Трамп Путинге берген 50 күндік ультиматумын қысқартатынын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге Украинамен бейбіт келісімге келуге берген 50 күндік мерзімді қысқартатынын айтты. Бұл туралы ол Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz Fox News-ке сілтеме жасап.
"Мен Ресей президенті [Владимир] Путинге қатты ренжідім. Өте ренжідім. Оған берген 50 күндік мерзімді қысқартамын, себебі бұл істің қалай аяқталатынын қазірдің өзінде шамалап тұрмын", — деді Трамп.
Ол бұған дейін бірнеше рет Путинмен оқ атуды тоқтату қажеттігі туралы сөйлескенін, алайда Ресейдің әлі де Украина қалаларына шабуыл жасап, бейбіт тұрғындарды өлтіріп жатқанын атап өтті.
"Біз бұл мәселені бірнеше рет шештік деп ойладық. Бірақ кейін президент Путин шығып, мысалы, Киевке зымыран атып, қарттар үйінде немесе басқа жерде көп адамды өлтіріп тастайды. Көшеде мәйіттер шашылып жатады. Мұндайға жол беруге болмайды", — деді Трамп.
Дегенмен ол Путинге қанша күн қалатынын нақтылаған жоқ. Егер Ресей атысты тоқтатпаса, АҚШ ресейлік энергия ресурстарын сатып алатын елдерге 100%-дық кедендік баж салығын енгізетінін ескерткен. Бастапқыда ультиматум 3 қыркүйекте аяқталуы тиіс болатын.
Бұған дейін Кремль 50 күн ішінде соғысты тоқтатуға келіспейтінін білдірген еді. Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің үшінші кезеңінде Киев тамыз айының соңына дейін президенттер деңгейінде кездесу өткізуді ұсынған. Алайда Кремль өкілі Дмитрий Песков Путин тек "реттеу процесінің нүктесін қою" керек болғанда ғана келісетінін айтты. Оның сөзінше, бейбіт меморандумдардағы көзқарастар "бір-біріне мүлдем қайшы" және бұл күрделі үдерісті 30 күнде шешу мүмкін емес.
Reuters-тің Кремльге жақын дереккөздері хабарлауынша, Путин санкциялардың күшеюінен қорықпайды және Батыс оның талаптарын мойындамайынша, соғысты тоқтатпайды.
Фото: Joyce N. Boghosian / The White House

Ең көп оқылған
