Мектепте болған атыстан 10 адам қаза тапты

Аустрияның Грац қаласындағы мектепте атыс болып, тоғыз адам мен шабуыл жасаған адамның өзі қаза тапты. Оқиғаға 21 жастағы бұрынғы оқушы себепкер болған, деп хабарлайды Malim.kz ВВС-ге сілтеме жасап.
Аустрияның ішкі істер министрі Герхард Карнердің айтуынша, Грац қаласындағы орта мектептердің бірінде болған атыс салдарынан тоғыз адам көз жұмған.
Ресми дерекке сүйенсек, шабуылды осы мектепте бұрын оқыған 21 жастағы жергілікті тұрғын жасаған. Қылмыс жасағаннан кейін ол өзіне қол жұмсаған.
Билік өкілдері марқұмдардың алтауы әйел, үшеуі ер адам екенін нақтылағанымен, олардың қаншасы бала, қаншасы ересек екені әзірге белгісіз.
Алдыңғы ақпараттарда қаза тапқандардың арасында бір мұғалім бары айтылған.
Өзін-өзі өлтірген күдіктінің аты-жөні жарияланған жоқ. Алайда полиция оның 21 жастағы, Грац маңында тұратын аустриялық азамат екенін растады.
Тергеу барысында оның бұл мектепте оқығаны, бірақ аяқтамай кеткені белгілі болды.
Шабуылдың себебі осы жағдаймен байланысты болуы мүмкін деген нұсқа да айтылып отыр. Алайда полиция әзірге нақты қорытынды жасау ерте екенін және тергеу енді ғана басталғанын мәлімдеді.
Қылмыс орнынан екі тапанша табылған. Бұл шабуылдаушы екі қарудан қатар оқ атқан болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Ресми мәлімет бойынша, қарулар оған заңды түрде тиесілі болған. Бұлардан бөлек, оның атыс қаруына тағы бір лицензиясы бар болып шықты.
Полиция дерегінше, ол бұрын құқық қорғау органдарының назарына ілікпеген.
Оның денесі мектептегі дәретханалардың бірінен табылды.
Ішкі істер министрі Карнердің мәлімдеуінше, тағы 12 адам ауыр жараланған. Бұған дейін кейбір аустриялық БАҚ 30 адамның зардап шеккенін, ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған болатын.
Аустрия канцлері Кристиан Стокер ел бойынша үш күндік аза тұту жариялады. Ол сәрсенбі күні бір минут үнсіздікпен басталады.
Оқиға жергілікті уақытпен таңғы сағат 10 шамасында болған. Шабуылдаушы екі сыныпқа кіріп оқ жаудырып, артынан өзіне қол салған.
Қазіргі таңда шабуыл сәтінде мектепте нақты не болғаны жайлы куәгерлердің мәліметі жоқ.
Алайда Kronen Zeitung басылымы өз тілшісінің мектеп мұғалімдерінің бірінің күйеуімен сөйлескенін жазды. Оның айтуынша, атыс басталған кезде жұбайы оқушылармен бірге сыныпты ішінен жауып, бекініп алған.
Қаза тапқандардың аты-жөндері әзірге жарияланған жоқ.
«Мен мектептің қарсысындағы тұрғын үй кешенінде тұрамын. Бұл мектепте оқитын бірнеше баланы танимын. Бұл мен үшін үлкен шок. Барлығы аман-есен болса екен», — дейді 22 жастағы Марк Нолденнің сөзін аустриялық БАҚ.
Полиция шабуыл туралы дабыл түскеннен кейін 17 минут ішінде мектепті толық қоршауға алған.
BORG мектебіне әдеттегі жедел топтармен қатар, көп адам қаза тапқан немесе кепілге алынған жағдайларда әрекет ететін арнайы Cobra тактикалық жасағы жіберілген.
«Барлық шұғыл қызметтер барынша сақтықпен жұмыс істеп жатыр», — деді Грац қаласының мэрі Элке Кар таңертеңгі мәлімдемесінде.
Оның айтуынша, мектепке келген ата-аналар балаларымен жақын маңдағы әкімшілік ғимараттардың бірінде жүздесіп жатыр.
Мектептің жанына орналасқан концерт-выставка залында жараланғандарға алғашқы көмек көрсету пункті ашылған.
Канцлер Стокер бұл жағдайды "ел жүрегіне тиген ұлттық трагедия" деп атады. «Бұл – өмірлері алда тұрған жас жеткіншектер мен сол жолда оларға бағыт-бағдар берген мұғалімдер еді», — деді ол.
Айта кетейік, Аустрияда мектептегі мұндай трагедиялар өте сирек кездеседі.
Грац – Вена қаласынан шамамен 200 шақырым қашықтықта орналасқан, елдегі екінші ірі қала.
Фото: AFP

Ең көп оқылған
