Киевте Украина Қауіпсіздік қызметінің полковнигін атып кетті

Киев қаласында Украина Қауіпсіздік қызметінің полковнигі Иван Воронич қаза тапты. Бұл туралы украиналық БАҚ дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. СБУ баспасөз қызметі өз қызметкерінің қаза тапқанын «Суспильне» ақпарат агенттігіне растады, деп хабарлайды Malim.kz
«Киев қаласының Голосеево ауданында УҚК қызметкерінің өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қауіпсіздік қызметі мен Ұлттық полиция бұл қылмыстың барлық жай-жапсарын анықтап, кінәлілерді жауапқа тарту үшін кешенді шаралар қабылдап жатыр», – деп хабарлады УҚК баспасөз қызметі «Суспильне» басылымына.
Құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің айтуынша, жергілікті уақытпен таңғы сағат 9 шамасында белгісіз ер адам УҚК полковнигі Иван Вороничке жақындап келіп, оған тапаншамен бес рет оқ атқан. Кейін қаскүнем оқиға орнынан қашып кеткен. Воронич сол жерде көз жұмған.
Жоғарғы Раданың бұрынғы депутаты Игорь Мосийчуктың айтуынша, Воронич «Арнайы операциялар орталығының (АОО) 16-басқармасының 1-бөлімінің аға жедел қызметкері» болған. Бұл орталық «Альфа» арнайы бөлімшесі ретінде де белгілі.
The Insider басылымының мәліметінше, осы арнайы бөлімше қызметкерлері Ресейдің тылында диверсиялық операциялармен айналысқан.
Украиналық бұрынғы барлаушы Роман Червинский Вороничтің өліміне қатысты пікірінде ол «2014 жылдан бері жауға қарсы күресіп, СБУ-де қазіргі кезде Ресейге көп қиындық тудырып отырған бағыттың негізін қалағандардың бірі» болғанын жазды.
Фото: picture alliance/pressefoto_korb


Ең көп оқылған
