдық тасымалдайтын кемелеріне орын резервтеу және соғыс жағдайында жүк жеткізу жоспарын құру – дайындықтың басты бағыттары. Бұл туралы 2024 жылғы 8 шілдеде Financial Times (FT) жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Роттердам портының директоры Будевейн Симонс FT-ке берген сұхбатында көршілес Антверпен портымен (Бельгия) бірге Ұлыбритания, АҚШ және Канададан келетін әскери кемелер мен жүктерді қабылдауға арналған іс-қимыл жоспары талқыланып жатқанын мәлімдеді.
«Әскери жүктерді қабылдауға кез келген терминал жарай бермейді», – деді Симонс.
Егер әскери жүктің көлемі тым үлкен болса, порт бұл жүктің бір бөлігін Антверпен мен басқа да айлақтарға бағыттауды жоспарлап отыр.
Антверпен порты — Еуропадағы екінші ірі порт, қазіргі уақытта Еуропада орналасқан АҚШ әскерлеріне жүк жеткізетін кемелерді жиі қабылдайды.
Роттердам портындағы бұл шаралар — Еуропадағы Ресеймен соғыс бола қалған жағдайға дайындықтың бір бөлігі, делінген мақалада.
Financial Times мәліметінше, Еуроодақ 800 миллиард еуроға дейін қайта қарулануға қаржы бөлуге және АҚШ-қа қорғаныс саласында тәуелділікті азайтуға ниетті.
Нидерландта да НАТО-ға мүше басқа елдер сияқты қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Мамыр айында Нидерланд премьер-министрі Дик Схоф Роттердам порты NATO сұранысы бойынша әскери тасымал жасайтын кемелерге қызмет көрсетуге дайын болуы қажет екенін айтқан.
FT жазуынша, Роттердамның контейнерлік терминалы – Еуропадағы әскери оқ-дәріні бір кемеден екінші кемеге қауіпсіз ауыстыра алатын жалғыз орын. Сондықтан алдағы уақытта бұл портта жылына бірнеше рет әскери жаттығулар өткізу жоспарланған.
Жыл сайын Роттердам порты 436 миллион тонна жүк өңдейді, мұнда 28 мың теңіз кемесі мен 91 мың өзен кемесі (Германия және басқа да еуропалық елдерден) келіп тоқтайды. Сонымен қатар, порт мұнайдың стратегиялық қорын сақтау қоймасы ретінде де пайдаланылады.
Будевейн Симонстың айтуынша, осы тәжірибені басқа стратегиялық ресурстарға, мысалы, мыс, литий және графит сынды материалдарға да қолдану қажет.
Фото: Jochen Tack/IMAGO


Ең көп оқылған
