Трамп: Украинаға Patriot кешендеріне арналған зымырандар дәл қазір жеткізілуде

АҚШ Президенті Дональд Трамп Украинаға уәде етілген Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне арналған зымырандар жеткізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Олар қазірдің өзінде жөнелтіліп жатыр. Олар Германиядан жөнелтіледі, кейін Германия оларды өз қорларынан толықтырады. Барлық жағдайда АҚШ толық төлем алады», – деді Трамп 15 шілде, сейсенбі күні Эндрюс авиабазасында журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Бұған дейін Трамп Украинаға Patriot батареялары мен зымырандары «жақын күндері» жеткізілетінін айтып, жөнелтілуге дайын 17 Patriot жайлы мәлімдеген болатын. Алайда ол нақты не туралы айтып отырғанын (батарея ма, ұшыру қондырғысы ма) нақтыламаған.
Украина әскери барлау қызметі басшысының орынбасары Вадим Скибицкий бұл санға қатысты:
«Біз нақты білмейміз. Егер батареялар туралы айтылса, 17 – бұл өте көп. Ал егер ұшыру қондырғылары болса — мүмкін», – деп пікір білдірді.
14 шілдеде Трамп «маңызды мәлімдеме» жасап, егер Украинада бітім 50 күн ішінде орнамаса, Ресейге қарсы 100 пайыздық баж салығы түріндегі екінші реттік санкциялар енгізілетінін ескерткен.
Сондай-ақ ол Киевке жаңа қару-жарақ жеткізілімін уәде етті, оның төлемін еуропалық елдер өз мойнына алмақ.
Фото: U.S. Army/ABACAPRESS/picture alliance

Ең көп оқылған
