Зеленский: Украина үстінен Венгрия дрондары ұшқан болуы мүмкін

Зеленский Украина үстінен Венгрия дрондарының ұшуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Киев Венгрияны Украинаға қарсы барлау жүргізу үшін БПЛА қолданды деп күдіктеніп отыр. Ал Венгрия тарапы Зеленскийге «елестеп жүр» деп жауап берді.
Украинаның Қарулы күштері (ҚКУ) елдің батысында әуе кеңістігінің барлау дрондарымен бұзылғанын тіркеді. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский жұма күні, 26 қыркүйекте, украин әскери ведомстволары басшыларымен өткен кеңестен кейін хабарлады. Кеңесте оған тиісті есеп ұсынылған.
Оқиға Украина–Венгрия шекарасына жақын жерде болған, ал дрондар «мүмкін, венгриялық» болған, деп жазды Зеленский өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында. Әскерилердің алдын ала бағалауынша, БПЛА «Украинаның шекара маңындағы аудандарының өнеркәсіптік әлеуетіне барлау жүргізген».
Украина президентінің айтуынша, ол қолда бар деректерді қайта тексеруді тапсырған.
Бұған дейін, мамыр айында, Украина Қауіпсіздік қызметі (СБУ) елде Венгрия әскери барлау қызметінің тыңшылық желісін әшкерелегенін хабарлаған еді. Осыған байланысты Киев пен Будапешт арасындағы қарым-қатынас тағы да шиеленісе түсті.
Фото: Efrem Lukatsky/AP Photo/picture alliance