Трамп: Путин Украина шабуылына жауап беруге мәжбүр болатынын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украина тарапынан ресейлік аэродромдарға жасалған шабуылды талқылағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Сөйлесу шамамен бір сағат 15 минутқа созылды… Бұл жақсы әңгіме болды, бірақ бірден бейбіт келісімге әкелетіндей емес. Президент Путин аэродромдарға жасалған шабуылға жауап беруге мәжбүр болатынын, әрі бұл шешімді өте қатаң түрде айтты», – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Оның айтуынша, тараптар Иран мәселесін де көтерген.
«Біз Иран туралы да сөйлестік, ядролық қару жөніндегі шешім қабылдау уақыты аяқталып барады… Мен Путинге Иранның ядролық қаруға ие болуына болмайтынын айттым және бұл тұрғыда екеуміздің ойымыз бір жерден шыққандай. Президент Путин Иранмен келіссөздерге қатысуға дайын екенін және бұл процестің жылдам аяқталуына көмектесе алатынын жеткізді. Меніңше, Иран бұл аса маңызды мәселе бойынша шешім қабылдауды созып отыр. Ал бізге бұл сұраққа нақты жауап өте қысқа мерзімде қажет!» – деді Трамп.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әңгіме болғанын растады.

Ең көп оқылған
