Трамп Қытай басшысымен кездесуден кейін тарифтерді төмендетінін мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Malim.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Бұл — Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы бері екі ел көшбасшыларының алғашқы жүздесуі. Кездесуден кейінгі алғашқы пікірінде АҚШ президенті оны «ғажайып өтті» деп бағалады.
Дегенмен экономикалық шолушылардың жазуынша, Трамптың бұл жеңісті мәлімдемелері оның айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін білдірмейді.
Кездесу бір сағат 40 минутқа созылды — бұл АҚШ президентінің кестесінде жоспарланған уақыттан ұзағырақ болды. Оның қорытындысы туралы Трамп журналистерге ұшақ бортында айтты. Ал Си Цзиньпин әзірге пікір білдірген жоқ.
«Бұл ғажайып кездесу болды. Ол — ұлы көшбасшы», — деді Трамп.
Ол кездесуді 10 балдық шкала бойынша бағалап, «12 балл» қоятынын айтты.
Президенттің сөзінше, АҚШ Қытай тауарларына салынған барлық тарифтерді бірден төмендетеді. Бұл шешім Қытайдың АҚШ-қа фентанил есірткісінің құрамдас бөліктерін экспорттауды тоқтату шараларына айырбас ретінде қабылданбақ. Алайда Трамп жаңа баж мөлшерін нақтылаған жоқ.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Қытай америкалық соя бұршағын импорттауды қайта бастайды және сирек кездесетін металлдардың экспортына қойылған шектеулерді алып тастайды.
«Сирек металдар мәселесі толық шешілді және бұл — бүкіл әлемге қатысты мәселе… Бұл тек Америкаға емес, жаһанға ортақ жағдай. Қытай тарапынан ешқандай кедергі қалмады», - деді Трамп.
Фото: Reuters