Зеленский Канадағы G7 саммитінен уақытынан бұрын кетіп қалды

Украина президенті Владимир Зеленский Канадада өтіп жатқан «Үлкен жетілік» (G7) саммитінен мерзімінен бұрын шығып, еліне оралды. Ол сапар бағдарламасын қысқартты, деп хабарлайды украиналық «Суспiльне» және канадалық CBC арналары делегациядағы дереккөздерге сілтеме жасап.
CBC тілшісіне сұхбат берген украин делегациясының өкілдері Зеленскийдің сапарды аяқтау туралы шешімі Ресейдің Киевке жасаған соққыларымен байланысты екенін айтты. Бұл шабуылдар 20-дан астам адамның өмірін қиған. Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамптың да Канадан ерте кетуі бұл шешімге әсер еткен.
Дональд Трамп Канададағы Кананаскис қаласында өткен саммитке қатысуын 16 маусым кешке тоқтатып, АҚШ-қа оралды. Ақ үй мұны Таяу Шығыстағы жағдаймен байланыстырды. 17 маусымда Трамптың Зеленскиймен кездесу өткізуі жоспарланған болатын.
17 маусымға қараған түні Ресей күштері Киевтің бірнеше аудандарындағы ондаған нысанды – тұрғын үйлерді, білім беру мекемелерін, маңызды инфрақұрылым объектілерін зымыранмен атқылады. Соломен ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйге бір зымыран тиіп, бүкіл подъезд опырылып түсті. Құтқарушылар үйінді астынан 21 адамның мәйітін алып шықты, іздестіру жалғасуда. Киевке жасалған шабуылдан көз жұмғандар саны 26 адамға жетті, тағы 134 адам жарақат алғаны белгілі. 18 маусым Киевте аза тұту күні болып жарияланды.
Фото: Suzanne Plunkett/AP/dpa/picture alliance

Ең көп оқылған
