Ресей мен Украина кезекті рет тұтқын алмасты

2025 жылғы 12 маусым, бейсенбі күні Украина мен Ресей әскери тұтқындар алмасудың кезекті кезеңін өткізді. Бұл келісім Стамбұлдағы екі ел делегациялары арасындағы келіссөздер барысында жасалған. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Бүгін біздің армия жауынгерлері, ұлттық гвардия сарбаздары, шекарашылар үйлеріне оралды. Олардың барлығына ем қажет, және оларға міндетті түрде қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Бұл – ауыр жараланған және ауыр науқас жауынгерлерді қайтарудың екінші кезеңі», – деп жазды Зеленский.
Ресей тарапы алдыңғы алмасулардағыдай, РФ Қарулы күштерінің әскери қызметшілері Беларуське жеткізілгенін хабарлады. «Оларға қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – делінген ресми мәлімдемеде. Кейін олар емдеу және оңалту үшін Ресей Қорғаныс министрлігінің медициналық мекемелеріне жіберіледі.
Бұған дейін, 9 маусымда, дүйсенбі күні де екі ел 25 жасқа дейінгі әскери тұтқындармен алмасқан болатын. Киевтің мәліметінше, сол кезде жараланған және ауыр жарақат алған әскери қызметшілер де үйлеріне қайтқан. Украинадағы әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабының мәлімдеуінше, қауіпсіздікке байланысты босатылғандардың нақты саны тек алмасу процесі толық аяқталған соң жарияланады.
Фото: Wolodymyr Selenskyj via Telegram/Handout/REUTERS

Ең көп оқылған
