Трамп: Украина Ыстамбұлдағы кездесуге бірден келісуі керек

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Украина билігін Ресеймен Түркияда өтуі мүмкін келіссөздерге жедел түрде келісуге шақырды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин Украинамен атысты тоқтату туралы ресми келісімге келуге дайын емес, алайда бейбітшілікке қол жеткізу жолдарын талқылау үшін бейсенбі күні Түркияда кездесу өткізуге ниетті.
«Украина бұған ЖЕДЕЛ ТҮРДЕ КЕЛІСУІ КЕРЕК. Ең болмағанда, тараптар келісімге мүмкіндік бар не жоқ екенін анықтайды. Егер ол мүмкін болмаса, АҚШ пен Еуропа жағдайды толық түсініп, тиісті әрекет ете алады», – деп жазды Трамп.
Сондай-ақ ол Украина тарапының келісімге келуге құлық танытпауы мүмкін екенін айтып, Ресей президентінің Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңісті тойлаумен айналысып жүргенін де меңзеді.
«Бұл Жеңіс АҚШ-тың көмегінсіз мүмкін болмас еді (тіпті жақын да емес!). Дәл қазір әрекет етіңдер!» – деді Трамп.
Трамптың пікірінше, бұл келіссөздер бейбітшілікке қол жеткізу жолын анықтауға көмектеседі. Егер келісім мүмкін болмаса, Батыс елдері келесі қадамдарын нақты жоспарлай алады.
Фото: whitehouse.gov