Ким Чен Ын: Солтүстік Корея Ресейдің барлық қадамдарын қолдайды

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейдің Украинадағы іс-қимылдарына толық және сөзсіз қолдау білдіретінін мәлімдеді. Бұл туралы КХДР мемлекеттік ақпарат агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
13 шілде күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен өткен кездесуде Ким Чен Ын Ресей басшылығының "украин дағдарысының түпкі себептерін жоюға бағытталған барлық әрекеттерін" қолдайтынын жеткізді.
Сапар аясында Лавров Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Цой Сон Химен де келіссөздер жүргізіп, Вонсан қаласында Ким Чен Ынмен жеке кездескен. Келіссөздер барысында КХДР тарапы Ресейдің "арнайы әскери операциясының" барлық мақсаттарын қолдайтынын растап, Кремль мен Ресей армиясының іс-қимылдарын ашық мақұлдады.
Ресей тарапы өз кезегінде Курск облысындағы ұрыстарға Корей халық армиясы әскерилерінің қатысқаны үшін алғыс білдірді. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Пхеньян Украинадағы соғысқа 30 мыңға дейін солдат жіберуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, әскери инженерлер мен құрылысшылардың жіберілуі де қарастырылып жатқан көрінеді.
Екі ел арасындағы бұл келісімдер әскери-техникалық ынтымақтастықтың нығайғанын көрсетеді. Бұған дейін 2024 жылы Мәскеу мен Пхеньян арасында стратегиялық әріптестік пен өзара қорғаныс жөнінде келісім жасалған болатын. Сарапшылардың пікірінше, Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы мұндай тығыз байланыс халықаралық қауымдастықта алаңдаушылық туғызуда.
Фото: Russian Foreign Ministry/AFP


Ең көп оқылған
