Польша Украинаға электр энергиясын жеткізуді көздеп отыр
Словакияның премьер-министрі Роберт Фицо, егер Украина билігі Ресейден Словакияға газ жеткізуді тоқтатуға ниеттенсе, Украинаға электр энергиясын жеткізуге тиым салатынын жеткізді.
Bloomberg агенттігі Польша үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап, Варшава Украинаға электр энергиясын жеткізуді ұлғайтуға дайын екенін хабарлады, Словакия оған қарсы шығуы ықтимал. Словакия мұндай қадамға Киевтің Ресей газын транзиттеуді тоқтатпақ болған шешіміне байланысты баруы мүмкін. Бұл жөнінде ВВС жазды.
Словакияның премьер-министрі Роберт Фицо, егер Украина билігі Ресейден Словакияға газ жеткізуді тоқтатуға ниеттенсе, Украинаға электр энергиясын жеткізуге тиым салатынын жеткізді.
Осыған жауап ретінде Украина президенті Владимир Зеленский Фицоны сынап, оны Украинаға қарсы «екінші энергетикалық фронтты» ашты деп айыптап, жалпы еуропалық ережелерді сақтауға шақырды.
Ресейдің Украина энергетикасына жасаған жаппай шабуылдары салдарынан Киев сырттан электр энергиясын импорттауды жоспарлап отыр. Зеленскийдің айтуынша, Словакия Еуропалық Одақтан Украинаға электр энергиясын жеткізудің жалпы көлемінің 19%-ын қамтамасыз етеді.
Bloomberg дереккөзінің мәліметі бойынша, Польша Словакиядан энергия жеткізу тоқтатылған жағдайда энергия өндірісін ұлғайтып, жетіспеушілікті өтеуге дайын.
Ресей газын Украина арқылы жеткізу 31 желтоқсанда тоқтауы тиіс, ал Киев оны ұзартуға ниетті емес, себебі бұл Кремльге соғысты қаржыландыруға көмектеседі деп санайды.
Словакия Ресейден газ бен мұнай алады. Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, егер Братислава Украинаға электр энергиясын жеткізуді тоқтатса, Киев «Дружба» мұнай құбыры арқылы Ресей мұнайының Словакияға транзитін тоқтатуы мүмкін.
Жексенбі күні Украина энергетика министрінің орынбасары Николай Колесник телеэфирде Киев «басқа бағыттардан қосымша электр энергиясын алу мүмкіндіктерін зерттеп жатыр» деп мәлімдеді. Ол қандай бағыттар екенін нақтылаған жоқ.