Путин енді Балтық елдеріне шабуыл жасауы мүмкін

АҚШ президенті Путиннің аумақтық амбициялары тек Украинамен ғана шектелмеуі мүмкін деп есептейді. Ол Ресей көшбасшысын "шатасып қалған адам" деп атап, Украинамен арадағы соғысты тоқтатуды қалайтынын айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің аумақтық амбициялары Украинадан тыс жерлерге де таралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. «Меніңше, бұл мүмкін», – деді ол 25 маусым, сәрсенбі күні Гаагада журналистің сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар Трамп Путиннің "келіссөз жүргізіп, соғысты тоқтатуды қалайтынына" сенімді екенін айтты, өйткені «ол үшін бұл нағыз былық». Ақ үй басшысының айтуынша, жуырда Путин оған қоңырау шалып, Иран мәселесінде көмектесуді ұсынған, бірақ Трамп оған «Ресейдің де көмектескені жақсы болар еді» деп жауап берген. «Меніңше, ол – шатасып қалған адам. Шынымды айтсам, мен таңқалдым. Біз бәрін оңай реттейміз деп ойлаған едім», – деді АҚШ президенті.
Путинмен неге бес ай ішінде соғысты тоқтатпағаны туралы сайлауалды уәдесіне қатысты сұраққа жауап берген Трамп Путиннің "өте күрделі адам" болып шыққанын айтты. Оның айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленскиймен де «мәселелер» болған. Сондай-ақ ол Путинмен тағы да сөйлеспек ниеті бар екенін, бірақ нақты қашан екенін айтпады.
Зеленскиймен кездесу
25 маусым күні Трамп НАТО саммитінен кейін Зеленскиймен кездесті. Ол Украина мен Ресей арасындағы атысты тоқтату мәселесін талқыламағанын, тек «оның хал-жағдайын білгенін» айтты. «Менің түсінгенім – Зеленский мұның аяқталғанын қалайды. Маған Путинмен сөйлесу керек, соны аяқтай аламыз ба, көрейік. Өткен аптада жеті мыңға жуық украиналық және ресейлік әскери қаза тапқан – бұл ақылға қонбайтын жағдай», – деді Трамп.
Өз кезегінде Зеленский АҚШ президентімен украин қалаларын қорғау үшін америкалық Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін сатып алу және дрондарды бірлесіп өндіру мүмкіндігін талқылағанын хабарлады. Сондай-ақ ол Трампқа Ыстамбұлда Ресей делегациясымен жүргізілген келіссөздер, тұтқындар мен қаза тапқандарды алмастыру жөнінде баяндаған. «Біз ұрыс алаңындағы жағдайды талқыладық. Путин жеңіп жатқан жоқ. Президентке аймақтағы шынайы жағдайды нақты деректермен жеткіздім», – деп түйіндеді Зеленский.
Батыс әскери және саяси өкілдері Путиннің НАТО-ға шабуыл жасауға дайындалып жатқанын жиі айтады. Олардың болжамынша, бұл 3-5 жылдан кейін орын алуы мүмкін, ал нысана Балтық елдері – Латвия, Литва немесе Эстония болуы ықтимал. Путин әскери шығындарды ЖІӨ-нің 7%-ына дейін жеткізді, ал қазіргі кезде бұл шығындар мемлекеттік бюджеттің үштен бірінен астамын құрайды. Сонымен қатар, Финляндия және Балтық елдерімен шекаралас Ленинград әскери округінде әскери базалар, қару-жарақ пен техника қоймалары, сондай-ақ ондаған мың әскери қызметкерге басшылық жасайтын армиялық штаб салынып жатыр.
Фото: kremlin.ru


Ең көп оқылған
