Нидерланд Қырым татарларының депортациясын геноцид деп таныды

Нидерланд парламенті 1944 жылы Кеңес билігі тарапынан жүргізілген Қырым татарларын жаппай депортациялауды геноцид деп таныды, деп хабарлайды Malim.kz Дойче Веллеге сілтеме жасап.
19 маусым күні Нидерланд парламентінің төменгі палатасы — Өкілдер палатасы — депутат Дерк Бойсвиктің осы мәселе жөніндегі ұсынысын қолдады. Бұл туралы парламент сайтында жаңартылған ақпарат жарияланды.
Нидерландтан бөлек, бұған дейін Балтық елдерінің үшеуі, сондай-ақ Канада, Польша және Чехия да Қырым татарларының депортациясын геноцид деп таныған болатын.
Қабылданған құжатта 2014 жылғы Ресейдің Қырымды басып алуынан кейін Қырым татарлары негізсіз қудаланып, түрмеге жабылғаны, азаптауларға ұшырағаны немесе із-түссіз жоғалғаны да атап көрсетілген.
Мұның өзі «Ресейдің Қырым татарларына қарсы геноцид саясатын жалғастырып отырғанының белгісі» делінген.
Өкілдер палатасы: «1944 жылғы Қырым татарларын жаппай депортациялау қазіргі халықаралық стандарттар бойынша геноцид ретінде танылуы тиіс және бұл әрекет қатаң айыпталуы қажет», — деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, үкіметке бұл геноцидті ресми түрде мойындау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Украина сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Андрей Сибига X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде:
«Нидерланд Өкілдер палатасына Қырым татарларын 1944 жылы кеңестік режим тарапынан күштеп көшіруді геноцид деп танығаны үшін алғыс айтамын. Бұл – Қырым татарларымен ынтымақтастықтың айқын белгісі. Қазір де олар Ресейдің уақытша оккупациясындағы Қырымда қысым көріп отыр», — деп жазды.
Оның айтуынша, Нидерланд — Украинадан тыс жерде бұл қылмысты геноцид деп таныған жетінші ел. Сибига өзге мемлекеттерді де осы шешімді қолдауға шақырып, «бұл тек әділдік үшін ғана емес, болашақта мұндай зұлымдықтарға жол бермеу үшін қажет» деді.
Фото: picture-alliance/ANP XTRA/L. van Lieshout

Ең көп оқылған
