Пәкістан қорғаныс министрі ядролық қару қолдану мүмкіндігі туралы пікір білдірді

Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф Үндістанмен жанжал жағдайында ядролық қару қолдану ықтималдығы туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Malim.kz Dawn басылымына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, ядролық қару қолдану нұсқасы "қазір қарастырылып жатқан жоқ", алайда егер жағдай ушығып кетсе, "бақылаушылар да зардап шегуі мүмкін".
"Бұл тек аймақпен шектеліп қалмайды. Қирау ауқымы әлдеқайда кең болуы мүмкін", — деді Асиф.
Сонымен қатар, ол Пәкістан Қарулы күштері Ұлттық командалық кеңесінің жиналысы өтеді деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл орган ядролық қару қолдануға байланысты жедел шешімдер қабылдайды. Бұған дейін БАҚ Пәкістан Үндістанға қарсы ірі әскери операция бастағанын хабарлаған еді.
Дереккөз мәліметінше, Пәкістан әскері Үндістанның Адампур әскери әуе базасын жойып, Удхампур базасына соққы берген. Сонымен қатар, кибершабуыл нәтижесінде Үндістанның электр желісінің 70 пайызы істен шыққан.
Еске салайық, бұған дейін Үндістан мен Пәкістан Кашмирдегі даулы шекара бойында қарулы қақтығысқа түскені хабарланған еді.
7 мамырға қараған түні Үндістан Пәкістанның Пенджаб провинциясына және Пәкістан бақылауындағы Кашмир аймақтарына әуе соққыларын жасады. "Синдур" деп аталған операция 22 сәуірде Пахалгам қаласында жасалған терактіге жауап ретінде жүзеге асқан. Сол оқиғада 26 адам — негізінен туристер — қаза тапқан.
Үндістан Сыртқы істер министрлігі бұл операцияны Пәкістан аумағындағы террористік топтардың жаңа шабуылдарға дайындалып жатқанына қарсы жауап деп түсіндірді. Нью-Дели лаңкестік үшін кінәлілерді жауапқа тартуға шешім қабылдаған.
Ал Исламабад Үндістанның бұл әрекетін "соғыс жариялаумен тең" деп бағалап, қарымта соққы жасағанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Пәкістан тарапы терактке қатысы бар деген айыптауларды жоққа шығарды.
Екі тарап та жарақат алғандар мен қаза тапқандар барын хабарлады. 7 мамырда Пәкістанның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі армияға өз-өзін қорғау құқығы аясында жауап беруге рұқсат берді.
Фото: x.com/MilitaryPakISPR