Мюнхенде пышақпен шабуыл жасаған әйел полиция оғынан қаза тапты

Германияның Мюнхен қаласында пышақпен шабуыл жасаған 30 жастағы әйел полиция оғынан кейін ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Оқиға жергілікті уақытпен сағат 19:45 шамасында Бавария астанасының орталығындағы Тереза алқабында (Theresienwiese) болған. Бұл аумақ — әйгілі Октоберфест фестивалі өтетін орын.
Полицияның мәліметінше, қаруланған әйел көшеде кетіп бара жатқан 56 жастағы ер адам мен 25 жастағы қызға шабуыл жасап, жарақаттаған. Оқиға орнын дереу қоршауға алған құқық қорғау органдары күдіктіге оқ атып, оны тоқтатуға мәжбүр болған. Әйел ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттарынан көз жұмды.
Қазір полиция шабуылдың себеп-салдарын анықтауда. dpa агенттігінің хабарлауынша, шабуылдаушының нақты ниеті туралы ақпарат әлі белгісіз. Немістің Bild басылымы күдіктінің психикалық ауытқуы болғанын болжауда. Жараланғандардың қазіргі жағдайына қатысты ресми мәлімет берілген жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.
Фото: Felix Hörhager/dpa/picture alliance

Ең көп оқылған
