Ыстамбұлда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер аяқталды

2025 жылғы 16 мамыр күні Ыстамбұлда Ресей мен Украина өкілдері арасындағы келіссөздер аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz dw.com сайтына сілтеме жасап.
Түркияның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, кездесулер шамамен бір жарым сағатқа созылып, соғыс әрекеттерін тоқтату жолдарын талқылауға бағытталған. Бұл – 2022 жылдан бері екі тарап арасындағы алғашқы тікелей келіссөздер.
Келіссөздердің нақты мазмұны мен нәтижелері әзірге жария етілмеді. «Интерфакс» агенттігіне сұхбат берген дереккөздің айтуынша, тараптар келіссөздер барысында үзіліс алған. Ал украиналық делегация өкілі келіссөздердің 16 мамыр күні жалғасуы мүмкін екенін, бірақ бұл жоспарланбағанын мәлімдеді.
Бұған дейін 15 мамырда басталады деп күтілген келіссөздер түрлі себептермен кейінге шегерілген болатын. Ресей президенті Владимир Путиннің 14 мамырда келіссөзге қатыспауы процестің тиімділігіне күмән туғызды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздерден елеулі нәтиже күтуге әлі ерте екенін, нақты шешімдер үшін Путин мен Трамптың бетпе-бет отыруы қажет екенін айтты.
Украина делегациясына жақын дереккөздің айтуынша, Ресей келіссөздерде «Украина өз аумағынан шегінуге тиіс» деген ультимативті шарттарды алға тартқан. Киев бұл талаптарды орындалмайтын әрі конструктивті емес деп бағалап отыр.
«Украина нақты бітімге және ешқандай алдын ала шартсыз бейбіт процеске дайын», – деді делегация мүшесі.
Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздер сәтсіз аяқталған жағдайда Ресейге қатаң шара қолдануды ұсынды. Ол бұл туралы 16 мамыр күні Албания астанасы Тиранада өткен Еуропалық саяси қауымдастық саммитінде мәлімдеді.
«Егер Ресей делегациясы шынайы шешімдер ұсынбаса, әлем қауымдастығы үнсіз қалмауы керек. Ресейдің энергетикалық компаниялары мен банктеріне қарсы санкциялар күшейтілуі тиіс», – деді Зеленский.
Сонымен қатар, ол Ресей басшысы Путинді делегацияға нақты мандат беруге шақырды.
«Путин келіссөзге “бос бастарды” жіберді. Бұл – дипломатияны мазақ ету», – деп түйіндеді Украина президенті.
Фото: Turkish Foreign Ministry/AFP