freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Аналары бөлек балалар": Айгүл Иманбаева бұрынғы күйеуінің отбасы туралы ашық айтты

Қоғам
"Аналары бөлек балалар": Айгүл Иманбаева бұрынғы күйеуінің отбасы туралы ашық айтты
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Танымал әнші Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарының сұрақтарына жауап беріп, аналары бөлек, әкелері бір балалардың қарым-қатынасы туралы ойын білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқырмандарының бірі өз тәжірибесіне сүйеніп, екі анадан туған балалардың бір-бірін туған бауырындай қабылдауы қиын деген пікір жазған.

Айгүл Иманбаева бұл оймен белгілі бір деңгейде келісетінін айтып, әкелері бір балалардың арасындағы туыстық байланыстың маңызын атап өтті.

"Сіздің ойыңызбен толықтай келісемін. "Сүйеуі бір, қаны бір" бауырлар үшін аналарының бөлек болуы араға суықтық түсірмеуі тиіс. Өйткені әке бір болғандықтан өріс те, тектік тамыр да бір болып қала береді. Тәрбие мен көзқарастың әртүрлілігі араласуға бөгет емес, керісінше бір-бірін толықтыруға мүмкіндік береді", – деп жазды әнші.

Өнер иесінің пікірінше, ата-ананың тәрбиесі мен өмірлік көзқарасы әртүрлі болғанымен, бұл бауырлардың бір-біріне жақын болуына кедергі келтірмеуі керек.

Еске сала кетейік, Айгүл Иманбаева отбасылық өміріндегі маңызды күндерді еске алып, жұбайымен бірге екі жыл бұрынғы ерекше сәтке қайта оралған еді.

Айгүл Иманбаева кім?

Айгүл Серікқұлқызы Иманбаева – қазақ эстрадасы мен театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған танымал әнші, актриса, тележүргізуші және продюсер. Ол 1977 жылғы 15 наурызда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Кенен ауылында дүниеге келген.

Өнерге деген қызығушылығы ерте жастан байқалып, мектеп қабырғасында жүргенде музыкамен айналысып, баян аспабын меңгерген. Кейін шығармашылық жолын кәсіби деңгейде жалғастыру үшін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, 1994-1998 жылдары білім алды. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Айгүл Иманбаева шығармашылықпен қатар педагогикалық қызметке де араласты. Ол Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде ұстаздық етіп, жас таланттардың қалыптасуына үлес қосты. Сонымен бірге Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса ретінде еңбек етті.

Театр сахнасында өнер иесі "Қыз Жібек", "Пай, пай, жас жұбайлар-ай", "Таланған тағдыр", "Алма бағы", "Көгілдір такси", "Желтоқсан желі" сынды қойылымдарда түрлі кейіпкерлерді сомдап, актерлік шеберлігімен көрерменнің ықыласына бөленді.

Айгүл Иманбаеваның кең аудиторияға танылуына 2001 жылы "Хабар" арнасында көрсетілген "Ұят болмасын" бағдарламасы ерекше ықпал етті. Ол жүргізушілік қабілетімен, тапқырлығы және әзілге жақындығымен көрерменнің көңілінен шықты. Сол жылы республикалық әзіл-сықақ байқауында әншілерге жасаған пародиясы үшін бас жүлдені жеңіп алды.

Өнер иесі кино саласында да бірқатар рөлдерді сомдады. 2004 жылы түсірілген "Человек ветер" фильмінде Шолпан бейнесін, кейін "Сүйінші" фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының рөлін, ал "Ғашық жүрек" картинасында Майра Итаяқованың образын көрерменге ұсынды.

Айгүл Иманбаева әншілік мансабын да қатар дамытып, қазақ эстрадасында өзіндік орын алды. Оның репертуарында ондаған ән бар. Бірнеше бейнебаян түсіріп, 2007 жылы "Таңғы елес" атты алғашқы жеке шығармашылық кешін өткізді.

Өнердегі еңбегі жоғары бағаланып, 2006 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді. Ал 2011 жылы өзінің "А.И" драма театрын ашып, продюсерлік және театрлық қызметке жаңа серпін берді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева бүгінде театр, кино және эстрада салаларында белсенді еңбек етіп жүрген көпқырлы өнер иелерінің бірі саналады. Оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі қазақ мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу