Кашмирде қауіпсіздікке байланысты туризм нысандары жабылды

Үндістанның Джамму мен Кашмир одақтас аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ондаған саябақ пен туристік орындар уақытша жабылды. Бұл туралы Hindustan Times газеті хабарлады.
Атап айтқанда, аймақтағы 87 туристік нысанның 48-і келушілер үшін жабық тұр. Мұндай шешім 22 сәуірде Пахалгам қаласында болған террористік шабуылдан кейін қабылданған.
Шабуыл кезінде туристер көп шоғырланған жерде белгісіз бір топ оқ атып, соңғы мәлімет бойынша 26 адам қаза тапқан.
The Indian Express басылымының дерегінше, шабуылды жеті адам ұйымдастырған. Олардың үшеуі – пәкістандықтар, ал екеуі – 2018 жылы Пәкістанға кеткен Джамму мен Кашмир тумалары болған.
Hindustan Times газетінің жазуынша, туристердің қауіпсіздікке алаңдауы себепті осындай алдын алу шаралары қолға алынған.
Ал Пәкістан Сенаты шабуылға Исламабадтың еш қатысы жоқ екенін мәлімдеп, бұл іске қатыстылықты теріске шығаратын қарар қабылдады.
Айта кетейік, Джамму мен Кашмир – Үндістан мен Пәкістан арасындағы тарихи даулы аймақ. Мұндағы ахуал жиі шиеленісіп тұрады, ал кез келген теракт өңірдегі жағдайды одан әрі ушықтырып жібереді.
Фото: pixabay.com