НАТО елдері қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін арттырады

Украинаға қарсы Ресейдің агрессивті соғысы аясында және АҚШ президенті Дональд Трамптың қысымымен НАТО елдері қорғанысқа бөлінетін шығындарды бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін арттыруға уәде берді, деп хабарлайды Malim.kz dw.com сайтына сілтеме жасап.
25 маусым күні Гаагада өткен саммиттің қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен мәлімдемеде, олар 2035 жылдан кешіктірмей әскери мақсаттарға жыл сайынғы бөлінетін қаражатты ЖІӨ-нің кемінде 5 пайызына дейін жеткізу міндетін бекітті. Бұл — Қырғи қабақ соғыс кезеңінен бергі ең жоғары деңгей. Бұған дейінгі мақсат 2 пайыз болатын.
Бұл міндеттемелерге жауап ретінде одақтастар Трамптың бұдан былай АҚШ-тың НАТО Шартының 5-бабына адалдығына күмән келтірмейді деп үміттенеді. Аталған бап бойынша, егер альянсқа мүше елдердің біріне шабуыл жасалса, қалғандары оған көмектесуге міндетті, яғни шабуылды бәріне қарсы жасалған агрессия ретінде қабылдайды.
Саммит мәлімдемесінде былай делінген: «Біз, Солтүстік Атлантикалық альянсқа мүше мемлекеттердің басшылары, НАТО-ға – тарихтағы ең қуатты одаққа — және трансатлантикалық байланыстарға деген адалдығымызды растау үшін Гаагада жиналдық. Альянс біртұтас және өз аумағындағы бір миллиард азаматты қорғауға бел буған».
Фото: Claudia Greco/REUTERS


Ең көп оқылған
