Ресей мен Украина тағы да әскери тұтқындармен алмасты

Мәскеу мен Киев Стамбулдағы келіссөздер барысында келісілген әскери тұтқындармен кезекті алмасуды жүзеге асырды. Бұл туралы 10 маусым, сейсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Зеленскийдің айтуынша, бұл алмасу «ресейлік тұтқындықтан ауыр жарақат алған және жаралы жауынгерлерімізді қайтарудың алғашқы кезеңі» болды.
«Олардың барлығы да жедел медициналық көмекке мұқтаж. Бұл – маңызды гуманитарлық қадам», – деді ол.
Президенттің мәліметінше, үйлеріне Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, Мемлекеттік шекара қызметінің және Мемлекеттік арнайы көлік қызметінің сарбаздары оралды.
«Тұтқындармен алмасу жалғасуы тиіс. Біз тұтқындағылардың әрқайсысын тауып, қайтару үшін барлығын жасап жатырмыз. Көмек көрсетіп жатқан барлық жандарға ризашылығымды білдіремін», – деді Владимир Зеленский.
Украинаның әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабының хабарлауынша, 10 маусымда босатылғандар арасында Мариупольді қорғаған және үш жылдан астам уақыт тұтқында болған сарбаздар бар. Сарбаздар мен сержанттармен қатар офицерлер де азат етілген.
Бүгін босатылған қорғаушылардың барлығы ауыр жарақаттар мен ауруларға шалдыққан: аяқ-қолдары кесілген, көру қабілеті бұзылған, іріңді жаралар, жұқпалы аурулар, жарақаттар, снаряд жарықшақтарынан болған зақымдар мен созылмалы сырқаттар. Кейбіреулерінде гепатит пен туберкулез анықталған», – делінген хабарламада.
Ал Ресей Қорғаныс министрлігі өз тарапынан ресейлік әскери тұтқындардың Беларусь аумағында екенін, оларға сонда психологиялық және медициналық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Кейін олар Ресейге жеткізіліп, Қорғаныс министрлігінің медициналық мекемелерінде емделіп, оңалтудан өтеді.
Айта кетейік, 9 маусым, дүйсенбі күні де Украина мен Ресей 25 жасқа толмаған әскери тұтқындармен алмасқан болатын. Киевтің мәліметінше, олардың арасында жаралы және ауыр халдегі жауынгерлер де бар.
Фото: Ukrainian Presidential Press Service/Handout/REUTERS

Ең көп оқылған
