Қытай АҚШ тауарларына 84% баж салығын енгізіп, жауап қайтарды

АҚШ-пен сауда қақтығысы аясында Қытай билігі америкалық импортқа қосымша 50 пайыздық жауаптық баж салығын енгізетінін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл салықтар бұған дейін қабылданған 34 пайыздық бажға қосылады.
Осылайша, 10 сәуірден бастап АҚШ-тан келетін барлық тауарларға жалпы көлемі 84 пайыздық тарифтер күшіне енеді, деп хабарлады сәрсенбі, 9 сәуір күні Бейжіңдегі Қаржы министрлігі.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін импортқа 50 пайыз көлемінде қосымша баж салығын енгізетінін мәлімдеген болатын. Бұл тарифтер бұған дейін жарияланған 34 пайыздық бажбен бірге 9 сәуірден бастап күшіне енді. Осылайша, АҚШ-тың Қытай импортына қатысты арнайы сауда баждарының жалпы көлемі 104 пайызға жетті.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің айтуынша, Трамп Пекинден қоңырау күтуде және «Қытай оған қолын созған кезде мейірімділік танытуға уәде беріп отыр». Алайда, бір күн бұрын АҚШ президенті ҚХР-мен баж салығы мәселесі бойынша әрі қарай келіссөздер жүргізуді жоққа шығарған болатын.
Фото: CHARLY TRIBALLEAU/AFP/Getty Images