Шах мұрагері Пехлеви: Аятолла, биліктен кет!

Ирандағы жағдай ушыққан үстіне ушыға түскен шақта, Иранның бұрынғы шах әулеті бас көтеруде. Әлгінде Иранның бұрынғы тақ мұрагері Реза Пахлеви халыққа үндеу жасап: «Ислам республикасы өзінің соңына жетті және құлаудың алдында тұр. Хаменеи қорқақ тышқан іспеттес жер астына тығылып, жағдайды толық бақылаудан шығарып алды», - деген.
Бүгін ол Парижден сөйледі.
Иранда болып жатқан оқиғаларды «тарихи сәт» деп атап, «аятолла режимін» құлатуға шақырды. «Режим құлап жатыр, Хаменеидің отбасы, қатын, бала-шағасы қашуға дайындалуда. Бұл біз үшін «Берлин қабырғасының құлау» сәті», - деді ол.
Пехлевидің өзі билікке ұмтылмайтынын, бірақ Иранның демократиялануына көмектесуге дайын екенін айтты. Ол режимге қызмет етуден бас тартқан қауіпсіздік қызметкерлерін қорғауға уәде беріп, халықаралық қауымдастықты Тегеранның қазіргі басшы-қосшыларына еш мүмкіндік бермеуге шақырды.
Иранның ядролық нысандарына жасалған соққыларға түсініктеме бере отырып: «Бейбітшілік - тек зайырлы Иранда ғана мүмкін», - деді.
Пехлеви сондай-ақ халық жағына өтуге дайын әскерилер мен үкімет шенеуніктері үшін қауіпсіздік кепілдігі берілетінін айтты. Ол Иранның рухани көсемі Хаменеиге қарата сөйлеп: «Биліктен кетіңіз, сонда сіз әділ сотпен қауышасыз», - деп нүктеледі.
Тақырыпқа тұздық:
20 ғасырдың басында Персияда Пехлеви әулеті билікке келген кезде, еврей халқы Иранда құрметке ие болды. Еврей мектептері жалпы білім беру жүйесіне біріктірілді, нәсілдік кемсітушілік заңдар болмады.
Түркия 1949 жылы Израильді мойындағаннан кейін, Иран әкімшілігі «сионистік құрылымның» мұсылмандық блокадасын бірінші болып бұзбады. 1950 жылы наурызда Иран Израиль мемлекетін екінші болып мойындады. Даулы аумақтарды еврейлер мен Палестина арасында бөлу мәселесі көтеріліп, Иран БҰҰ-ның арнайы комитетіне енді. Тегеран Израильдің мүддесіне жиі қарсы дауыс бергенімен, бөлек араб және еврей мемлекеттерін құру жоспарланған болатын.
1970 жылдарға дейін Иран мен Израиль тек саяси серіктестер ғана емес, сонымен бірге әскери және экономикалық салада одақтастар болды. Осылайша, Иран ұзақ уақыт бойы еврейлер үшін достық ұстанымдарын көрсеткен санаулы елдердің бірі болды.
Сонымен қатар, шах Мұхаммед Реза Пехлеви тұсында Израиль АҚШ пен Иран арасында дәнекер қызметін атқарды. Иран мен Израиль барлық салада ынтымақтасқан, геосаяси тұрғыдан бір лагерьге жататын мемлекеттер. Ирандықтар Израиль университеттерінде техникалық білім алды, ал ірі еврей компаниялары Иранда үлкен нысандар салды.
1967 жылғы алты күндік соғыста Тегеран серіктестеріне мұнай эмбаргосын қоймаған жалғыз ел болды. Ал Мысыр, Иордания, Сирия, Алжир және Ирак Израильмен ынтымақтастықты тоқтатты.
1975 жылға дейін Израиль мен Иран күрд сепаратистерінің Ирактағы Баас режиміне қарсы бірлесіп күресті.
1970 жылдары Ирандағы діни қызметкерлердің дәрежесінің күшеюі маңызды кезең болды. Ислам революциясының болашақ жетекшісі Рухолла Хомейни Израильдің Иранда өзінің әскери базасын құрып, өмірдің барлық саласына еніп, араб әлемін жойып жатқанын ашық айтты. Бұл ойларды халық қолдады.
1978 жылы еврейлер өз азаматтарын Ираннан көшіре бастады және ұзақ мерзімді келісімдер тоқтатылды.
1978-1979 жылдары Тегеранда төңкеріс болды. Билеуші режим құлап, Хомейни билікке келді. Жаңа басшы көпшілік алдында еврейлерді қолдаған Батысты, «үлкен шайтан», ал Израильді «кіші шайтан» деп атады. Уақытша құрылған үкімет саяси жүйе бойынша референдум өткізіп, 1979 жылы сәуірде Иран өзін бірінші Ислам Республикасы деп атады. Ал Шах әулеті бас сауғалап, елден кетті.
Израильге қарсы ұрандар Иранның ықпалын бүкіл мұсылман әлеміне таратқан қуатты құралға айналды. Осылайша жанжалға діни реңк берілді. Ислам Республикасында еврей халқын жаппай қудалау басталды. Жаумен байланысқан маңызды тұлғалар өлім жазасына кесілді, еврей диаспорасы парламенттегі орындарынан айырылды.
Сөйтіп Тегеран мұсылман әлемінің еврейлермен бітімге келуіне қарсылық көрсету орталығына айналып, аймақта прокси бірлестіктерін құрды.
Фото: AP


Ең көп оқылған
