Путин ядролық қару қолдану туралы тағы айта бастады
Ресей президенті Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ядролық тежеу доктринасына өзгерістер енгізуді ұсынды
Ресей президенті Владимир Путин сәрсенбіде өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ядролық тежеу доктринасына өзгерістер енгізуді ұсынды.
Ол Мәскеу ядролық қаруды қолдануға құқылы болатын әскери қауіптердің тізімін кеңейту қажет деп санайды.
Доктринаның жаңа нұсқасында Ресейге ядролық қарумен ғана емес, қарапайым қарумен де жаппай шабуыл жасалған жағдайда ядролық қаруды қолдану мүмкіндігін қарастырылмақ. Путин стратегиялық немесе тактикалық авиация ұшақтарын, қанатты зымырандарды, дрондарды, гиперсоникалық зымырандарды және басқа да ұшақтар туралы айтты. Ресейге қарай әуе-ғарыштық шабуыл құралдары жіберілгені туралы сенімді ақпаратқа да ядролық қарумен жауап беруі мүмкін.
Тұтастай алғанда, ядролық қаруды қолдану құқығын Ресейдің егемендігіне қауіп төндіретін кез-келген іс-әрекет жағдайында бекітуді ұсынып отыр. Сондай-ақ Ресей ядролық қаруды одақтас мемлекет ретінде Беларуссияны қорғау үшін де қолданбақ.
Одан бөлек, Путин кез-келген ядролық емес мемлекет тарапынан, бірақ ядролық мемлекеттің қатысуымен немесе қолдауымен Ресейге қарсы жасалған әскери әрекеттерді бірлескен шабуыл ретінде қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, ядролық тежеу жүргізіліп жатқан мемлекеттер мен әскери одақтардың тізімі кеңейтілуге тиіс. Бірақ бұл тізімге қай елдер қосылатынын айтқан жоқ.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Путиннің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
- Ресейде ядролық бопсалаудан басқа ештеңе жоқ, әлемді қорқыту құралдары жоқ. Бұл құралдар жұмыс істемейді, - деді Андрей Ермак.
Осы жылдың 7 шілдесінде Петербург экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Путин ядролық доктринаның өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармаған еді. Дегенмен ол кезде қазір ядролық қаруды қолдану туралы ойланудың қажеті жоқ екенін ескерткен.
Дереккөз: golosameriki.com
Фото: rtvi.com