Хаменеи Трамптың "Иран капитуляциясы" жайындағы талабына ескертумен жауап берді

АҚШ президенті Дональд Трамптың Ираннан «толық әрі сөзсіз берілуін» талап еткен мәлімдемесінен кейін Иран Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи Вашингтонға бағытталған қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Malim.kz dw.com-ке сілтеме жасап.
«Иранға қарсы бағытталған кез келген әскери әрекет сөзсіз әрі орны толмас залалға әкеледі», — деді ол 18 маусым күні телеарнадан оқылған үндеуде.
Хаменеи Трамптың талабын үзілді-кесілді жоққа шығарып, Иран халқымен «қорқыту тілімен сөйлесуге болмайтынын» баса айтты.
Оның сөзінше, ирандықтар «өздеріне күштеп таңылған соғысқа қалай қарсы тұрса, сондай табандылықпен мәжбүрлі бейбітшілікке де қарсы тұрады».
dpa агенттігінің хабарлауынша, ирандық мемлекеттік телеарналар бұл жолы Хаменеи бейнесін де, даусын да таратпаған.
Иран сыртқы істер министрлігі де өз мәлімдемесінде басқа елдерді Израильмен қақтығысқа араласпауға шақырды. Бұл туралы Иран СІМ өкілі Исмаил Багаи Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында айтып, үшінші бір елдің тікелей әскери араласуы «тұтас өңірді қамтитын, тіпті одан тыс жерлерге де жайылатын ауқымды соғысқа» әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Сонымен бірге, ол АҚШ-пен келіссөз мүмкіндігін жоққа шығармады, алайда Вашингтонға деген сенімнің толық жойылғанын айтты.
Бұған дейін Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Тегераннан «толық берілуін» күтетінін жазған.
Сондай-ақ АҚШ-тың Иран әуе кеңістігін толық бақылауда ұстап отырғанын айтып, Хаменеиға тікелей сес көрсеткен.
«Біз бұл “жоғарғы көшбасшының” нақты қайда жасырынып жүргенін жақсы білеміз», — деп жазды Трамп, оны «жеңіл нысана» деп атады.
Алайда, ол Хаменеи өлтірілмейтінін, «әзірге» ондай жоспар жоқ екенін де қоса айтты.
Фото: Office of the Iranian Supreme Leader/WANA/REUTERS

Ең көп оқылған
