Таиланд пен Камбоджа шекарасында қарулы қақтығыс басталды

24 шілде күні таңертең Таиланд пен Камбоджа шекарасында қарулы қақтығыс басталды, деп хабарлайды Malim.kz euronews-ке сілтеме жасап.
Қарулы қақтығыс барысында авиация, артиллерия және реактивті залптық оқ ату жүйелері қолданылған.
MGR Online порталының мәліметінше, қақтығыс ежелгі Прэахвихеа храмының маңындағы даулы аумақта орын алған. Камбоджалық әскери бөлімшелер таиландтық бекіністерге тым жақын келген соң, Таиланд қарулы күштері қарсы шабуыл жасаған. Корольдік Әскери-әуе күштерінің F-16 жойғыш ұшақтары көкке көтеріліп, Камбоджа аумағындағы нысандарға соққы берген. Нысанаға 8-ші және 9-шы жаяу әскер дивизияларының бекіністері түскен.
Таиланд Қорғаныс министрлігі бұл әрекеттерді Камбоджа әскерінің, соның ішінде минометтермен жасаған шабуылына жауап деп мәлімдеді. Әскери қызметшілер мен бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар екені хабарланды.
Таиландтың Сурин провинциясындағы шекараға жақын ауылдардан кемінде 40 мың адам эвакуацияланды. Бір адамның қаза тауып, бірнеше адамның жараланғаны белгілі болды.
Камбоджамен шекарадағы барлық бақылау-өткізу бекеттері уақытша жабылды. Таиланд билігі ел азаматтарын Камбоджадан шұғыл эвакуациялауға шақырып отыр.
Айта кетейік, бұл аумақтағы территориялық дау бірнеше онжылдыққа созылып келеді және ежелгі храмдар маңындағы даулы аумақтарды қамтиды.
Қақтығыстың кезекті өршуі 2025 жылғы 28 мамырда басталды. Қарулы инцидент бейтарап аймақта болған. Камбоджа бір әскери қызметкерінің қаза тапқанын айтып, Таиландты келісімді бұзды деп айыптады. Бангкок бұл жауапкершілікті Пномпеньге жүктеді.
Екі тарап соңғы уақытқа дейін жағдайды ушықтырмауға тырысқанымен, шекарадағы әскери күштерін күшейтіп, тек дипломатиялық мәлімдемелермен шектеліп келген.
Аймақта мұндай ауқымды әскери іс-қимылдар соңғы рет 2011 жылы тіркелген болатын.
Фото: видеодан кадр

Ең көп оқылған
