Зеленский Путиннің Мәскеуге шақырған ұсынысына жауап берді

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путиннің Мәскеуде келіссөз өткізу туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz «Украинская правдаға» сілтеме жасап.
Зеленскийдің айтуынша, Украина әрқашан кез келген форматтағы кездесуді қолдап келеді – үшжақты да, екіжақты да.
«Кездесу қажет. Бұл қалау емес, қажеттілік. Біз әрқашан келіссөздерге дайынбыз. Алайда Мәскеуге шақыру деген – кездесуді қаламайтын адамның әрекеті. Путиннің өзі де кездесуді кейінге қалдыруға тырысып жатыр», – деді ол 4 қыркүйекте Франциядағы баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге ол Путиннің мұндай пікір білдіруін «аз да болса оң белгі» деп бағалады. Бірақ әзірге Кремльдің соғысты тоқтатуға шынайы ниеті байқалмайтынын атап өтті.
«Мұндай деңгейдегі келіссөздер нәтижесіз өтпеуі тиіс. Ең басты нәтиже – соғыстың аяқталуы болуы керек», – деді Зеленский.
Еске салсақ, 3 қыркүйекте Бейжіңде өткен Жеңіс парадынан кейін Владимир Путин Зеленскиймен кездесуге дайын екенін, бірақ тек Мәскеуде ғана қабылдайтынын айтқан еді. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың екі елді келіссөзге шақырғанын растады.
Ал Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Путиннің ұсынысын «алдын ала орындалмайтыны белгілі талап» деп атады. Оның айтуынша, Аустрия, Ватикан, Швейцария, Түркия және Парсы шығанағындағы үш мемлекет келіссөз алаңын ұсынған.
«Бұл – шынайы ұсыныстар. Президент Зеленский кез келген сәтте дайын. Ал Путин болса, бәрінің басын қатырып, қабылдауға болмайтын талап қойып отыр», – деді министр.
Фото: x.com/ZelenskyyUa

Ең көп оқылған
