Украина мен Ресей кезекті рет тұтқын алмасты

Украина мен Ресей кезекті тұтқын алмасу туралы хабарлады. Бұл жөнінде сәл бұрын ресейлік БАҚ дереккөздері де мәлімдеген еді, деп хабарлайды Malim.kz.
Украина тарапынан бұл жаңалықты президент Владимир Зеленский растады.
«Бүгін Қарулы күштер, Ұлттық гвардия мен Шекара қызметінің жауынгерлері елге оралуда. Олардың көпшілігі 2022 жылдан бері тұтқында болған», — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Ресейдің Қорғаныс министрлігі болса, алмасу туралы былай деп хабарлады:
«2025 жылғы 26 маусымда Стамбулда 2 маусымда қол жеткізілген ресей-украин келісімдері аясында Киев режимінің бақылауындағы аумақтан тағы бір топ ресейлік әскери қызметкер қайтарылды. Олардың орнына Украина Қарулы күштерінің тұтқындары берілді».
Әзірге екі тараптан нақты қанша адамның қайтарылғаны туралы ақпарат берілген жоқ. Алайда, мәлімдемелерге фотосуреттер мен бейнематериалдар қоса жарияланған.
Фото: UKRAINIAN PRESIDENTIAL PRESS SERVICE VIA REUTERS


Ең көп оқылған
