Ресей мен Қытай Үндістан мен Пәкістанды сабырлыққа шақырды

Кашмирдегі шиеленістің ушығуына байланысты Ресей мен Қытай өзге елдермен бірге Нью-Дели мен Исламабад билігін сабырлық танытуға шақырды. Бұл туралы 7 мамыр, сәрсенбі күні Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, Мәскеу Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери қақтығыстың күшеюіне қатты алаңдаулы. Бұған Үндістанның Пәкістан аумағына әуеден соққы бергені себеп болған.
«Аймақтағы жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу үшін тараптарды сабырлыққа шақырамыз. Үндістан мен Пәкістан арасындағы келіспеушіліктердің екіжақты негізде, 1972 жылғы Симла келісімі мен 1999 жылғы Лахор декларациясы аясында бейбіт, саяси-дипломатиялық жолмен шешілуіне үміттенеміз», – деді Захарова.
Қытай билігі де Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстың өршуіне алаңдаушылық білдірді. ҚХР Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде:
«Қытай бүгін таңертең Үндістан тарапынан жасалған әскери әрекеттерге өкінеді және қазіргі ахуалға алаңдаушылық білдіреді», – делінген.
Пекин барлық түрдегі терроризмге қарсы екенін атап өтіп, мынадай үндеу жасады:
«Біз Үндістан мен Пәкістанды бейбітшілік пен тұрақтылықты бірінші орынға қоюға, сабыр сақтап, ахуалды одан әрі күрделендіретін әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз».
Фото: K.M. Chaudary/AP Photo/picture alliance