freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Алты жылға сотталған Жақсылық Омар сотқа апелляциялық шағым түсірді

Құқық
Алты жылға сотталған Жақсылық Омар сотқа апелляциялық шағым түсірді
Фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омар өзіне шығарылған үкімге апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Сот кабинетіндегі мәліметтерге сәйкес, апелляциялық сот отырысы 20 мамыр күні сағат 11:00-де өтеді. Сот қаулысында айыпталушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалғаны айтылған.

Еске салайық, 3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жақсылық Омарды алаяқтық және пара алу фактілері бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сондай-ақ сот шешімімен оның Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, іс екі эпизодтан тұрған:

  • Автокөлікке қатысты алаяқтық. Тергеу мәліметінше, Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі қызметінде жүрген кезінде танысын кәсіпорын атынан демеушілік көмек ретінде көлік рәсімдеуге көндірген. Кейін Toyota Camry 75 көлігі үшінші тұлғалардың атына ауыстырылып, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа автокөлікке алмастырылған. Келтірілген шығын көлемі – 13 миллион теңге.
  • 20 миллион теңге көлеміндегі пара. Айыптау тарапының дерегінше, экс-шенеунік қала әкімдігі қызметкерінен «жалпы қамқорлығы» үшін 20 миллион теңге талап еткен. Қызметкер бұл туралы ҰҚК-ге хабарлаған. Арнайы операция барысында күдіктіге 6 миллион теңге көлеміндегі алғашқы транш берілген.

Сот барысында Жақсылық Омар кінәсін толық мойындаған. Соңғы сөзінде ол соттан бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлмен алмастыруды сұрады.

«Маған бәрін ой елегінен өткізуге жеткілікті уақыт болды. Ең ауыры – ешнәрсені кері қайтара алмайтыныңды түсіну. Мемлекетке масыл болғым келмейді, керісінше өз үлесімді қосқым келеді. Қарызға батсам да, айыппұлды төлер едім», – деді ол.

Айта кетейік, Жақсылық Омар 2025 жылдан бері ШҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Оған дейін бірнеше жыл Өскемен қаласының әкімі болған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу